Қазақ халқының ниеті ақ түстен жаралған...

Бүгін, 17 наурыз елімізде бекітілген «Наурызнама» бойынша «Мәдениет күні» деп аталыпты. Осы орайда, редакцияға Философия ғылымдарыңың докторы, профессор, ҚР ҰҚК Шекара академиясының профессоры Малтабарова Күмісбала Ищанқызын шақырып отырмыз...
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Бүгін, 17‑наурыз Мәдениет күні екен. Сізді еліміздегі белгілі мәдениеттанушы, философ ретінде осы мәселе бойынша кешенді ойларыңызбен бөлісуге шақырып отырмыз. Алдымен «мәдениет» категориясының мазмұнын ашып алған дұрыс болар, қалай ойлайсыз?
Күмісбала Ишанқызы:
– Әрине, алдымен айтылар ойдың мазмұнын түсіну қажет. Жалпы, адамзат тарихында мәдениет күрделі феномен ретінде адам болмысының темір өзегі болып тұр. Бүгінде мәдениет өндірістік, әлеуметтік, рухани, жалпы өмірдің барлық жағына еніп, адамзаттың жалғыз үмітіне айналды. Мәдениет араласпайтын өмір саласын елестету қиын. Адам ғұмырын қоршаған табиғи ортадан бөлек алып қарай алмайтынымыз сияқты, оны мәдениет жауһарларынсыз қарастыра алмаймыз. Онсыз өмір мәнсіз, мағынасыз тым сұрқай көрінер еді. Ендеше, мәдениетке ұмтылыстың ар жағында адами болмысқа ғана тән ерекше қасиет – еркін ойлауға, еркіндікке, бостандыққа құлшыныс жатыр.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Мәдениет субъективті, сезімі деңгейін қамтитын құбылыс екені анық. Сондықтан, мәдениетті жеке‑дара феномен, өз бейнесі бар, аристотелдік мағынадағы еркін сана эманациясы десек бола ма?
Күмісбала Ишанқызы:
– Мәдениет – бостандықтың түп-тамыры, бостандық, егемендік – мәдениеттің аңсар ауасы, көктемнің жұпар лебіндей саф тұныққа шақыратын, адам рухын ұшар биіктерге қанаттандыратын ғарыш әлеміндей ғажайып кеңістік. Еліміз егемендік алғалы бері біз рухани әлемімізде осындай кеңістіктерге жол ашқандаймыз ‑ ғарыштық шексіздіктің өзі еркіндік сүйгіш қазақ елінің мың жылдан бері көксегені емес пе еді?
Мұндай кезеңдерде ата-бабаларымыздың өмiр салтының өмiршең де жемiстi болу себебi, бұл дүниетаным, тұрмыс-салт айналаны қоршаған тарих, табиғат, ғарышпен әбден үйлесiм тапқандығына назар аударған жөн . Қазақ үшiн өмiр‑болмыс пен тұрмыс философиясы әу бастан-ақ өзара тығыз байланыста едi. Әр нәрсенiң көп мағынасы, дәлiрек айтқанда, бiрнеше қыры болады. Ендеше, қазақ болмысының, оның мәдениетінің де мiндеттi түрде философиялық танымы, мән-маңызы бар.
Бұған ұлтымыздың өзiндiк ерекшелiгi бар тұрғын жайлары: қазақ үй, оның безендiрiлуi, киiм-кешектер, аяқ-киiмдер, ыдыс-аяқтар, ер-тұрман – ат әбзелдерi, арба-шаналар, еңбек құралдары, қару-жарақ, сауыт-сайман т.б. жатады. Мiне осылардың бәрiнен де философиялық таным, эстетикалық талғам көрiнедi.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Иә, қазақ мәдениеті оның тұрмыс‑тіршілігімен тығыз байланыста дамыған. Әрине, ол ұлттық дүниетанымға зор әсер еткен.
Күмісбала Ишанқызы:
– Біздің ата-бабалырымыз өздерiнiң өмiрлiк мәселелерiнiң эстетикалық, психофизикалық, экологиялық т.б. көпшiлiгiн қарапайым да қисынды жолдармен шеше бiлген. Ең қарапайым әрi дана шешiм табиғатқа қол сұқпау, оны жауламау, керiсiнше табиғатпен мұрат-мүдделес, қызметтес болу, оның тәжiрибелерiн игерiп, қайталау, одан үйрену едi: табиғатты қайталау, онда болып жатқан үдерістердің iзiнен ерiп отыру, өмiр кешудiң ең тиiмдi, адамгершiлiктi және талғамды түрi болып шықты.
Күн, ай, аспан күмбезi, көкжиек, қазақтардың дүниетанымында шеңбер рәмізінің үлкен орын алуын айқындады. Еуропалық санада шеңбер ұғымы көп ретте қиын жағдайды бiлдiредi. Мысалы, «тұйықталған шеңбер», «кесел шеңбер», «тозақ шеңберi» сияқты бейнелi сөздер жағымсыз құбылыстарды сипаттауға қолданылады.
Қазақтарда шеңбердiң мәнi бұған мүлдем қарама-қарсы. Халық арасында кең айтылатын «айналайын» сөзiнiң мағынасы да өте терең. Мағынасына зер салсақ, бұл сөз – қолдау, мақтау, сүю, тiптi, жақыны үшiн басын беру деген ұғымды бередi.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Қазақы түсініктегі «шеңбер», менің ойымша, аспан әлемімен тығыз байланыста сияқты. Мұнда, «Аспан ‑ алып шеңбер, ал, оның астында барлық тіршілік атаулы тұр» деген мағына беретін сыңайлы. Олай болса, «шеңбер – түпсіз тұңғиық, тереңдік» деген емес пе екен? Сіз қалай ойлайсыз?
Күмісбала Ишанқызы:
– Шынтуайтуында келгенде тарих жолы сан тарау. Қазақ мәдениетінде шеңбер тәрізді шаңырақтың жөні де қашанда бір бөлек. Сондықтан да халқымыз айтар ең жақсы тілек – «Шаңырағың биік болсын!». Бір қарағанда қарапайым, жиналмалы қазақы үйдің бүкіл бөліктері құрастырмалы, тек шаңырақтың ғана тұтас болуы рәміздік мәнге ие, оның мағынасы – айшық түрлілігінде, ал айшықтың тек христиан дінімен байланысты екеніндігіне күмән бар. Сондықтан болар, қазақ үшін ұрпағын жалғастырушы, тағдырына жазылған кең де биік шаңырағының болашақ иесі – ұл баланың өмірге келуі өте маңызды.
Ең үлкен адами бақытқа жетудің түп бастауы – алдымен отбасын құру, одан соң балалардың өмірге келуі болса, мына ғаламның біртұтастығы іспеттес әрбір отбасындағы қарым-қатынас үйлесімдігі осы жиынтықтардан тұрады. Ал ер жігіт – буындар арасындағы дәнекер, әулеттің, шаңырақтың отағасы. Ол түптің түбінде өз шаңырағының иесі мен киесі, ол – келешек ұрпақ тамыр жаятын бәйтерек. Ол – отбасы даналығының сақтаушысы, мұны «әкеден – ақыл, анадан – мейір» дейтін халық мақалынан көреміз.
Қазақ мәдениетінде әке бейнесі асқар таумен бейнеленетіні тегін емес, өйткені отбасында бәрі әке биігі мен әке билігіне бағынады. Жоқтау айтқанда қазақтар әкені неліктен асқар тауға теңейтіні өз-өзінен түсінікті. Айтпақшы, мұндай рәміз басқа халықтарда да кездеседі. Соған қарағанда олар да біздің бабаларымыз сияқты дүниетанудың түп бастауынан-ақ «еркексіз отбасы» өзінің тамырын жоғалтатынын түсінген.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Иә, қазақтың «туыстық қатынастар жүйесінің» өзі тұтас бір ерекше философиялық консепция деуге тұрарлық. Онда әр буынға, әр бұтаққа, әр тармаққа ерекше мән беріледі мәселен, «құдалық қатынас», «ағайындық қатынас», «бауырлық қатынас», «қыз бен ұл арасы» және т.т. Осылардың бәрі халқымызда «мәдени қалып» ретінде реттелген, халықтың өмір сүру ережесінің негізіне айналған. Осыны игеру оңай ма?
Күмісбала Ишанқызы:
– Адамдар арасындағы аяулы да жүрекжарды қарым-қатынастардың түп себебін қазақ мәдениетінің қойнау-қатпарларынан іздесек болады. Жақыны үшін «етінен ет кесіп беруден» тайынбайтын қазақ үшін «бауыр» – ол бауыр еті. «Адам жаны жүректе де, мида да емес, бауырда жатыр» деп түсінетін қазақ ата баласы үшін бауырдан қасиетті ұғым жоқ. Бауыр дегеніміз – адам бойын жиналған удан тазалайтын, гормондар айналысын қалыпқа келтіріп отыратын сүзгі. Осылай кете береді...
Сөз сүйегін танитын, сөз құдіретіне сенетін аталарымыз өзара қарым-қатынастарын да осылайша сөз мағынасынан іздеп тапқан. Осы тұрғыда, менің пікірімше, бір нәрсе ақиқат ‑ игі ниет, ізгі ойлардың бәрі де адам болашағына жарығын түсіріп, нұрын шашады. Сондықтан қазақтар ақ бата беріп, ақ жол тілейді. Ал арулар, ақындар тілімен бейнелеп айтқанда, ақсәулемен, аққумен теңестіріледі. Ал Қыз Жібектің сұлулығы оның тәнінің ақша қардай ақтығымен бейнеленеді.
Бәлкім, шынында да қазақтар арасында айтылатын боз бие, боз қошқарды, ақ киізді қастер тұтуға байланысты ұғымдардың, ақ түстің күн шұғыласын кері шағылыстырып, ғарыштық радиацияны өзіне аз қабылдайтынымен қатысты шығар. Бұл ұғым осы күнге дейін, жемістілігін былай қойғанда, мазмұндық жағынан да мәдени танымдық ғылыми әлеуетін толықтай танытып болған жоқ.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Ол үшін оған тек қана қазақы дүниетаныммен қарау керек шығар. Өйткені, осы мәселелерге өзге бір халықтың мәдени қалыбымен қарасақ – тіптен басқа қорытынды шығуы мүмкін. Оның айқын көрінісі ретінде, мен «шет елден діни оқу оқып, солардың мәдениетін меңгерген» кей жас діни қызметкерлердің сана‑сезімінің қазіргі қазақ салт‑дәстүріне қарсы келіп жатқанын, олардың ұлттық құндылықтарды «терістеп» жатқанын айтар едім. Осы мәселеге қалай қарайсыз?
Күмісбала Ишанқызы:
– Жалпы, әр халық өзінің өмір сүру ареалына сай дүниетанымын қалыптастырады. Ол – объективті процесс. Бұл философиялық толғанудың ерекше саласы. Ежелгі кезеңнен әртүрлі символдар танымның таңбасы ретінде түрлі халықтар санасында ерекше орын алғаны белгілі. Бұ жолы мен «ақ» түсінігіне тоқталайын: мысалы, бір мағынасында ақ түс солтүстіктің белгісі, жыл мезгілінің анықтамасы ретінде қыс кезінің анықтамасы.
Ал сананың абстрактылық анықтамасына келсек, онда ақ түс бейбітшілік, тыныштық ұғымын білдіреді. Сондықтан болар шығыс халықтары ақты өте оңды, адамның арманының белгісі деп ақ түсті киімге үлкен мән береді, демек ол – тазалықтың, адалдықтың, ақиқаттың, аман-есендіктің рәмізі.
Осы тұрғыда ақ түстің үш негізгі мазмұны бар. Біріншісі - дүниеге келу, жасампаз болу. Сондықтан болар нәресте дүниеге келгенде-ақ жөргекке орайтынымыз. Демек, адам дүниеге келгенде оның санасы таза, ешбір күнәмен қорланбаған деген ұғымда. Екіншісі – адам өмірі, ондағы сананың тазалығына деген ұмтылыс. Ал сананың тазалығы адамның денесінің, киімінің тазалығын айқындайды. Осыдан шығыс халқында сананың тазалығының нәтижесінен – дәрет алу, ізгілікті іс-әрекет жасау тұрақты орын алады. Үшіншісі – өмір мен өлім, өмірдің бастауы мен соңын белгілейтін екі абсолютты қарама-қайшылықтың рәмізі.
Жалпы алғанда түстердің арсеналында түссіздік жоқ. Түссіздік – ол қуыстық, бояудың жоқтығы. Мысалы, Әл-Фарабидің пікірінше, басқа бояудың жоқтығы әрбір бояуда жасырылып тұр, бірақта ақ бояудың болуы қараның жоқтығы емес.
Демек «түр» деген түсінік ақиқаттылықтың ең сәтті ұғымы. Кең мағынада алсақ, бұл ұғым – жарық дүние. Осы тұрғыда діни жазбаларда да жарық мазмұнын түсіндірудін өзіндік мәні бар. Жарықтың қай кезде пайда болғанын атап көрсетпесе де, бірақ та, бірінші күні жарық түнектен айырылғаны және одан кейін күн, жұлдыздар пайда болғаны аталады. Сонда жарық дүние болғандықтан түрлі түстер болады. Солар арқылы әлем өзгешеленеді. Бізге маныздысы – әлем жарықтан пайда болғандықтан, сол әлеммен үйлесімді өмір сүрген біздің ата-бабаларымыз ақ түсті жарық дүниемен теңестіріп, оған терең мән-мағына бергендігі. Сондықтан да болар ақ түс қазақ фольклорының дәстүрлі элементі болғандығы. Ақ түстің рәмізінде қазақ халқының адалдық жөнінен қарастырылатын тазалық туралы түсінігі айқындалады. М.М Әуезов «Времен связующая нить» атты еңбегінде айтқандай: «Жоғары мораль, адамгершілік, сұлулық ұғымдары «ақ» (белый) деген анықтамамен жанамаланады».
Ендi бүгiнгi қазақтарға, әсіресе жас ұрпаққа ата-бабаларымыздан қалған осы мұраларымызды баға жетпес байлықтарымызды білу парыз. Сабағынан үзiлiп түскен алма Ньютонды гравитация теориясын (тар тылыс заңын) ашуға итермелесе, ертеде адамдар өз өмiр сүру тәсiлдерiн үзiлмес бiрлiкпен және дүниенiң тұтас бөлiнбес бөлшегiмен байланыстырды. Қазақтардың ғасырлар бойы жинақталған дүниетанымы әлi Дүние құрылымы мен Дүниебiлiмiнiң бiртұтас көрiнiсiне жинақталған жоқ. Әлi әртүрлi, бытыраңқы жағдайда тұр. Бiрақ, мәдениеттiң негiзi сақталған. Ол қоғамның логикалық таным мен рациональды бiлiмнiң алдында жекеше артықшылығын дәлелдейдi. Ал бұл үмiт ұялатады.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Күмісбала Ишанқызы, бүгінгі берген сұхбатыңызөте маңызды болды деп ойлаймын. Бұл сұхбат наурызнама күндерімен байланысты ұйымдастырылғандықтан, сіз де «ақ түс философиясына» көбірек көңіл бөлдіңіз‑ау деп пайымдадым. Себебі, барша қазақ Наурыз күні бір‑біріне «Ақ мол болсын!» деп тілейді. Оның да астары өзінше бір философиялық пайым. Алайда, біз сұхбат көлемінде оны ежгей‑тежгейлі айту мүмкін емес, әрі ол сұхбаттың жүгі емес. Сізге, сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз.
Күмісбала Ишанқызы:
– Сіздерге де сәттілік тілеймін. Елімізді Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ақ мол болсын!
Abai.kz