Дүйсенбі, 17 Наурыз 2025
Деп жатыр 156 2 пікір 17 Наурыз, 2025 сағат 14:11

Трамп Путинмен 18 наурызда сөйлесетінін айтты

Сурет: Suptnik Беларусь сайтынан алынды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен сейсенбі, 18 наурыз күні сөйлесуді жоспарлап отыр. Бұл хабарды Трамп журналистерге Флоридадан Вашингтонға ұшып бара жатқан кезде ұшақта айтты, деп жазды Reuters.

Трамптың сөзінше, өткен демалыс күндері көп жұмыс атқарылған.

"Бұл соғысты тоқтатуға шамамыз келе ме, соған көз жеткізгіміз келеді. Мүмкін келер, мүмкін келмес. Бірақ менің ойымша, бізде өте жақсы мүмкіндік бар", – деген АҚШ президенті.

Журналистермен әңгіме барысында Трамп келіссөздерде сонымен қатар "жер" мен "электр стансалары" туралы талаптар болатынын атап айтты. Бұл сөз қазіргі таңда Ресей әскері басып алған аумақта орналасқан Запорожье атом электр стансасы жайлы болуы мүмкін, деп топшылады британдық ВВС медиасы.

"Менің ойымша, бұл жайттардың көбі қазірдің өзінде екі тараптың – Украина мен Ресей арасында талқыланып жатқан болуы мүмкін. Біз қазір осы мәселелерді, соның ішінде белгілі бір активтерді бөлу жайын да айтып жатырмыз", – деді Дональд Трамп.

16 наурыздда Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф АҚШ президенті Ресей басшысымен Украинадағы соғысты аяқтау және келісімге қол жеткізу жөнінде осы аптада сөйлесуі мүмкін деп айтқан. Уиткофф жақында Мәскеуде болған, ал оған дейін Сауд Арабиясындағы Жидда қаласында АҚШ пен Украина делегациялары арасында өткен келіссөзге қатысқан.

Мәскеудегі келіссөздерді Трамптың арнайы өкілі "позитивті" деп бағалап, Ресей мен АҚШ арасында "позициялар жақындай" түскен деп мәлімдеген.
Жиддадағы кездесудің қорытындысы бойынша Киев Вашингтонның ұсынысын – Ресеймен соғысты 30 күнге толық тоқтата тұру туралы бітім жасасуға келіскен. Бұл мерзім кейін тағы ұзартылуы мүмкін. Путин бұл идеяны принципті түрде жоққа шығарған жоқ, бірақ Мәскеудің бірқатар талабымен байланысты "кейбір нюанстар" барын айтқан.

Әзірге екі тарап атысты тоқтату туралы ешқандай бітім жасаған жоқ, Украинада соғыс жалғасып жатыр. Киев Мәскеуді бітімге келуге құлықсыз және қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қарсы деп айыптап отыр.

Abai.kz

2 пікір