Сәрсенбі, 16 Сәуір 2025
46 - сөз 4192 6 пікір 19 Наурыз, 2025 сағат 11:34

Ортекенің де ораза ұстайтынын білесіз бе?

Сурет: Bilim-all.kz сайтынан алынды.

Қазақ аттың құлағында ойнаған жігітті ортекеге теңеген. «Ортекедей орғыған оңға-солға» деп басталатын бұл ойнақы әнді ертеректе Роза апамыз жиі айтатын. Сол ортекеміз қазір халыққа таутеке деген атпен мәлім. Кейде «тау ешкісі» деп те атайды. Таутеке – ешкі тұқымдасына жататын аша тұяқты жануар. Денесінің ұзындығы – 160 см, биіктігі – 100 см, ал салмағы 100 кг. Мүйіздері қылыш тәріздес қайқы. Текесінің мүйізі жуан әрі ұзын. Қойдан айырмашылығы – дене тұрқы үлкендеу және ешкі секілді жылдам қимылдайды.

Желтоқсан айында ортекелер, арқар, тау ешкілері жеке-жеке шағын топтарға бөліне бастайды. Бұл «Текебұрқылдақ» амалының таянғанын білдіреді. Желтоқсанның ақырғы онкүндігінде қазақ даласында қатты боран соғып, ауа-райы өзгереді. Қар бұрқап, боран соғып, күн суытады. Дәл осы кезеңде тау текесі маталады. Яғни, 2-3 күн ішінде киіктің күйегі жүреді. Осы уақыт аралығын «Арқаржалақ», «Текебұрқылдақ» амалы басталды деп есептейді. Үй жануарлары қошқар мен текеден күйек шешіліп, оның ауызына бидай, тары құйып «Төл көп болсын» деп саулықтарды ұрықтандыруға қосады. Жабайы аңдардан Арқар, Құлжа, Тәутеке үйірге түсер алдында биік жартасқа шығып алып, қауіпсіз жерді мекендеп, жайылмай тас жалап, денесіндегі майын арылту үшін, екі жұмадай жартаста жатады. Қазақ есепшілері оны «Арқаржалақ» деп атайды. Қаңтар айының басында Үркер шоқ жұлдызына бас беріп жатады да, Үркер батқан кезде тастан атылып шығып, ұрғашы саулықтарға қарай ұмтылады. Кейбірі өлерменденіп тастан үшып өледі. Кейбірі саулыққа таласып сүзісіп жараланады. Бұлар бір ай шамасында табандарын шөпке, жұмсақ жерге тигізбей қатты тасты басып тұрып, денедегі майын арылтады. Осының бәрі үйірге түсуге, ұрпақ жалғастыруға арналған қошқар, текелердің әрекеті. Оны қазақ «Тасбасты» деп атаған. Соған дейін Арқар, Таутеке, Құлжалардың теке-қошқарлары үйірге түспейді. Бұл аңдардың табиғый сұрыпталатын жаратылыс берген заңы.

Әне, Үркер шоқ жұлдызын адам баласының есепшілер ғана емес, жабайы аңдар да, өзінің жаратылыстық әрекетіне пайдаланады. Табиғат әулиесі қазақ есепшілері жұлдыздық амалдарды да, дұрыс есептей білген.

Аша тұяқтылардың ішіндегі ұзын сүйрік сақалды, аязға өте төзімді ең биікке көтерілетін жануар небір табан тұрмас тайғанақ құздарда тастан тасқа 3-3,5 м. биіктен емін-еркін секіреді. Өздері өте ақылды және сақ келеді. Үйірімен 35-40 басқа шейін жайылғанда біреуі биік тастың басында күзетте тұрады, қауіп төнгенде аяғын тасқа ұрып, шақылдатып, «қашыңдар» деп белгі береді. Таудың биік жартасты аса қиын жерлерін мекендейді. Арқардың негізгі екі жауы – қасқыр және адамдар. Содан кейін – сілеусін мен аю. Қарлы шыңдардың патшасы Қар барысының негізгі жемтігі де осы тау ешкілері. Қар барысы тауешкілердің күзетшісі іспетті, оларды бағып жүреді. Жыртқыштың тырнағына тек қартайғандары, аурулары не жас лақтары ғана ілігеді. Тұтқиылдан баспаса, бұл жануардың жылдамдығына шаң да ілеспейді.

Қазақ даласында 16 мыңнан астам арқар қалған. Негізгі қонысы – Тянь-Шань, Памир, Алтай тауларында тіршілік етеді. Барлық Орта Азия елдерінде оның он түрі болса, соның бесеуі қазақтың дархан даласына бейімделген. Қазақстанда оның алты түрі мекендейді. Алтай, Қызылқұм, Қазақстан, Тянь-Шань, Қаратау және Үстірт арқары.

Халқымыз оны қойға ұқсас жануарға балап, асқан мейірімділікпен қараған. Ол – қазақы сипатқа, қазақ табиғатына бір табан жақын аң. Күз айларында еркектері «ұрпақ жалғастыру мәртебесіне» ие болу үшін қызыл қанға боялғанша мүйіздеседі. Әдетте ең мықты, дені сауы ғана бұл мәртебеге қол жеткізіп, бір үйір «гаремге» ие болады. Осы табиғи сұрыптау арқылы олар өздерін сақтап, ұрпақ қалдырады. Сәуір, мамыр айларында лақтайды. Әдетте бір не екі лақ туады. Лақтары сүтпен де, шөппен де қоректеніп, бір айдан соң анасымен жайылымға шығады. Таутеке тау белдеулеріндегі шағын жайылымдарда таңертең, кешке жайылады. Күндіз ыстықтан қорғанып, жартастардың астына жасырынады. Қыс айларында таудағы қалың қарға омбылап, тамақ табуы қиындаған кезде бөктерге түседі. Әр алуан шөптесін өсімдіктердің бүршіктерімен, жапырақтарымен қоректенеді. Таутекенің еті адал, жеуге болады, ал терісінен тон тігеді. Мүйізін қолға түсіргендер сәндікке қабырғаға іліп қояды. Саны жылдан-жылға азайып келе жатқан киелі жануарлар қазір Алматы қаласымен іргелес жатқан Іле Алатауында, Алматы Ұлттық саябағы қорығында ерекше қорғалатын аймақты мекен етеді. Бұл табиғи кешендерде таутекені аулауға тыйым салынған.

Тау шатқалдарында жиі кездесетін бұл аңның құрметіне Алматы облысындағы үлкен елді мекен Текелі деп аталады. Таутеке Оңтүстік Сібір, Орта және Орталық Азия тауларында, оның ішінде Қазақстанның Жоңғар, Кетпен, Теріскей, Күнгей, Іле Алатауларында 2500-5000 м. биіктікте кездеседі. Табиғи жағдайда 12-14 жыл өмір сүретін Арқардың жасын мүйізіндегі сақинаға қарап анықтайды.

Сақ дәуірінде арқар елдіктің рухты символы болып саналған. Есік қаласының жанынан табылған Алтын адамның бас киімінің ең жоғары бөлігіндегі алтыннан құйылған мүсін соның айғағы. Еліміздегі тастар мен жартастарда киелі жануардың петроглифтері қашалып салынғаны киелі жануарлардың осындай ерекше қасиетіне байланысты болса керек. Киіз, текемет, кілем, ұлттық киімдерде әлі күнге арқармүйізді ою-өрнектер бейнеленіп келе жатқаны - Ортекеге қатысты қазақтың мейірімді қарым-қатынасы деп білемін.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1955
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4782
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3941