«Көп асқанға бір тосқан»: Нығматулиндерге тықыр таянды...

Қазақстан Бас прокуратурасы Ерлан Нығматулинді рейдерлік жасады деп айыптады.
«Бір айналдырғанды - Құдай шыр айналдырады» деген осы да, Нұрлан Нығматулиннің тағы бір бауырының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тағдыр «мың асқанға бір тосқан» жасап, Нығматулиндерді ішкен-жегенін құстыруды қолға алған сынды.
Бағы жанып, жұлдызы жарқыраған Нұрлан Нығматулин 2022 жылғы 1 ақпанда Мәжіліс төрағасы қызметінен кеткенін жақсы білеміз. Нүкең 2012-2014 жылдары да Мәжіліс спикері болып, 2016 жылдан бастап төменгі палатаны басқарған еді. Назарбаев дәуірінде әр жылдары ол Президент Әкімшілігін басқарды және Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарды.
Депутататтық мандаттан оның басқа да туыстары құр қалған жоқтын. Атап айтсақ, үлкен ағасы – Арғын Нығматулин Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты болса, егізі Ерлан Нығматулин – Мәжіліс пен Сенатта депутат болып жалғанды жалпағынан басқан-тын. Енді олар Құдайдың да, Биліктің көзге шыққан сүйеліне айналды.
Билік пен Заңның оларды қырына алды дейтініміз, Қазақстан Бас прокуратурасы кәсіпкер Рамис Ибрагимовтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ерлан Нығматулинді – Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сыңарын – рейдерлікке айыптаған сыбыс шынға айналды.
Шынға айналды дейтінімз, жұрт арасына тараған осы сыбысқа сәрсенбі күні Бас прокуратураның баспасөз қызметі «бопсалау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растап нүкте қойды.
Мәселенің мәнісі мынада: 11 наурызда Қарағанды қаласының тұрғыны, «Zara» франшизасының бұрынғы иесі Наталья Овдейчук пен оның жұбайы Рамис Ибрагимов «Ерлан Нығматулинді рейдерлікке қатысы бар» деп айыптаған болатын.
Бұл арада тағы бір дәйек: Отандық БАҚ 2025 жылғы 7 қаңтарда Нығматулиндерге рейдерлікке қатысты жаңа айыптаулардан кейін «президент Қасым-Жомарт Тоқаевты биліктен кетіруге дайындалды» деген күдік бар екені хабарланған болатын.
Содан кейін-ақ, Нығматулиндерге қатысты рейдерлік, қылмыстық құрылымдарға қатысы бар болуы, заңсыз схемаларға араласуы және қылмыстық істерді қолдан ұйымдастыруы туралы айыптаулар бірнеше рет сөз етілсе де, олар әлі бостандықта талтаңдап жүр.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz