Машкевичтің қазасы қазақ халқына ой тастады

Александр Машкевич, белгілі қазақстандық ‑ қазіргі азаматтығы бойынша израилдік кәсіпкер ‑ 2025 жылдың 22 наурызында ұзаққа созылған аурудан кейін 72 жасында қайтыс болды. Ол Eurasian Resources Group (ERG) негізін қалаушылардың бірі. 2024 жылға дейін директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Бұл топқа ТНК «Қазхром», Соколов-Сарыбай тау-байыту өндірістік бірлестігі, «Қазақстан алюминийі» және Қазақстан электролиз зауыты сияқты кәсіпорындар кіреді.
Қазақстандықтар А.Машкеевичтің өліміне қатысты қарама‑қайшылықты пікірлер білдіруде: бір тарап – оны «ескі қазақстан» қалыптастырған олигаполиялық жүйенің жарқын бейнесі ретінде – әділеттілікті, яғни, оның активтерін мемлекетке қайтаруды талап етіп жатса, екінші бір тарап – оның «Қазақстанға сіңген еңбегін» айтып қалуда...
Бұл пікірлер арасынан осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын қазақ халқын ашаршылыққа ұшыратқан, халқымыздың тең жартысы қырылған трагедияға себепкер болған Голощекинді еске алып: бір ғасыр көлемінде қазақ елі екі рет зауалға тап болды, біріншісі – қазақты жалмаған И.Голощекиннің атымен байланысты, екіншісі – бірінші президент Н.Назарбаевтың бизнес‑серіктесі болған, Бішкек саудагері, жоғарыда аты аталған И.Голощекиннің немересі А.Машкеевичтің ойда жоқта «долларлық инвестор» бола қалып, Қазақстанның түрлі‑түсті металлургия саласын толық иемденіп кетуін ашық айтушыларды атауға болады...
Бүгінде Машкеевичтің қайтыс болуына сай қазақстандық медиакеңістікте көптеген сұрақтар көтеріле бастады. Атап айтқанда:
–Машкеевич кім еді және Қазақстанға қашан, қалай, кім арқылы, әрі не мақсатпен келді?
–Ол, әлемдік банклерде бір цент депозиті болмай жатып, Қазақстанның жоғарғы билік жүйесін «өзінің ірі инвестор» екеніне қалай сендіре алды?
–Жалпы, ол еліміздің сол кездегі билігіне қалай жол тапты, кім оған көмектесті?
–Әдетте, «сауысқаннан сақ» Елбасы Н.Назарбаевтың сеніміне ол қалайша кіре алды?
–Мектептегі филолог мұғалім қалайша бір сәтте «Қазақстанның бас металлургы» болып шыға келді?
–Ол өзі иелік еткен кәсіпорындарға «реинвестиция» жасады ма, яғни, «ел байлығын меншігіне тегін алып, оның өнімін шет елге сатып тапқан пайданың бір бөлігін ол Қазақстанға қайтарды ма?
–Қаншасын офшорларда, шет елдік жылжымайтын мүлікте және өзге елдерде кәсіпорындар ашуға жұмсады?
–Машкеевичтің елдегі коррупциялық жүйемен байланысы қандай?
–Қазақ елі осы «жалған инвестордың» зардабынан қанша байлығынан ажырады?
–Машкеевичтің қазақ елінің тәуелсіз ел қалыбында дамуына тигізген зияны қандай?
–Еліміз болашақта «машкеевич синдромынан» құтыла ала ма?...
Міне, кешелі бері біздің қоғамда Машкеевичке қатысты осындай көптеген сұрақтар пайда болуда.
Иә, біз қазақ елі ешкімге өлім тілемейтін бейбіт, тіптен, қазаға ұшыраған хас жауының өліміне адамшылықпен қарайтын текті халық. Алайда, дәл осы қазаға байланысты елде қойылатын сұрақтар өте көп – оны жоғарыда айттық.
Енді, жақын күндері осы сұрақтар бойынша көптеген сарапшылардың нақты деректерге сүйенген талдау мақалалары көптеп шыға бастайды, сөйтіп, бүгінге дейін құпия болып келген көп шындықтың беті ашыла бастайды деп сенгіміз келеді. Әділеттілік – қанымызда бар қасиет!
Abai.kz