Құмайды неге қадірлей алмай жүрміз?

Көптеген діни аңыздарда құс — бақыттың, байлықтың, даналықтың, табыстың, ерліктің, бостандықтың, орындалатын арман-тілектің, қуаныштың символы саналған. Олардың қатарында тырна, аққу, қарға, көгершін, үкі, т.б құстар бар.
Бұл құстар туралы ғылыми деректер көп болғанымен, бақыт құсы саналатын Құмай туралы мәлімет жоқтың қасы. Қазақ құмай тазыны жақсы білгенмен, құмай құсы туралы біле бермейді.
Мұның себебіне кейінірек тоқталамыз. Алдымен Құмай құсы турасында мәлімет бере кетелік.
Өзбектің атақты шайыры Әлішер Науайы құмайды (бақыт құсы) жер бетіндегі жаны барлардың ішіндегі ең мейірімдісі деп сипаттапты. Сондықтан да Өзбекстанның елтаңбасының қақ ортасында қанатын жайған құмай бейнеленген.
Парсы мен араб аңыздарында құмай құсының көлеңкесі түскен адам патша болады, ал құмайды өлтірген адам қырық күннен ары ұзамайды делінеді.
Құмай славян аңызында адамдарға құдайлық әндер салып беретін әйелбасты Гамаюн құсы ретінде бейнеленеді. Ол көне грек аңызынан ауысқан.
Феникс құсқа қатысты ертегі де құмайға байланысты болуы мүмкін. Ежелгі Египетте Феникс атты алтын қанатты құс өмір сүріпті деседі. Аңыздағы мәңгі өмір сүретін құс бес ғасыр жасайды екен. Және ұзақ өмірінің соңында Феникс Күн пірі Ра ғибадатханасына келіп қонады. Көпшілік құсқа сый-сыяпат жасап, құрмет көрсетеді. Рәсім соңында оны өртейді. Үш күннен кейін Феникс күлінен қайта түрленіп, тіріліп шығады.
Жалпы, құмай құс туралы аңыз зороастрлық мифологиядан белгілі. Онда ол барлық құстардың патшасы Самұрық деп аталынады. Самұрық әйел кеуделі алып бүркіт немесе арыстан басты жыртқыш құс кейпінде тұмарда жиі пайдаланылған. Самұрық туралы аңыз қазақта да бар. Онда Бәйтерек – үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде әспеттелінеді. Орта дүниені – адам, жоғарғы дүниені – қарақұс, төменгі дүниені – жылан-айдаһар көрсетеді. Қазақы ертегілерде кейіпкер жерасты әлеміне тап болады және ұзаққа созылған сапар кезінде үлкен ағашқа жолығады, ол жерде ағашқа өрмелеп бара жатқан жыланды өлтіріп, Самұрықтың балапандарын айдаһардан құтқарып қалады. Осы ерлігі үшін Алып Қарақұс кейіпкерді жер бетіне алып шығады.
Әр халық әртүрлі атаса да, құмай – барлық жерде бақыт құсы саналынған. Марқұм білгір зерттеуші, ғалым Серікбол Қондыбай: «Мифологиялық құс – құмайдың отаны көне түріктер мекен еткен этномәдени орта, оның образы, аңыз желісі бойынша барлық тіршіліктің басында тұрған – Ұмай ана» деп жазыпты. Ноғай аңызында да Ұмай әлдебір себеппен құсқа айналып кетіп, көкте де ұшқан, суда да жүзген. Қазақ аңыздарында Ұмай негізінен Ұмай-Ана деп аталады.
Сонымен, құмай құсы нақты өмірде жоқ, тек аңыз-әфсаналарда ғана кездесетін мифологиялық құс па, жоқ қазір де тіршілік ете ме? «Құмай» деген атауы бар болғандықтан, біздіңше, ол қазір де нақты өмірде бар құс.
Құмай табиғатта өте сирек кездесетін құс болғандықтан, Қызыл кітапқа енген. Бір-екі балапаннан артық баспайды екен. Көбінесе Тибет, Гималай, Памир тауларында ұшырасады. Іле Алатауының биік жоталарынан да көргендер бар. Басқа аймақта құрып біткен.
Бір таңғаларлығы, бұл құстардың үлкені қанатын барынша жайғанда, ұзындығы 3 метрге дейін жетеді екен. Орнитологтардың айтуынша, құмайлар қозы-лақты көтеріп алып кеткенімен қоймай, тіпті тау ешкісін де жеңе алады.
Құмай құсын көп адам өлексемен қоректенетін тазқара, күшігенмен шатастырады. Неге? Өйткені «Құмай» атауын зерттеуші ғалымдар білместікпен тықыр басты тазқараға теліп жіберген. Құмай ондай арбаңдаған сүйкімсіз құс емес, өте сұлу құс. Құмайды неге басқа құспен шатастырамыз? Бұған жауапты биолог-ұстаз Хауан Хайролладан тауып, риза болдық. Ол кісі былай дейді: «Менің пайымымша, құмай ешқайда да жоғалған жоқ, тек оның атауын өзгертіп жіберген. «Қазақстанның жануарлар әлемі» атты үлкен эн-циклопедияда да құмайдың суретінің астына қазақшасында «сақалтай», орысшасында «бородач» деп беріліпті. Бұдан шығар қорытынды: кітапты құрастырушылар осы құстың атауын тікелей орысшадан аударған не болмаса әлгі құсты қазақша атауымен емес, моңғолша атауымен аударып, жазып жіберген. Орысшадан тура аударғысы келгендер болса, оны «сақалды» деп аударулары керек еді. Мұндай мәселеге қатысты тағы бір мысал: Барқытбел тауын жоңғар шапқыншылығы кезінде келген моңғолдар суыры көп болған соң «Суырлы», яғни моңғолша айтқанда, «Тарвгатай» деп өздерінше атап кеткен.
Ал негізгі тақырыпқа келсек, құмай құсты 1972 жылы бала күнімізде музейдің тапсырысы бойынша әкеміз атып әкелген еді. Ол – қара құстар тұқымдасына жататын ғаламат сұлу құс. Сол құсты сойып, тұлып (чучела) жасағанда мен әкемнің жанында көмектесіп отырдым. Сонда құмай етінің емдік қасиеті өте зор болғандықтан, адамдар зәрулікке деп бәрін талап әкеткені әлі есімде. Тіпті осыны естіп, сонау алыстан келген бір ағайын құмайдың кепкен тілін де алып кеткен еді. Қазақ арасында құмай түйенің ортан жілігін бітеу жұтады деп айтылатын. Ал мен көрген құмайдың асқазанында таутекенің үш сирағы (аңшылардан қалған ғой) болды, сирақтар кәдімгі малтаған (карамель) секілді еріп кетіпті. Сойып жатқанда асқазаны ұдайы ауырып жүрген екі жігіт те келіп, құстың асқазанынан шыққанды сүзіп, оған су қосып ішкенін де көзіммен көрдім. Ал сол кісілер қазір де аман-сау жүр, жастары сексенді еңсерді.
Құмай – Gypaetus barbatruc, яғни қара құстар тұқымдасына жатады. Ол сүйекпен қоректенумен қатар, табиғатқа ерекше бейімделген. Тасбақа, кірпі, жылан тәрізді жай қозғалыстағы жануарларды да көтеріп, биіктен тастап жіберіп азық етеді. Қазір ғалымдардың Оңтүстік Шығыс Африка тауларындағы құмайдың тіршілік етуін толық зерттеген деректі бейнефильмдері сатылымда жүр (диск түрінде). Содан осы құмай туралы бәрін білуге болады. Құмай Еуропада ХІХ ғасырда құрып кеткен болса, Орталық Азияның биік тауларында әлі қалыпты жағдайда тіршілік етуде. Аң азайып, жем табылуы қиындаған сайын олардың да саны біраз кеміп кеткен болуы да мүмкін. Дегенмен, мен осы өткен жаздың тамыз айында балапанын баулып жүрген құмайды Алтай тау жоталарында ұшып жүргенін көрдім. Жалпы, құмайды тану қиын емес. Оның мойны, төсі құрсағымен ашық сары түсті (сары ала қаздың түсіне ұқсас), құйрығы доғалдау, ұзын, сына тәрізді болып келеді. Иегінің астында бір шоқ сақалы бар болғандықтан, оны басқа құстан бірден жақсы айыруға болады.
Осыны түйіндей келе, біздің құрастырушыларымыз құмай құстың атауын өзгертіп жіберген дегенді шегелеп айтқым келеді. Соның салдарынан құмайдың қазақша атауы жоғалып, ұрпағымыз оның қандай құс екенін елестете де алмай жүрген жағдайға жеттік» дейді Хауан Хайролла.
Ендігі сөз қазақтың жүйрік тазыны құмай құстан тудыратын аңызына қатысты. «Қыран құмай екi жұмыртқа табады, бiрi – құс құмай, екiншiсi – құмай тазы» дегенді қазақ неге айтқан? Оған жауапты марқұм этнограф Жағда Бабалықұлынан табамыз. Ол кісі былай депті: «Қыран құмай мен бүркiт балапандарын жыртқыштыққа баулу үшiн «ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесiң» дегендей, түлкi, қарсақтың, кейде тiптi иттiң күшiктерiн, кейде қоңыр аңдардың лақтары мен қозыларын көтерiп алып кетiп, тiрiдей ұяға апарып тастайды. Қыран құстың балапандары әлгi «олжаның» көбiн басып жесе де, кейбiрiмен ермектеп ойнап, бiрге өмiр кешедi. Осы орайлы мүмкiндiктi тазы иттiң қу күшiктерi пайдаланып қалатын болса керек. Қыран әкелген тамақты балапан мен күшiк бөлiсiп жейдi. Осындай достасқан өмiр аяқталып, балапан ұядан ұшып кеткенде, тазы күшiк ұяда қалады. Биiк жартас бетiндегi құмай ұясында жападан жалғыз шошына, зарыға қыңқылдаған күшiктiң дауысы саятшылар, малшылар құлағына шалынса, әдетте олар не деушi едi? «Қыран құмайдың ұясынан иттiң қаңқылы, ұлыған дауысы шығады. Қыран құмайдың жұмыртқасын жарып шыққан иттi алалық» демей ме? Ендi осы күшiк «құмай құстың жұмыртқасынан шыққан» деген куәлiктiң тарауына серпiн берерi анық. Әлгi күшiк қыран шықса, қыран құмай құстан туғандығы дәрiптелмей ме, ел iшiнде оның құстан туғандығына сенiм артпай ма?»
Қысқасы, құмай құсы туралы ғалымдарымыз терең зерттеу жүргізіп, құс атауына байланысты кеткен қателікті жөндесе, бұл құс турасында білгеніміз арта түсер еді. Сонда өлексемен қоректенетін қайдағы тазқара, күшігендермен шатастырмай, ертегідегі қарақұс – Құмай туралы әдемі аңызды олардан арашалап алар едік.
Төреғали Тәшенов
Abai.kz