Сәрсенбі, 2 Сәуір 2025
Әдебиет 694 0 пікір 31 Наурыз, 2025 сағат 12:30

"Қасиетті кітаптардың өзі өлеңмен жазылған!"

Сурет: Spillwords сайтынан алынды.

Барбара Харрис Леонхард – 1952 жылы туған америкалық ақын. Екі жыр жинағының авторы. Өлеңдері италия, албан, қытай тілдеріне аударылған. Ол – ағылшын тілі мен әдебиетінің маманы. АҚШ-тың Колумбия қаласындағы Миссури университетінде оқыған. Кейін сол ЖОО-ға жұмысқа қабылданып, 1981-2017 аралығында сабақ берген. Ағылшын тілін академиялық тұрғыда оқытуға арналған «Discoveries in Academic Writing» зерттеуінің авторы. Қазір зейнетте. Бірақ құр отырмай, шығармашылықпен айналысады. Бүгінде ақын – әртүрлі халықтар қаламгерлерінің жырларын ағылшыншаға аударып, жариялайтын MasticadoresUSA жобасының редакторы.

– Құрметті Барбара, ең алдымен, поэзия деген сіз үшін не?

– Поэзия – жан естеліктері. Ол рухани сауалдардан бастау алады. Адамның жаны сезінген мұң-шер, шаттық, махаббат және арман жайлы ән салады. Поэзия деген – осы секілді сезімдердің метафорасы. Поэзия түс секілді, астарлы әрі көп мағыналы.

– Осынау ұлы өнерге қалай келдіңіз? Бұрын берген сұхбаттарыңызды оқып шықтым. Сонда кішкентай кезіңізде ауыр науқасқа шалдығып, сал болып қалғаныңызды, ақындық қабілетіңіз оянуына осы жағдай әсер еткенін айтқан екенсіз.

– 1958 жылы ағаларым мен әпкелерім қызылшамен ауырды. Бірақ олар тез жазылып кетті. Ол кезде аталған инфекцияға қарсы вакцина әлі шықпаған болатын. Менің 6 жастағы шағым еді. Қызылшаны мен де жұқтырдым. Алайда аға-әпкелерім секілді тез сауыққан жоқпын. Жағдайым күннен-күнге ауырлай берді. Ауру асқынып, энцефалитке ұласты, яғни, миым қабынды. Содан сал болып қалдым. Сөйлей де, аяқ-қолымды қозғай да алмай қалдым. Бір күні тіпті, есімнен танып, ауруханаға жеткізілдім. Комаға түсіп, 30 күн бойы ес-түссіз жаттым. Дәл осы медициналық мекемеде менің ми қатерлі ісігіне шалдыққан атам да ажал аузында жатқан болатын. Ол өмірінің соңғы сәттерін өткеріп жатыр еді. Мен кенеттен оянып, атамның бөлмесіне қонаққа бардым. Ол жатқан керуеттің айналасында аппақ киім киген әлде біреулер қоршап, жұмысын атқарып жатты. Мен бұл беймәлім кісілерді дәрігерлер деп ойладым. «Атаммен бірге барам!» деп қанша жыласам да, олар жолымды кес-кестеп, өткізбей қойды. «Өз бөлмеңе бар» деп қайталай берді. Кейінірек есейген соң, бұл жағдайдың түс пен өң арасындағы аян екенін ұқтым. Себебі мен атам жатқан палатаға баратындай жүре алмайтын едім. Дәрігерлерге бірдеңе деп сөйлеуге де шамам болған жоқ. Сол ақ киімді «дәрігерлер» дегенім періштелер екенін де кейін түсіндім. Құдай менің әкеме мейірін төккені ғой. Өйткені, бір жыл бұрын әжем қайтыс болған еді. Сол ауруханада атам да көз жұмды. Атаммен қатар мен де өлсем, үсті-үстіне келген ауыр қазаларды әкем көтере алмас еді.

Біраз ем-дом қабылдаған соң, жағдайым жақсарды. Сөйлей бастадым. Алайда мамандар енді ешқашан өз аяғыммен жүре алмайтынымды айтты. Арбаға таңылдым. Екінші сыныпқа кеш бардым. Қатарластарым мені шетқақпайлап, ешкім менімен ойнамайтын. Себебі олардан өзгеше едім. Мені әрдайым біреудің киіндіріп, үнемі біреудің көтеріп алып жүруінен, арбаға таңылғанымнан әбден қажыдым. Еркін болғым келді. Сол себепті, ата-анам бөлмеде жоқ кезде өзімді қинап, тәнімді мәжбүрлеп, жүруге талпындым. Бөлме ішінде бір жиһаздан екінші жиһазға дейін бірнеше метр жүру үшін қара терге түсіп, сілікпем шығатын. Мұндай сұмдық қиналу қанша уақытқа созылғанын білмеймін, әйтеуір, күндердің күнінде бұрынғыдай өз аяғыммен жүре бастадым. Бұл деген таңғжайып жәйт еді. Себебі энцефалит жүйкеге ауыр зақым келтірмей қоймайды. Миы қабынған балалар қатты басы ауырып ұйықтап кетіп, оянбай қалған жағдайлар жиі кездеседі. Ал мен қалай құлан-таза айыққанымды өзім де білмеймін. Бәлкім, ақ киімді дәрігер бейнесінде Құдай жіберген періштелер маған көмектескен шығар. Бала кезімдегі осы жағдай маған күрескерлікті үйреткендей. Күрескерлік қасиет өлеңде де керек емес пе?! Сырқатымнан жазылған соң, бір жылдан кейін өлең жаза бастадым. Мектеп қабырғасында жүргенде де, университет студенті болған уақытымда да жыр жазып жүрдім. Алайда ол кездегі өлеңдерім сақталған жоқ, жоғалып кетті. Сөз өнеріне зейнетке шыққан соң, қайта оралдым. Әуелі тапсырыс бойынша жыр жинақтарын редакциялап жүрдім. Сосын өзім де қайтадан жыр жаза бастадым. Қазір екі өлең кітабым бар. Үшінші жинағымды дайындап жатырмын.

– «Үш пенни естеліктер: жыр-естелік» («Three-Penny Memories: A Poetic Memoir») деген кітабыңыздың дүниеге келу тарихы қызық. Ағаңыз сізден «Анаңды жақсы көресің бе?» – деп сұрапты. Осы сауалдан кейін аталған жыр жинағыңызды жазу идеясы келген екен. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.

– Әкем қайтыс болған соң, анамның денсаулығы күрт нашарлап кетті. Оның күннен-күнге семіп бара жатқанына жүрегім шыдамады. «7 балаңыздың біреуінің қолына көшіп барыңыз» – деп жалындым. Ол мені таңдады, менің қолымда тұрды. Бір үйдің 7 баласының ішінде мен екіншісімін және қыздардың арасында үлкенімін. Шешем сол себепті менімен тұруды қалады деп ойлаймын. Осыны ағама айтқанда, ағам менен «Сен анаңды жақсы көресің бе?» – деп сұрады. Бұл сауал маған ауыр тиді. «Менен неге олай сұрады? Шешеме дұрыс қарамадым ба? Ренжіттім бе?» деген ойлар жанымды жеді. Анам альцгеймер ауруына шалдыққан болатын. Яғни, миына зақым келді, жадын жоғалтты, тіпті, ақылынан алжасты. Өздігінен жүріп-тұра алмай қалған оны мен баладай мәпелеп, бақтым. Өзімнің кішкентай кезімдегі жағдайлар есіме түсті. Мен қызылша жұқтырып, ауруым асқынып, сал болып қалғанда, анам мені дәл осылай қараған еді. Өмір ғой. Енді шешемнің күтімін жасайтын менің кезегім келген екен. Аянып қалмадым. Өкінішке қарай, ол 2016 жылы қайтыс болды. 2017 жылдан бастап оған арнаған жырларымды, шешеммен өткізген бақытты сәттер туралы өлеңдерімді жаза бастадым. Кейін бір поэзия жинағына айналды.

– «Каллиопаның кегі» («Calliope’s Revenge») деген жырыңызда мынадай тармақ бар: «Барлық адам ақындарды құрметтеп, еліктеу керек» (жолма-жол аударма – А. Ф.). Ақындар неге айрықша сый-құрметке бөленуі тиіс? Олардың миссиясы қандай?

– Қасиетті кітаптардың өзі өлеңмен жазылған. Бұл тегіннен-тегін емес. Өлең деген – киелі һәм құдіретті өнер. Ақындар – ағартушылар, және олар оқырмандарға жан тыныштығын сыйлайды. Бірақ жақында бір статистиканы естідім. Әлем халқының тек 15% ғана поэзия оқиды екен. Бұл өкінішті жағдай.

– «Балалар зиратындағы мұң» деген өлеңіңізді оқыдым. Мұндай ауыр тақырыпты неге жырладыңыз?

– Анамның бейітіне бара жатқанда, жол-жөнекей балалар зираты бар. Шешемнің моласымен қатар, онда да соғып өтемін. Сонда келген ойлар ғой. Мен бала қайғысын әбден тартқан адаммын. Жас кезімде бірнеше рет аяғым ауырлағанмен, босануға денсаулығым жетпей, қайта-қайта түсік тастадым. Сондықтан перзентінен айрылған жандардың қайғысын түсінемін. Балалар зиратында ата-аналар бейіт басына ойыншықтар қойып кетеді екен. Мен де талай рет ойыншық апарып, қойдым.

– Ал «Соғыс қайғысы» деген өлеңіңізде Украинаға қолдау білдіресіз. «Украина халқының өмірін құтқарыңдар, Ресейді тоқтатыңдар!» (жолма-жол аударма – А. Ф.) – деп ұран тастайсыз. Бейкүнә балалар, әйелдер мен қарттардың ғұмырын сақтауға шақырасыз. Әлемде бейбітшілік орнату үшін ақындар не істей алады?

– Көп ақын – тыныштық үшін күрескер әрі ақиқатсүйгіш. Сол себепті, диктаторлар қаламгерлерді қудалап, түрмеге қамайды, тіпті, өлтіреді. Бірақ саяси-әлеуметтік тақырыпта жырлайтын ақындар – нағыз батырлар. Жүрекжұтқандық, тіпті, олардың өлеңдерінен де көрініп тұрады. Ал жоғарыда сіз атаған жырды Ресей Украинаға басып кірген соң, жаздым. Себебі қалалары қирап, халқы қырылып жатқан Украина үшін жаным ауырады. Бұл өлеңнің түйіні тосын. Өйткені, Украинадағы майдан қасіреті жайлы айтып келе жатамын да, «Белі бүгілген бір қария Палестинаны қолдап, күн сайын шеруге шығады» – деп аяқтаймын өлеңді. Бұл көріністі, яғни, палестиналық қарттың ісін Америкада, көрші көшеде, шынымен де, көріп жүрмін. Әйтсе де, соны жырда метафора түрінде қолдандым. Яғни, «белі бүгілген қария» – Таяу Шығыстағы тамыры тереңге кеткен жанжал мен соғыстың бейнесі. Израильдің қанқұйлы әрекеттеріне қарсы шеруге шығып жүрген менің еврей достарым да бар (олардың арасында ақындар да кездеседі). Соғыстың кесірінен екі жақтан да қарапайым халықтың қаны төгіледі, қаншама адам құрбан болады. Ақындар шығармасы арқылы осы мәселеге жұрттың назарын аударады. Ал сондай өлеңдер мен соғыстарға қатысты қандай пікірде болатынын оқырмандар өздері шешер.

– Жоғарыда үшінші кітабыңызды дайындап жатқаныңызды айттыңыз. Ол не жөнінде болмақ?

– Жаңа жинағыма сатиралық өлеңдерім мен әңгімелерім енеді. Шығармаларымдағы кейіпкерлер – жасанды интеллекті бар роботтар. Олар бәленің бәрін біледі. Айналаны бүлдіруге, араға от салуға үйір. Мұндай роботтордың бейнесі арқылы қырықпышақ қоғамды, қатігез адамдарды мысқылдамақпын. Яғни, «Егер адамгершілік, мейірім, парасат болмаса, ондай адамның менің туындыларымдағы жүрексіз құлтемір-роботтардан не айырмашылығы бар?!» – деген сауал жатады кітабымның астарында. 
– Сүйікті қаламгерлеріңіз кімдер?

– Мен үшін үздік ақын-жазушылардың бәрін тізер болсам, тізім тым ұзақ болып кетер. Өйткені, көптеген сөз зергерін оқып және зерттеп шықтым. Кейбірін атар болсам, Гомер, Шекспир, Элиот, Китс, Йейтс, Байрон, Рильке, Чосер, Бернс, Блейк т.б. Өзіңіз байқағандай, бәрі де ер жазушылар. Соңғы жылдарда әйел қаламгерлерге деген қызығушылығым артты. Айрықша ұнаған ақын әйел – Эмили Дикинсон. Ол өлерінде, барлық өлеңін өртеп жіберуді аманаттаған екен. Бірақ соған қарамастан, әпкесі ақын жырларын сақтап қалған. Егер сондай терең туындылар біржола өшіп, жойылып кетсе, қандай қазынадан айрылып қалған болар едік?! Дикинсонды оқуға баршаңызға кеңес беремін. Анама арнаған «Үш пенни естеліктер: жыр-естелік» («Three-Penny Memories: A Poetic Memoir») деген кітабыма мен Дикинсонның мына тармақтарын эпиграф қылып алдым: «Сен қайда болсаң, менің үйім сонда». Сонымен қатар, Сильвия Плат пен Энн Секстон тәрізді әйел ақындардың шығармашылығына тәнтімін. Олар заманында лайықты бағасын алған жоқ. Бірінің поэзиясынан астарлы символиканы, ал екіншісінен уытты тіл мен мысқылды табасыз. Менің жазу мәнеріме олар қатты әсер етті. Одан бөлек Мэри Оливердің табиғат лирикасы ғажап. Оқырманға жан рахаты мен жүрек тыныштығын сыйлайды. Үлкен әдеби сыйлықтар алған америкалық ақындар Джой Харджо, Ада Лимон, Луиза Глюк, Элизабет Бишоп, Трейси К. Смиттердің де туындыларын аса жоғары бағалаймын. Жуырда «Бүгінге дейін жазылған ең үздік 1000+өлең» («1000+Greatest Poems of All Time») деген көптомдық антологияға тапсырыс бердім (құрастырған – Джордж Читил). Осы тамаша еңбекті де көпшілік оқып шықса екен.

– Оқырмандарымызға тағы қандай тілек айтасыз?

– Оқырман қауым ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, олардың да жазуға деген ынта-құлшынысы оянғай!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Азамат

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 461
Болған оқиға

Тілендиев неге Таразидың құлағын қыршып алды?

Төреғали Тәшенов 2126
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 1807
Алтын Орда

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 944