Ресей АҚШ санкциясынан құтыла ма?

АҚШ пен Ресей екі тараптың 24-наурызда Сауд Арабиясында өткен келіссөзінен кейін Ақ үй тарабы Кремльдің Қара теңізде атысты тоқтату туралы талапка келіскенін шүйіншілеген еді. Оның астары бар болып шықты. Орыс тарабы Қара теңіздегі жүк тасымалын қалпына келтірудің басты шарты ретінде Орыс банктерін халықаралық коммуникация жүйесіне (SWIFT) қайта қосуды ортаға қойған.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі "Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі билікте болған кезде санкцияларды жеңілдетуге мүмкіндік бар-жоғын тексеріп жатыр. Кремльдің стратегиясының бір бөлігі – Қара теңізде атысты тоқтату туралы келіссөздер аясында Россельхозбанкті SWIFT жүйесіне қосу. Россельхозбанкке қатысты талап - Трамптың Еуропаға ықпалын байқап көру мақсатында қойылған. Егер бұл мәселеде жетістікке қол жетсе, оның аяғы санкция режимінің біртіндеп жұмсаруына септесуі де мүмкін" деп жазған еді. Кремльдің үміті ақталмайтын түрі бар.
Кеше 31-наурызда Германия, Франция, Италия, Польша, Испания және Ұлыбритания қатарлы 6 елдің сыртқы істер министрлері мен Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас бірлескен мәлімдеме жариялап, Ресейге қарсы санкцияны күшейтуге дайын екендерін мәлімдеді.
Аталған елдер Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысына тосқауыл қою үшін қолы жеткен барлық құралды пайдаланып, Ресейге қысым жасауды жалғастыратынын, Ресейдің Батыс елдеріндегі активтері Мәскеу Украинаға ашқан соғысты тоқтатпайынша және Украинаға келтірген зиянды өтемейінше бұғаттаулы жата беретінін мәлімдеді.
Мәлімдемеге қол қойған елдер Украинаның "әскери және қорғаныс өнеркәсібін қаржыландыруды, серіктес елдердің Украинаға әскери жәрдемін шектеу" туралы шарт қоятын бейбіт келісімді қабылдамайтынын кесіп айтты.
"Еуроатлантикалық қауіпсіздікке, Украинаның тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумағының тұтастығына қауіп төндіретін ешқандай келісім болмауы керек", – деп жазылған мәлімдемеде.
Оған қоса министрлер Ресейді атысты тоқтату туралы келіссөзді "сөзбұйдаға салу тактикасын" тоқтатуға шақырған,
Кремльдің бір жағынан соққыны үдетіп, енді бір жағынан беибіт келіссөзді қолдаушы болып көрінген, екі жүзді саясаты Еуропа басшыларын ғана емес, Ақ үй қожайынының да ашуын тудырған еді. Трамп өз сұхбатында Путин түлкі бұлаңға салып, соғысты соза берсе жойқын санкция салатынын айтып айбат шеккен еді. Сарапшылар Трамп Путинның көңіліне "9-май" жеңіс күні өткенше қарауы мүмкін дейді Одан ары қарай өзі уәде еткен экономикалық қаруын іске қосса, Ресей экономикасын ауыр соққы күтіп тұр. Ресейдің мұнайы мен газының басты тұтынушысы Қытай мен Үндістан болып тұрғаны белгілі. Путин соғысты тоқтатуды соза берсе, Трамп Орыс энергиясын сатып алған елдерге 50 пайызға дейін кедендік салық, экономикалық жаза тағайындамақ.
Abai.kz