Парламентаралық Одақтың 150-ші Ассамблеясы алғаш рет Орталық Азияда өтті

Өзбекстанда Парламентаралық Одақ Ассамблеясының мерейтойлық отырысы өтті. Форумға қатысушылар парламенттердің әлеуметтік даму мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудегі рөлін талқылады. Қазақстан Парламентінің делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.
Мәжіліс спикері баяндамасында атап өткендей, форумның ғасырлар бойы халықтар мен мәдениеттерді тоғыстырған Ұлы Жібек жолының бойында ұйымдастырылуының символдық мәні зор. Ол Парламентаралық Одақтың 150-ші Ассамблеясы тақырыбының өзектілігіне тоқтала отырып, жаңа жаһандық сын-қатерлер жағдайында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ұсынған жаңа қоғамдық шарт идеясының маңыздылығы арта түскеніне мән берді. Ерлан Қошанов Қазақстан оның идеясының әділеттілік пен ынтымаққа негізделген басты қағидаттарын толық қолдайтынын, ал парламенттер оның жүзеге асырылуында халық атынан өкілдік ететін институт ретінде басты рөл атқара алады деп есептейді.

Суретті түсірген Т.Таныбаев.
«Әділеттілік Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының идеялық негізі саналады. Оның көшбасшылығымен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған жүйелі саяси және экономикалық реформалар іске асырылуда. Бұл қоғамның саясатқа араласу мүмкіндігін кеңейтіп, әлеуметтік теңсіздікті азайтты. Инклюзияны дамытуға, денсаулық сақтау мен білімнің қолжетімді болуына, ұлттық байлықтың әділетті бөлінуіне айрықша назар аударылуда. Мұның бәрі Парламент қабылдап жатқан заңдарда көрініс тауып отыр», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасы соңғы отыз жыл ішінде қаржы секторының нақты өндірісті ығыстырып келе жатқанын көптеген халықаралық сарапшылар атап көрсетіп жатқанына тоқталды. Бұл мемлекеттің әлеуметтік рөлінің төмендеуіне және жұмысшылардың құқықтарының сақталуына кері әсерін тигізді. Қазақстанда, керісінше, барлық азаматқа лайықты еңбек жағдайын жасап, кәсіби өсудің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.
Қазақстан ішкі реформаларды белсенді халықаралық ынтымақтастықпен ұштастыра отырып сәтті жүзеге асырып келеді. Біздің ел Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның өңірлік орталығын Алматы қаласында құру бастамасын ұсынған болатын. Осыған орай Мәжіліс төрағасы БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарын бірауыздан мақұлдағаны үшін аталған ұйымға мүше барлық елге шынайы ризашылығын білдірді.
Екінші күні әлемнің жоғары парламенттік делегацияларына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев құттықтау сөзін арнады. Ол бейбітшілік, демократия және орнықты даму идеяларын әлем бойынша ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Парламентаралық Одақтың рөлін ерекше атап өтті.
Өзбекстан басшысы Орталық Азия елдері парламенттерінің спикерлерін қабылдап, Ассамблеяға қатысқандары үшін алғыс айтты және өңірдегі парламенттер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі басым бағыттарды талқылады.

Суретті түсірген Т.Таныбаев.
Форум аясында Ерлан Қошанов шетелдік әріптестерімен бірқатар екі жақты кездесу өткізді.
Ол Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоиловпен, Бахрейн Корольдігінің Өкілдер кеңесінің спикері Ахмед Альмусаламмен, Марокко Корольдігі Парламентінің Кеңесшілер палатасының төрағасы Мохаммед Ульд Эррашидпен, Үндістан Парламентінің Халық палатасының төрағасы Ом Бирламен парламентаралық ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады. Тараптар парламентаралық дипломатия аясындағы өзара іс-әрекетті нығайту, заңнама саласында тәжірибе алмасу жолдарын ортаға салды.
Сондай-ақ Мәжіліс спикері форум аясында Ресей, Әзербайжан, Вьетнам, Грузия, Түркия және Қырғызстан парламенттерінің төрағаларымен ынтымақтастықты тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты.

Суретті түсірген Т.Таныбаев.
Ташкентте өткен іс-шараға әлемнің шамамен 140-тан астам елінен делегаттар қатысты. Қазақстан депутаттары негізгі сессиядан бөлек, бейбітшілік және қауіпсіздік, тұрақты даму мәселелері бойынша комитет отырыстарына, әйелдер парламентарийлерінің форумына, «Еуразия» геосаяси тобының отырысына қатысты.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Кұспан басқаратын Бейбітшілік және халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комитеттің отырысында «Палестинада екі мемлекеттінің қатар өмір сүруі туралы шешімді ілгерілетудегі парламенттердің рөлі» атты қарар жобасы қаралды.

Суретті түсірген Т.Таныбаев.
Парламентаралық Одақ - 1889 жылы құрылған ең ірі халықаралық парламенттік ұйым. Оған 180 елдің парламенттері кіреді. Қазақстан 1993 жылдан бастап Парламентаралық Одақ Ассамблеясына мүше.
Парламентаралық Одақ Ассамблеясы парламенттік дипломатияға ықпал етеді және парламенттер мен парламентшілерге бүкіл әлемде бейбіт саясатты, демократияны және тұрақты дамуды ілгерілету өкілеттіктерін береді.
Abai.kz