Қазақстан еркін сауданы нығайту үшін логистиканы дамытып жатыр

Ғаламдық тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан еркін сауда қағидаттарына адалдығын сақтап, еуразиялық кеңістіктегі стратегиялық әріптестікті күшейтуде. Бұл туралы «Қазпошта» басшысы Әсел Жанасова мәлімдеді.
«Сауда соғыстарына қарамастан»
«Біз сауда соғыстары, геосаяси катаклизмдер және әлемдегі экономикалық белгісіздікке қарамастан, еркін сауда қағидатын ұстанатын сенімді жақтаушылар болып қала береміз. Біртұтас еуразиялық кеңістікте орналасқандықтан, біз және басқа елдер олардың әсерін сезінеміз. Өйткені көршілерімізде болып жатқан жағдайлар бізге де әсер етпей қоймайды. Осылайша, біз шын мәнінде бір тағдырлы қауымдастықпыз», – деді Әсел Жанасова.
«Қазпошта» басшысының айтуынша, Қазақстан өзінің Шығыс пен Батыс арасындағы географиялық орнын барынша пайдаланып, көрші елдермен әріптестікті нығайтып, көлік инфрақұрылымын дамытуы қажет.
Әсел Жанасова көлік-логистикалық инфрақұрылым Орталық Азия өңіріндегі негізгі өсу нүктелерінің біріне айналуы тиіс екеніне сенім білдірді, бұл ретте Қазақстан жетекші рөл атқарады.
«Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың стратегиясына, еліміздің одан әрі қалай дамуы керектігі туралы көзқарасына толық сәйкес келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндай бірлескен бастамалар мемлекет пен халықаралық жеке компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың үлгісі болуы тиіс екенін атап өтті, бұл Қазақстанның Еуразиядағы маңызды логистикалық орталық ретінде қалыптасуына ықпал етеді», – деп қосты Жанасова.
Almaty Sky Hub: жаңа логистикалық жоба
Қытайлық YTO Express компаниясының басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяо тараптар маусым айында Almaty Sky Hub халықаралық логистикалық хабының құрылысын бастауды жоспарлап отырғанын растады. Жобаны 2026 жылы аяқтау көзделген.
«Алматы порты болашақта Еуропа мен басқа елдерге шығу үшін негізгі түйіндердің бірі болады. Осылайша, елдеріміз арасында ешқандай кедергі болмайды және біз нәтижелі ынтымақтастық орната аламыз», – деді Юй Хуэйцзяо.
Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жобаға жеке көңіл бөліп, бастаманы қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
«Мен Президент мырзаға өте ризамын, өйткені оның кестесінің қаншалықты тығыз екенін жақсы түсінеміз. Соған қарамастан, ол Қытайдан келген жеке компания ретінде бізбен кездесуге уақыт тапты, бұл бізді терең әсерге бөледі. Тоқаев мырза «Қазпоштамен» ынтымақтастығымызға жан-жақты қолдау білдіріп, біздің бастамаларымызға үлкен қолдау көрсетті, осылайша біз Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына инновациялық жаңа идеялар енгізуді жалғастыра аламыз», – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, Қытай тек сауданы дамытуға ғана емес, сонымен қатар әріптестікті кеңейтуге де мүдделі.
«Біз Қазақстан нарығына үлкен қуанышпен келіп, өз үлесімізді қосқымыз келеді. Сондай-ақ Қазақстан қоғамының әлеуметтік және басқа да салаларына үлес қосуды қалаймыз. Қытай Қазақстанмен және басқа да Орталық Азия мемлекеттерімен өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілететін болады», – деп толықтырды Юй Хуэйцзяо.
Астанадағы саммит: 10 елден келген логистикалық операторлар не талқылауда.
Бұл мәлімдемелер айтылған саммитті «Қазпошта» YTO компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды. Астанадағы саммитке 10-нан астам елден пошта және логистикалық компаниялардың басшылары жиналды.
Негізгі назар – Орталық Азиядағы электрондық коммерцияны дамыту, тарифтік саясат және логистика мәселелеріне аударылды. Әлемдік тұрақсыздық жағдайында тиімді және тұрақты пошта инфрақұрылымын қалай құруға болатынына ерекше көңіл бөлінді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяоны қабылдаған болатын. Президентке «Қазпошта» мен YTO Express-тің бірлескен кәсіпорны – Qazpost-YTO қызметі туралы ақпарат берілді.
Биыл Алматы облысында сұрыптау хабының құрылысын бастау жоспарлануда, бұл пошта жөнелтілімдерін жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Qazpost-YTO сұрыптау хабының жанында индустриялық парк құруды жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай бірлескен жобалардың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, олар мемлекет пен халықаралық бизнестің тиімді өзара іс-қимылының үлгісі болуы тиіс екенін айтты.
Abai.kz