Сәрсенбі, 16 Сәуір 2025
Ақмылтық 545 0 пікір 15 Сәуір, 2025 сағат 12:45

Қара Мырзаның қателігі ме, қаскөйлігі ме?

Коллаж: Abai.kz

Немесе орыс либерал-демократының шектен шыққан шовинизмі туралы

Сөзсіз, біздің, қазақтардың, саяси ұстанымдарымызға, белгілі бір тұлғаларды қолдау не қолдамауымызға шетел саясаткерлерінің де өз әсері жоқ емес. Кей жағдайда, өзіміздің қайраткерлерден гөрі басқа елдердің танымал тұлғаларын сөзі мен қимыл-әрекетін, жүріс-тұрысын қызу талқылап жатамыз. Мейлі, ол не дүниенің астаң-кестеңін шығарған Трамп болсын, не қатардағы комиктен әлемдік деңгейдегі саясаткерге айналған Зеленский болсын, не өз елінде батыл реформа жасап, кейін қуғынға ұшыраған Саакашвили болсын – бәрінің саяси карьерасына қатысты ақпаратты біз өз саясаткерлеріміздің, әкім, министрлеріміздің өмірбаянынан гөрі жақсы білеміз.

Көрші Ресей саясаткерлеріне қатысты жағдай да солай.

Соның ішінде сол елдегі демократтардың біразы қазаққа танымал. Олардың азаттық, адам құқы мен бостандықтары туралы тұжырымдарынан біздің ағайын біршама хабардар. Оның өз себебі де бар: батпандап кірген нәрсе мысқалдап шығады - ыдырап, келмеске кеткен Совет одағының мұрагері -  постсоветтік кеңістіктегі ахуал әлі де ұқсас. Яғни, ол елдердегі саяси жүйелер бізге тарихи, моральдық, саяси және психологиялық жағынан алыс емес.

Сол көзқарастың бірі сол: Ресейдегі авторитарлық билікке қарсы шыққан кез келген саясаткерді біз, олардың саяси тұғырнамаларын жетік білмесек те, көз жұма салып («олар демократ емес пе?!» деп), қос қолымызды көтеріп, қолдай жөнелеміз.

Солардың бірі – соңғы кезде алыс-жақын елдер аузында жүрген Владимир Қара Мырза. Либералдық-демократиялық ұстанымымен танылған оның аты Ресейдің мүйізі қарағайдай оппозиционерлеріің қатарында жиі аталып жүр. Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысын сынға алған ол, басқалармен бірге «шетел агенті» аталып, түрмеге отырып та шықты. Өткен жылы Батыс пен Ресей арасындағы тұтқындармен алмасуы барысында біраз адаммен бірге ол да бостандыққа шығып, бүгінде шетелде жүр.

Міне, күні кеше ғана ол Франция парламентінде бүй деп көсіліпті:

«...Есть ещё одна причина, по которой Министерство обороны России привлекает так много представителей национальных меньшинств — потому что, как оказалось, русским психологически действительно тяжело убивать украинцев. Потому что мы — один народ. Это очень близкие народы, как всем известно. У нас почти одинаковый язык, одна и та же религия, века общей истории. Но если это кто-то из другой культуры, якобы это проще. Я раньше об этом не задумывался. Мне казалось, что причины были в первую очередь экономические. Но после слов (коллеги, которая рассказала о бурятах) я тоже начал об этом думать».

Мына сорлының сорақы сөздерін өз тілінде келтіріп отырмын. Мәселе, қазақ пен орыс тілінің арасындағы өзгешіліктерде ғана емес, мәселе спикер сөздер мен терминдерді қалай, қай мағынада пайдалануында.

Осы сұмпайы сөздерден кейін бірнеше заңды сауал туындайды. Және де мен кәнігі демократ ретінде оның бәрін өзін демократ санайтын Владимирге жолдаймын.

Біріншіден, орыстар украиндықтарды соншалықта жақын көріп, аяса, неге өз бауырларына қарсы соғыс ашты?! Әлде басқыншылықтың басында тұрғандар орыс ұлтының өкілдері емес, Қара Мырза айтпақшы, «басқа мәдениет өкілдері», яғни «буряттар» ма екен?! Бұл жерде белгілі либерал-демократ нақты бурят ұлтын жалпылама, яғни Ресейдегі ұлттық азшылықтар мағынасында алып, басқаларды да меңзеп тұрғанын бәріміз түсіну үшін көп ақылдың керегі де жоқ екені түсінікті шығар.

Немесе Ресей Қырымды басып алған 2012 жылдан бастап, барлық федералдық телеарнадан күні-түні сарнап, соғыс пен бейбіт адамдарды қырып-жоюды ақтап жатқан «соловьевтер» қай ұлт өкілі екен?!

Екіншіден, өз сөзінде танымал демократ ұлттарды «психологиялық» жағынан бөліп тастап отыр. Біреулеріне украиндықтарды өлтіру қиын болса, екіншілеріне түк те тұрмайды екен. Шовинизм мен империялық ұстанымды былай қойғанда, бұл өзі фашизмге қарай ұласып кететін диагноз емес пе?! Олай болса, бұл сөздер ұлтаралық араздықты қоздыру боп саналмай ма?

Үшіншіден, әрине, саяси технология заңдарына сәйкес, электораттық сайыста жеңіске жеткісі келетін саясаткер міндетті түрде өз сайлаушыларының көзқарасын, саяси таңдауын ескеретіні де түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда, Қара Мырзаның бұл тезисі, әрине, «Қырым - біздікі!», - деп деревняларда шалқып отырған орыс халқының біраз өкіліне жағады әрі сол неоимпериялық басқыншылық синдромын қоздырып-ақ тұр. Саясаткер болса, орыс еместердің көңіліне қарап жатқан жоқ. Оларды «ұлттық азшылық» деуі де содан болар, болары-болмасы белгісіз сайлауларда олардың дауыстарын ол қажет етпейтін де секілді.

Сол себепті «Азаттық! Теңдік! Ынтымақ» ұранын мемлекеттік қағидат ретінде қабылдаған Францияның парламентінде Қара мырзаның осылайша көсілуін өз басым оның қателігі емес, қаскөйлігі деп қабылдаймын!

Жә, басқа елдің бір саясаткерінің сандырағы деп мәселені жылы жауып қоюға болар еді.

Алайда, осы мысал мынадай бір ойға жетелейді.

Өздерін либерал-демократ санайтын, Ресейдегі авторитаризмге қарсы шығып жүрген кез келген адамды біз оның нақты мәселелер бойынша нақты позициясына қарамай, неге бірден қолдай жөнелеміз? Өткен жолы Навальный қаза тапқанда, мен оның да неоимпериялық көзқарасын атап өткенде, оның біздің елдегі фанаттары мені қатты-қатты сынап тастап еді.

Міне, Лениннің «Великоростардың ұлттық мақтанышы туралы» атты мақаласынан жөнді сабақ алмаған Қара Мырзаның аталмыш сөзі бізді сол жағдаятқа қайтадан оралтып отыр.

Түйін сол: мен үшін жалпыдемократиялық құндылықтардан қазақ ұлтының, мемлекетіміздің түпкілікті һәм түбегейлі мұраттары бірінше кезекте тұрады. Өз ішіміздегі және сырттағы кез келген саяси тұлғаны мен, ең алдымен, осы критерий арқылы бағалаймын.

Және де бұл талап бірінші кезекте өз еліміздегі саяси күштер мен жеке тұлғаларға да қатысты болуы тиіс деп санаймын. Әйтпесе, билікке қол жеткізуде басқа ұлттарға жағамын деп ұлттық мүддені екінші кезекке қоюшылар бұрын да болған, бүгін де жоқ емес.

Танымастай болып өзгеріп жатқан геосаяси ахуал мен әлі де сақталып отырған ішкі қауіптер менің осы ойымды одан сайын нықтай түскендей.

Басқаларды да осы пікірге қосылуға шақырамын.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1942
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4756
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3907