Ресейдің арманы - Евразия макромемлекетін құру!

Ресейде Александр Дугин деген шал бар. Ресейдің бас идеологтарының бірі. «Орыс әлемі» идеясын жасаушы адам. Нағыз импершіл, нағыз колонизатор пиғылды адам.
Сол Дугин: «ТМД аумағында жаңа макромемлекет құру – қашып құтылмас шындық» дейтін дерективасын жариялапты.
Онда: «Бүгінгі күні макромемлекет құрудың қажеттілігі күн санап артуда. Бұл қажеттілік ТМД-ны қалыптастыру сәтінде-ақ белгілі болған. Бірақ, ТМД біріктіруші міндетті атқара алмады. Онан соң Еуразиялық одақ құрылды. Алайда оған тек қана экономикалық идеялар кіргізілді. Жалаң экономикамен біріктіру процессі іске аспайтыны белгілі ғой, демек ол да кібіртіктеп тұрып қалды.
Қазір әлемдік жүйені қайта құру басталған сәтте, бұл істің сәті туып тұр. Мұндай сәтте интеграция жасай алатын ұлы державалар ғана өзінің суверенитетін сақтап қала алады. Ал кіші елдерге қай державамен бірге боламын дегенді таңдау ғана қалады. Егер олар өз таңдауын жасамаса, онда державалардың ықпалында талан-таражға түсетін қайғылы тағдырға тап болмақ.
Посткеңестік елдердің басым көпшілігі үшін жалғыз дұрыс шешім – Еуразиялық макромемлекет құрамына өту болмақ.
Қазір көптеген кіші мемлекеттер өздерінің иллюзиялық амбицияға толы суверенділігін қалыптастыруды ойластыруда. Алайда бұл иллюзия біздің Украинада жеңіске жақындай түсуімізге байланысты сейіліп бара жатыр. Кеңес Одағы мен Ресей империясының кеңістігінде макромемлекет құру қашып құтылмайтын тарихи процесс. Бұл держава құрушы циклға қатысып жатқандар үшін суверенитетін сақтап қалудың жалғыз жолы», - дейді.
Дейді де, Дугин «жаңа империяға» кірігетін потенциалды елдер қатарына ТМД аумағын тұтастай, соның ішінде Украинаны, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны, Грузия, Молдова, Армения мен Әзербайжанды жекелей атайды.
Дугин осылайша Ресейдің түпкі мақсаты – жаңа империя құру екенін ашық айтты. Және Ресей билігінің алдағы уақытта бұл идеяны белсенді түрде насихаттайтынын аңғартты.
Abai.kz