Сенбі, 19 Сәуір 2025
Алашорда 505 0 пікір 18 Сәуір, 2025 сағат 11:58

Тұтқынның бойтұмары

Сурет: Қазақ әдебиеті гәзетінен алынды.

Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің солақай саясатын мойындамай, халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі мен наным-сенімін, ділі мен дінін қорғау жолында өмірін құрбан еткен азаматтар көп болған. Солардың бірі – алашордашылармен бірге иық тіресе халқына қызмет атқарған Райыс молда.

Көнекөз қарттардың бұрынғы айтқаны, артында қалған ұрпақтарының естелігі мен қолда бар деректерге сүйенсек, Райыс молда мөлшермен 1897 жылдары Семиречье облысы Лепсі уезі Қысқаш-Садыр болыстығындағы Қанжыға мекенінде өмірге келген. Ол кісінің дін жолына түсуіне отбасындағы тәрбие, яғни әкесі, қажы Мұхамадидің тікелей ықпалы болыпты.

Ержетіп, оңы мен солын таныған соң, көзі ашық, еті тірі, қалтасы қаржыға толы ширақ жігіт Райыс үйленіп, Алматы қаласына қоныс аударады. Оның өз кіндігінен Ғайникамал (Кәмәш) және Аят атты ұрпағы дүниеге келеді.

Молданың үлкен қызы Кәмәш: «Өзінің дін әлеміндегі білгірлігі мен белсенділігінің арқасында Райыс әкеміз Алматы қаласындағы Алашорда үкіметінің дінмен айналысатын басшы қызметкерлерінің бірі болып, қаражат жағын да қадағалаған», – деп отырады екен балаларына айтқан әңгімесінде.

1918 жылғы азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес жүйесі бар билікті қолына алған соң «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін таратты. Алашордалықтарды Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісін де,  «халық жауы» деп түрмеге тоғыту жазасын да кеңінен қолданды.

Бұл зобалаңнан Райыс молда да аман қалмады, көптеген Алаш қозғалысына қатысқан зиялы қазақ қайраткерлерінің кебін киіп, атамыз да тар қапасқа қамалды. Өлкемізге белгілі бай, Қанжығадан шыққан алғашқы қажы, әкесі Мұхамадиден Райысқа қалған мал мен байлық Кеңес өкіметі өкілдерінің көзіне қызыл шүберектей көрініп, мазасын алады.

Райыс молданың байлығы жөнінде бұл маңайда айтылатын аңыз аз емес. Көктеректің көзі тірі көнекөз қариясы Ташболат Сәбитов «Көктерегім – көктегенім» атты кітабында Райыстың мол ақшасы жайлы әңгімені былайша өрбітеді: «1960 жылдардың бірінде Қырыққұдық-Мәмбетбайды қыстаған малшылардың әр үйі «тегін ақшаға» қарық болып қалды. «Ахмет-Тохмет» базын қыстап отырған Исатай Әлдекенов аға Керенскийдің қос үкіметі тұсында шығарған «көкала» ақшасын «Райыс қажы» қыстауының «бодамы» (үйдің іргесі) астынан қазып алыпты. Түлкі ін қазғанда сыртқа шыққан ақшаны көріп, ертесіне күрек алып келіп, інді ары қарай үңгиді. Бума-бума болып буылған ақша, ораулы күйінде, су болмай, бұзылып-шірімей таза сақталған. Мұндай ақшаны сол кезде көргеніміздің өзі қызық, мен де бір барғанда біреуінің үйінен бір уысын алдым».

Басқасын айтпағанда, осы деректің өзі Райыс атамыздың қаржыдан ешқашан қысылмағанын көрсетеді.

1928 жылы 19 қыркүйекте Лепсі уезі Өлкелік комиссиясының Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі шығып, арасында бес болыс Садырға билік жүргізген Базарбайдың Тәсібегі және Мұхамади қажы бар, барлығы он бір адам қатты қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге тоғытылып, жер аударылғанын архив құжаттары айғақтайды. Уақыт өте келе НКВД-нің жандайшаптары ендігі жерде қажының ұлы Райыстың соңынан шам алып түседі. Ақыры Райыс молда алғаш рет 1930 жылдардың басында «бай-кулак» ретінде сотталып, Сібірдің сансыз лагерьлерінің біріне жер аударылып, қараңғы қапасқа қамалады.

Райыс молдаға тағылған айыптың негізсіз екенін, мұның бәрі жабылған жала екенін аңғарған түрме басшылығы рақымшылық жасап, ардақты азаматты қамаудан босатады. Туған жері, туысқаны мен қос қарашығын сағынған Райыс атамыз Көктерекке оралуға қанша оқталғанымен, кезінде әкесі Мұхамади қажыны да жала жауып ұстатқан ауыл «белсенділерінің» өзіне де тыныштық бермейтінін түйсігіне түйіп, анық сезеді.

Уақытында Алматыда жүргенде өзімен қызметтес болып, ұлтының тәуелсіз ел болуын бірге көксеген кейбір алашордалықтардың ішінде большевиктердің құрығынан құтыла білген бірен-саран азаматтар да бар еді. Олардың біразы Алашорда қозғалысының астанасы болған Семей қаласында тұратын. Солармен ақылдаса келе, Райыс заман түзелгенше, ауылға бірден бармай, Семейде уақытша бола тұруға шешім қабылдайды. Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай жылжығанмен, Райыстың есінен туған елі мен ағайын-жұрты, құлындай құлдыраңдаған қыздары бір сәтте шыға қоймайды.

Қос ботақанына деген сағыныш, бабалары мен әкесінің басына барып Құран бағыштау арманына айналады. Осы мақсатын іске асыру үшін, бір қолайлы сәтті пайдаланған ол Көктерекке бет түзеп, жолға шығады. Алайда арада өткен сан жылдар оның ауылына да үлкен өзгерістер мен жаңалықтар әкелген еді. Кеңес өкіметі қолға алған коллективизация науқаны молданың туған жерін де айналып өтпей, бұрынғы өзі дүние есігін ашқан «Қанжығабұлақ», тай шаптырым жердегі «Борлыбұлақ» ендігі жерде ТОЗ-ға айналып, Лепсі өзенінің ар жақ бер жағындағы жерлерде бөлек отырған ағайындардың бәрін күштеп қосып, «Ворошилов» ұжымшары құрылған болатын. Ауылға келіп, аз уақыт мауқын басқан Райыс атамыз «Аяқ көлде» мәңгілік мекенін тапқан әкесі Мұхамади қажының басына барып, Құран бағыштайды.

Коммунистік үлгіде құрылған ұжымшарда адамгершілік арын таптап, ауылдастарының ығырын шығарып, құтын қашырған, «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер мен НКВД агенттері де жоқ емес еді. Сондайлардың бірі – «Райыс молда ауылға қайтып келіп, ескінің жолын аңсап, жаназа шығарып, Құран оқып, Кеңес өкіметі мен коммунистер саясатына қарсы келіп жүр» деп, ауданға домалақ арыз дөңгелетіп жібереді.

Осылайша, 1937 жылдары Райыс атамыз енді екінші мәрте ұсталып, ұзақ мерзімге түрмеге қамалып кете барады.

… 1985 жылдың сәуір айының соңы. Орел қаласы. Теміржол вокзалы. Офицерлердің айқай салған бұйрықтарына әскерлердің қолын жұлқа тартып, абалап үрген иттердің даусы қосылып, пойыз құрамының ең соңындағы «арнайы вагонның» маңайын азан-қазан етуде. Қолдарын арттарына қайыра ұстаған тұтқындар автозактан түскен бетте автоматпен қақпайлаған солдаттардың екпінімен бүкшең қаға жүгіріп, вагонзакқа қарай өлермендікпен ұмтылуда.

Айнала айғай-шу. Жарқ-жұрқ еткен прожектордың жарығы көз жанарыңды қариды. Кенет бір сәтке тыныштық орнап, осындағылардың барлығы назарларын автозакқа аударды. Бәрі тұрған орындарында қатып, тапжылмай қалған. Зембіл үстінде жүрелей отырған мосқал тұтқынды төрт жағынан қаумалай көтерген жолдастары автозактан баппен түсіріп, вагонзакқа қарай асықпай аяңдады. Жасы сексеннің сеңгірінен әлдеқашан асқан қарт тұтқынның зембіл үстіндегі отырысы құдды бір құрыштан құйған ескерткіш дерсің. Омырауын жапқан аппақ сақалы, мұнтаздай таза қара робасымен астасып, кексе тұтқынға ерекше бір сұс бергендей.

Небір атышулы тұтқындарды күзетіп, түрме аралап, этаппен еріп жүрген қаншама офицер кәрі арестантқа құрмет көрсеткендей, орындарында қалшиып қатып қалған. Тұтқындар түгелдей тиеліп біткен соң, этапты қабылдаған әскерилер «арнайы вагонның» есігін бекітіп, өздері іштегі жабдықталған орындарына жайғасты. Біршама уақыт өткен соң, орнынан ыңырана қозғалған пойыз Ресейдің орталық өңірі Орелден Сібірдегі Красноярск қаласын бетке алып, ышқынып жөнеп берді.

Осы вагондағы тұтқындарды этаппен әкетіп бара жатқан әскерилердің арасында алыстағы Қазақстанның Талдықорған облысы, Бөрлі-Төбе ауданы, М.Горький кеңшарының тумасы Сәрсенбек Сағымбаев та бар еді. Жас жауынгер бұл уақытта әскери борышының бір жарым жылын өткізіп, енді алты айдан соң еліне қайтуға дайындалып жүрген сақа солдат болатын.

Ішкі істер әскерлерінің бұйрығы бойынша, «вагонзактағы» кезекшілікте тұрған сарбаздар әрбір екі сағат сайын бір-бірін алмастырып тұрады. Түн ортасында кезекшілік уақыты келген Сәрсенбекті қарауыл бастығы тұтқындар жатқан бөлікке жақын жерге күзетке орналастырды. Біраз мезгілден соң тұтқындар тегіс ұйқыға кетіп, мүлгіген тыныштық орнады. Ойы сан-саққа жүгіріп, елегізіп тұрған Сәрсенбекке тұтқындарға тамақ беретін «кормушка» жақтан бір әуезді, мұңды ән естілгендей болды. Демін ішіне тартып, әлгі әуенге құлақ салғанда, іштегі тұтқындардың бірі қазақша ән мақамын қоңырлатып айтып отырғанын сезді. Онсыз да елін сағынып, бір жарым жыл бойы қазақша сөйлесетін адам таппай, аласұрып жүрген сарбаз шыдамай, темір тордың ар жағында төмен қарап, ыңылдап отырған тұтқынға барынша жақын келіп, назар аударды. Көзін алмай, тыныш тұрып, телміре қарады.

Қыраудай болып ақ шалған басын асықпай Сәрсенбекке бұрған әлгі тұтқын шал әлден уақытта: «Қазақсың ба?» – деп тосын сауал тастады. «Иә», – деп жауап қатқан одан тұңғиық тартқан мұңлы жанарын алмастан қадала қараған тұтқын: «Мен де қазақпын, Ворошиловтанмын», – деді көкірегін кере күрсініп. Олар сыбырлай сөйлесіп, бір-бірінен ептеп сыр тарта бастады. Әскери қатал тәртіптің бұлжымас ережесін бұзған сарбаз бен заңға қайшы келіп тұтқынға түскен арестанттың арасы беймәлім бір күштің шырмауына түскендей жақындай түсті. Бірақ екеуара енді басталған әдемі әңгіме әп-сәтте аяқталды, себебі, бұл кезде сарбаздың кезекшілік өткізіп, тынығатын уақыты таяған еді.

Темір төсек үстінде күміс сақалын тарамдап, көзінен аққан алты тарам жасын білдірмей сүртіп, жүрелей отырған, тоқсан жасқа таянған бұл тұтқын – бағанағы «вагонзакқа» аса бір құрмет көрсетіліп зембілмен кірген көктеректік Райыс молда болатын.

Этаппен келе жатқан тұтқындар аяғынан тік тұрып құрметтейтін ақсақал күндіз жанындағы тағдырластарымен ара-тұра орыс тілінде сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрса, түн баласы ұйықтамай бірде күңіреніп, бірде қазақша әуен ырғағын ыңылдаудан жалықпайтын. Онысы кейде кербез даланың мұңлы әніне ұқсаса, енді бірде қасиетті Құран аяттарының мақамы мен әуезіне де келетін.

Жеті күнге созылған сапар барысында Сәрсенбек шамасы келгенше, орнынан өздігінен тұрып, жүре алмайтын ақсақалдың көңілін аулап, қолына түскен шай мен дәмді тамағын аузына тосты. Әйтеуір бір қазақтың баласы ғой деп, бауыр басып, өзіне үйреніп қалған Сәрсенбекке кезекті әңгіме барысында тұтқын байғұс тұңғиықтан тартып, ішіндегі сырын тұтамдап шығарды. Сағымдай бұлдырап, өмір бойы ақ арманына айналып, қиялына қанат бітірген алыстағы «Ворошилов» деген жерде кіндік қаны тамған ауылы мен қыздары қалғанын жеткізді.

Өзінің сонау 1937 жылы «халық жауы» деген жала жабылған айыппен сотталып, темір тордың ішінде елу жыл бойы жараланған арландай санасын сан жаққа жүгіртіп, көп сұраққа әлі де жауап таппай сенделетінін баяндады. Қанша жерден сабыр сақтағанымен, қасиетті Құран аяттарын оқыған сайын жақындары есіне түсіп, бар ғұмырының елу жылы егілумен өтіп келе жатқанынан хабар берді.

Этап аяқталуға бір күн қалғанда Райыс қажы Сәрсенбекті жанына шақырып, қатпарланып әжім басқан мойнынан бойтұмарын шешіп, тарамыстанған қолына таспиығын алды. Жарты ғасыр бойы бірде қойнына тығып, енді бірде мойнына салып, қандай қорлық пен адам жаны шыдамайтын азап шексе де мойымай, қашанда сарғайған сағынышын басып, үміт отын жағып, әрдайым өзін мүмкін болар бостандыққа бастаған бойтұмарының қақпағын ашты.

Аса бір шеберлікпен слюдадан жасалған тұмар ішіндегі ұқыптылықпен оралған сарғайған қағаз арасынан шеттері жырымдалып, жыртыла бастаған ескі суретті шығарды. Екі жағына кезек теңселе отырып, көзіне келген жасын іркіп, «суреттегі бүлдіршін қызы тірі болса, «Ворошилов» деген жерден тауып алып, тек қана соның қолына ұстатуын» өтіне сұрап, аманат тұмарын Сәрсенбекке тапсырды.

Әттең-ай, әттең, не керек, жиырма жастағы алаңғасар жас сарбаздың өзіне қарт тұтқын аманатқа ұсынған суреттегі қыз баланың ауылдағы өз көршісі Аят апа, ал «Ворошилов» болса, өзінің туған жері Көктеректің колхоздастыру кезінде күштеп таңылған атауы екені қаперіне де кіріп шықпады.

Құдіреті күшті Алла өзінің туған ауылының ескі атауын білдірмей, осы соңғы этаптан қайтысымен қызмет атқаратын әскери бөліміне жетуді ғана ойлап тұрған сарбаз алдында отырған «сапарлас» тұтқынның соңғы аманатын орындауға уәдесін беріп, қош айтысып, басқа пойызға ауысуға асығып бара жатты. Мына бес күндік жалған дүниемен араздасатын мезгілінің де жақын қалғанын барлық болмыс-бітімімен, жан дүниесімен түсінген тоқсанға таяған тұтқын қария болса, көкірегі қарс айырылып, асыға басып бара жатқан сарбаздың соңынан ойлана қарап, бір сәт үнсіз қалды.

Тағдыры тәлкек болып, саналы ғұмырының тең жартысын айдауда өткізген зарлы тұтқынның сол кезде көңіліне медет тұтар бір-ақ жұбанышы бар болатын. Бұл жұбаныш – осы азап арқалаған жарты ғасыр бойы өзіне үміт отын жағып, өмір сүруге жетелеген бойтұмарының қызы Аятқа тапсырылатынына деген болмашы ғана сенім еді.

Тағдыр тәлейі осыдан кейін Райыстың басына тағы да нендей ауыртпашылық салғаны бір Аллаға ғана аян. Киесіндей сақтаған бойтұмарының тойымсыз қара жерге өзімен бірге кетпей, соңғы аманатына қиянат жасалмай, туған ауылы Көктерегіне жетіп, қызы Аятының қолына тапсырылатынын, қайран әке, әрине, білген жоқ.

Этапты өткізіп, Орел қаласына қайта оралғанда, Сәрсенбекті жағымсыз хабар қарсы алды. Әскери бөлімше командирі оған туған бауыры Сарқыттың қаза болғанын естіртіп, еліне барып қайтуы үшін демалыс берілетіндігі жайлы құжатты қолына ұстатады.

Ауылына келіп, ағайынымен көрісіп, қайғысы мен сағыныш мауқын басқан соң, Сәрсенбек өзінің ойынан шықпай жүрген, тұтқын ақсақалмен болған кездейсоқ кездесу уақиғасы мен оның аманаты жайлы Шәкен атасына әңгіме айтып, «Ворошилов» деген ауылды Қазақстанның қай түпкірінен іздеу керектігін сұрайды. Терең ойға шомып, жиен немересінің әңгімесін толықтай үнсіз тыңдаған Шәкен атаның «әттеген-айдан» өзегі өртеніп, аузына айтар сөз түспейді. Сәрсенбекті соңына ертіп, көршісі Аят апаның босағасынан аттаған Шәкен ақсақал Райыс молданың ақырғы аманаты – бойтұмарын қызының қолына тапсырады.

Мына күтпеген хабар төбесінен жай түскендей қылған Аят апа болса, есі кіресілі-шығасылы қалпында әкесінің бойтұмарын бетіне басып, аймалап сүйіп, қатал тағдырдың осынау тосынсыйына сенерін де, сенбесін де білмей, өкси егіліп, ұзақ жылапты.

1953 жылдың 27 наурызында СССР Жоғарғы кеңесі президиумының амнистия жайлы жарлығына сәйкес бір миллион екі жүз мыңнан астам тұтқын бостандыққа шықты. Бұл жарлық адам өлтіргендер, қарақшы-тонаушылар, социалистік меншікті жымқырғандар мен контрреволюциялық қылмыс жасағандардан басқаның бәріне жүрді. Біздіңше, Райыс Мұхамадиұлының ісі контрреволюциялық қылмыс қатарына қосылып, аталмыш бүкілхалықтық амнистияға да ілікпей қалған сияқты.

Имандылық пен мұсылманшылықтың туын көтеріп өткен молда атамыздың адам өлтіріп, қарақшылықпен айналысып, ел байлығын тонауы еш мүмкін емес. Олай болса, Райыс Мұхамадиұлы – тек саяси тұтқын. Кеңестер одағының Қылмыстық кодексі бойынша саяси сенімсіз элемент ретінде «он жыл бойы хат-хабар алуға және жазуға құқықсыз» деген баппен қамалған Райыс молданың «кінәсі» тым ауыр саналатын. Сталиннің репрессиясы бойынша да мұндай статьямен сотталған тұтқындар негізінен саяси тұтқындар еді және олардың бәрі өлім жазасына кесіліп, міндетті түрде атылатын. Райыс молданың елу жыл бойы қараңғы қапасқа қамалып, пешенесіне туған елін көру бақыты бұйырмағаны – әлі шешілмеген жұмбақ дүние. Сағы сынбаған асыл ерге туған жерінің топырағы бұйырмай, тоқсан жасқа жетіп барып, Красноярскідегі уран кен орындарының бірінде соңғы демінің үзілуі – өте өкінішті әрі аянышты тағдыр.

Есенай ІҢКӘРБАЕВ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2036
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4897
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4094