Дарындылар, қайда барасың?

Қазір біз дөп келіп отырған мәселенің бірі – қазақ жастарының, оның ішінде дарындылардың шетелге ағылуы. Шындығында, дарындылардың шетелге ағылуы қазір көптеген елдер, соның ішінде Қазақстан үшін де өзекті жағдай болып отыр.
Бұл құбылыс ағылшын тілінде көбіне «brain drain» (ми ағымы) деп аталады. Яғни, ғылым, өнер, технология, медицина, инженерия сияқты түрлі салаларда қабілеті ерекше мамандардың білім алып, кейін тұрақты түрде шетелде қалып қоюы немесе сонда жұмыс істеуді жөн көруі.
Ал біздің қоғам неге осы мәселеге душар болып отыр. Шетелдегі жоғары жалақы мен жақсы өмір сүру мүмкіндігі, дамыған елдерде еңбегі лайықты бағалануы біздің жастарды елітіп жатқаны шындық. Ал сонымен бірге, шетелде ғылыми инфрақұрылым, айталық. зертхана, құрал-жабдық, жоба қаржыландыруы жақсы дамығанын да айта кеткен жөн. Мүмкін осы саламен айналысатын жастар үшін өз жұмысына қатысты технологиялық дайындықтар мен мүмкіндіктердің шетелден тез табылуы да бұл мәселенің өршуіне ұйтқы болып отырған шығар. Содан кейін бұған шетелде жұмыс істеу арқылы әлемдік деңгейдегі ғылым мен мәдениетке үлес қосуға болатын мүмкіндіктерді қосқан дұрыс.
Ал осы мәселе еліміз үшін қандай қауіп төндіреді? Бұған да жауап іздеп көрдік. Ең алдымен, интеллектуалдық потенциалдың төмендеуі — ғылым мен технология саласы баяу даму қаупі күшейеді. Сонымен қатар, экономикалық даму да белгілі мөлшерде тежеледі — инновацияның азаюы кәсіпкерлік пен өндірісті шектейді. Тіпті қазақтың жас дарындары шетел асып кете берсе, ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілік деңгейі төмендейді, халықаралық аренада білікті мамандар саны азаяды.
Осы жазбаны жазып отырып, бұл мәселенің алдын алу шаралары қалай деген сұрақ бойынша ізденіп көрдік. Дарындыларға лайықты жағдай жасау (жалақы, зерттеу мүмкіндігі, шығармашылық еркіндік), жастарды қолдау бағдарламаларын іске асыру, шетелде білім алып жатқан мамандарға елге оралуға ынталандырулар беру (грант, мансаптық өсу, тұрғын үй көмегі) деген сияқты қолдаулар шешілсе, құба құп болар еді.
Бұл мәселе туралы біз АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінд магистратурада білім алып жатқан Жанар Елдосқызына хабарластық. Ол өз ойын былай тарқатты: «Қазақ тәуелсіздігін алған тұста жахандану қайнап тұрған кез еді. Оң- солын танып үлгергенше диджитал қоғам ентелеп еніп кетті. Әлеуметтік желі бүгіндпе 3.5 миллиард адамды уысында ұстап отыр. Сондықтан ұлттық азаматтық қана емес, жахандық азаматтық деген ұғым туындап жатыр. Адамның өзін белгілі бір мемлекеттің емес, “әлемнің азаматымын” деп санайтын жаңа түсініктер пайда болуда. Адамдар өз жағдайын ауылдасы мен отандасының тұрмысымен емес, әлемнің басқа түкпіріндегі адамдармен де салыстырады. Әсіресе, жастарда құндылық бұрынғыдай тек ұлтшылдықпен шектелмейді. Мәселен, Ғалымдар «америкалық арман» құндылығының , яғни, жақсы үй, жақсы көлік, жақсы жұмыс иесі болу, капиталистік идеялардың универсалды , жалпы жаханға ортақ құндылықтарға айналып кеткенін айтуда. Сонымен қатар, дамыған мемлекеттерде талантты жастарға арналған қолдау механизмі әбден жолға қойылған. Жалақысын жақсылап беріп, бала-шағасын мектепке орналастырып, үлде мен бүлдеге орап қояды. Тек материалдық жағдай емес, позитивті орта, мүмкіндіктер жасайды. Сондықтан онсыз да идеологиялық тұрғыдан кіндігі еліне, ұлтына байланбаған талантты жастар шетел асып кетеді. Бір жағы өздерінің потенциалдарының нәтижесін көргісі келеді. Туған жерге қайтқанымен бай кітапхана қоры, жабдықталған зертханалар, бизнес идеяларын қолдайтын қалталы инвесторлар да өз елінде табыла қоймайды. Бұдан бөлек шетелдегі сенім еркіндігі де көп жастар үгін қолайлы. Қай дінді ұстанып, қай ұлтқа жататынына байланысты алалаушылыққа ұшырамай, еңбегіне қарай бағаланатыны қызықтыруы да әбден мүмкін. Шындығында қазақ жастары өте дарынды, еңбекқор. Мәселен, Америкадағы мықты университеттердің грантын шертіп жүріп жеңіп алып жүрген жастар жетерлік. Мемлекеттік тұрғыдан жас таланттарға арналған жүйелі бағдарлама жасалмай, материалдық қолдау мен шығармашыл орта қалыптастырмай, дарындардың елден кетуі жалғаса беретін тренд деп санаймын. Әсіресе бүгінгідей технологиялық тұрғыдан әлем бір жахандық ауылға айналған дәуірде дамушы мемлекетке әрбір талантты жас үшін жан алып, жан беріп таласатын күн туып тұр».
Abai.kz