Қазақстан Ауғаныстанның темір жолын инвестициялайды

Қазақстан Ауғанстанда теміржол салуға 500 млн доллар инвестициялайды.
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Талибан өкіметінің Премьер-Министрінің орынбасары Абдул Ғани Барадармен кездесу барысында Тургунди–Герат–Спинболдак теміржол жобасына 500 миллион доллар көлемінде инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеді.
Бұл теміржол желісі Орталық Азияны, Иранды және Пәкістанды байланыстырады. Хабарланғандай, бүгін екі ел өкілдері арасында өткен келіссөздер барысында қазақстандық тарап тек магистралды қаржыландыруға ғана емес, сонымен қатар жобаны қамтамасыз ету үшін Герат қаласында көлік-логистикалық компаниялар құруға ниетті екенін растады.
Бұған қоса, Жұманғарин Ауғанстанға интернет-арна тарту жобасын кеңейтуді жариялап, қазақстандық инвесторлардың ауған мұнай және газ кен орындарын игеруге қызығушылығын білдірді.
Бұл бастамалар Талибан режимінің халықаралық оқшаулануына қарамастан, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты айтарлықтай нығайта алады.
Abai.kz