Бүлікші ұйымға Қазақстанда тыйым салу керек!

Қырғыздың ақпарат құралдары: «Қырғызстанда қырғыз азаматтарын жалдамалы жендет болып, Украинаға қарсы соғысуға үгіттеген 4 адам тұтқындалды», - деп хабар таратты. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды.
Бішкектің Бірінші Май аудандық соты тұтқындалғандардың аты-жөндерін жариялады. ал қылмыстық істі Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қозғаған.
РЕСЕЙШІЛДЕР ҚЫРҒЫЗДАРДЫ СОҒЫСҚА ШАҚЫРУДА...
Кейін анықталғандай, тұтқындалғандардың бірі Ош қаласындағы Ресейлік «Россотрудничествоға» қарайтын «Орыс үйінің» қызметкері болып шыққан. Аты-жөні – Наталья Секерина.
Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 1 бабы, 416 тармағы бойынша айып тағылған. Ол дегеніңіз – «Басқа мемлекеттердің қарулы қақтығыстарына араласуға үгіттеу, жалдамалы қызметкерлерді жалдау, қаржыландыру, материалдық қамтамасыз ету, оқыту» деген айып.
Қырғыз ақпаратының дерегінше: Тұтқындалғандардың тағы бірі – Ош әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі Сергей Лапушкин деген адам.
Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 1 бабы, 416 тармағы және 3 баптың 43 тармағы бойынша айыптар тағылған.
416 тармақты жоғарыда айттық. Ал 3 баптың 43 тармағы – «Басқа мемлекеттердің қарулы қақтығыстарында пайдалану мақсатында жалдамалыларды тартуды, қаржыландыруды, материалдық қамтамасыз етуді, оқытуды ұйымдастыру» деген айып.
Секеринаның «Facebook» парақшасында Лапушкин қатысқан Оштағы «Орыс үйі» іс-шараларының материалдары мен видеолары бар.
Бұл іс бойынша Секерина мен Лапушкиннен бөлек тағы екі адам ұсталған. Олардың кім екені әлі белгісіз. Төртеуі де Бірінші Май аудандық сотының шешімімен 17 маусымға дейін қамауға алынды.
РЕСЕЙ ПАСПОРТЫ ҮШІН ЕЛІН САТҚАН ҚЫРҒЫЗ ЕКІНШІ РЕТ СОҒЫСҚА АТТАНҒАН
Қырғызстанда осыған дейін бірнеше азамат Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысқаны үшін сотталған. Солардың бір мысалы:
2023 жылдың қаңтар айының ортасында Асқар Кубанычбекұлы дейтін адам ұсталып, сол жылдың мамыр айында ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланғаннан кейін ол Ресей билігінен азаматтық сұраған, содан кейін бірқатар ресейлік шенеунік оны босатуды талап етіп, Ресей төлқұжатын беруге уәде еткен.
2024 жылдың қаңтарында Бішкек соты оның ісін қайта қарап, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды және бостандыққа шығарды. Сәуір айының соңында Асқар Кубанычбекұлының Ресейге қашып кеткені белгілі болды. Ресей Федерациясының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі Кирилл Кабанов әлгі неменің соғысқа екінші рет барғанын айтты. Бірақ оның Ресей азаматтығын алған-алмағаны белгісіз.
«ОРЫС ҮЙЛЕРІ» – РЕСЕЙДІҢ ЖҰМСАҚ КҮШІ!
«Орыс үйлері» әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Еуропаның көп бөлігінде бар. Бұл ұйымдар «Россотрудничество» мүддесін қорғайды және ресми мәліметтер бойынша, «шетелде тұратын ресейліктерге әртүрлі іс-шаралар мен қызметтер ұсынумен айналысады, сондай-ақ Ресей мәдениетін, ғылымын және білімін насихаттауға жауапты».
БАКУ МЕН КИШИНЕВ «ОРЫС ҮЙЛЕРІН» ЖАПТЫ
Ресейдің шетелдердегі «жұмсақ күшінің» ықпалын арттыру мақсатында жұмыс жасайтын «Россотрудничество» жаңа сынақтарға тап болуда.
Биыл ақпанның басында Әзербайжан билігі Бакудегі «Орыс үйін» жапты. Мәскеуге Ресейдің «Россотрудничество» агенттігі қызметін ел аумағында тоқтататыны жайлы ресми нота жіберды. Әзербайжан СІМ-і: «Бакудегі «Орыс үйі» заңды тұлға ретінде тіркелмеген», - деді.
Осыдан көп өтпестен, 13 ақпанда Молдова билігі Ресейдің Ғылым және мәдениет орталығын (Орыс үйі) жабу туралы шешім қабылдағанын жариялады. Кишиневтегі Сыртқы істер министрлігі 1998 жылы жасалған Молдова-Ресей арасындағы мәдени орталықтар құру және жұмыс істеу туралы үкіметаралық келісімді біржақты бұзу туралы мәлімдеді.
Жарнамасы жер жарған «Орыс үйлері» Қазақстанда да белсенді жұмыс жасайды. Астанамен Алматыда орталықтары бар. Қазақстан әзірге «Орыс үйлеріне» шүйлігіп жатқан жоқ... Десе де, олардың қызметін қатал тексеру һәм назарда ұстау маңызды! Орыс идеологиясын ашық насихаттап, азаматтарды соғысқа үгіттейтін мұндай бүлікші ұйымға Қазақстан да есігін тарс жабатын уақыт жетті!
Abai.kz