Ұлтаралық татулық: ҚХА мүшелері не дейді?

Қазақстан – сан түрлі ұлттың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ортақ мекені. Әрбір қазақстандық үшін «Отан» ұғымы туған жермен ғана шектелмейді. Ол – бейбітшілік пен келісімнің, достық пен бірліктің символына айналған ел. Яғни, «Қазақстан – ортақ үйіміз» деген сөз – жай ғана ұран емес, шын мәніндегі өмірлік қағидаға айналып отыр. Осыған орай El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі өзге ұлт өкілдерімен тілдесіп, олардың елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы үлестері жөнінде әңгіме өрбітті.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан ұлттар мен ұлыстардың тең құқықта өмір сүруін басты құндылықтардың бірі ретінде қарастырып келеді. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұл – көпұлтты мемлекет үшін үлкен жетістік.
Қазақстанның бұл жетістігі кездейсоқ емес. Оның негізінде терең саяси көрегендік, дұрыс ұстанымдар мен салиқалы ішкі саясат жатыр. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Ол – еліміздегі ұлттар арасындағы ынтымақ пен бірліктің алтын көпіріне айналған бірегей институт.
Бүгінде Ассамблея құрамында 500-ден астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар елдің түкпір-түкпірінде өз мәдениеттерін, салт-дәстүрлерін, тілдерін сақтаумен қатар, қазақстандық біртектілікті қалыптастыруға да үлес қосып келеді.
ҚХА жұмысының арқасында Қазақстанда ұлттар арасында алауыздық немесе қақтығыстар болған емес. Бұл – еліміздің ішкі тұрақтылығы мен әлеуметтік тұтастығының көрсеткіші. Ассамблея әрбір ұлт өкілінің өз ойын ашық айтуына, мәдениеті мен дәстүрін насихаттауына, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына мүмкіндік береді.
Александр Аверкиев - Астрахань қаласындағы №2 жалпы білім беретін мектепте музыка пәнінің мұғалімі. Ол «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» дей отыра, қазақ жерінде дүниеге келгенімен мақтанатынын жасырмайды.
«Мемлекеттік тілде әндер орындау арқылы қазақ тілінің дамуына өз үлесімді қосып келемін. Бүгінде мектепте жұмыс істеймін. Балаларға музыка пәнінен сабақ беремін. Жұмысым өзіме ұнайды. Өскелең ұрпақ өз елімен мақтана алуы үшін оларға бүгіннен-ақ еліміз, батырларымыз, қаһармандарымыз, ақындарымыз туралы көп ақпарат беру керек. Бұл мақсатта әртүрлі әдістерді қолдануға болады. Өз тарапымнан бұл мәліметтерді балаларға музыка, ән арқылы жеткізіп келемін», - деп ағынан жарылды мұғалім.
Оның айтуынша, ән арқылы бала халқымыздың рухын, ата-бабамыздың болмысын жүрегімен сезіне алады.
Музыкалық аспаптар арқылы ұлтымыздың тарихына тереңінен бойлай алады», - деп түсіндірді ол.
«Көкшетау қаласы құрылыс-технологиялық колледжінің Қазақ тілі, биология пәндерінің оқытушысы, «Сөйле» спикинг-клубының жетекшісі Алена Малькова-Солопова да Отанына деген сүйіспеншілігін айта отырып, ҚХА туралы ойын ортаға салды.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда ерекше маңызды ұйым. Ол әртүрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, өзара сыйластық пен татулықты нығайтады. Қазіргі заманда мұндай құрылым өте қажет деп сенемін. Себебі көпұлтты мемлекетте тыныштық пен келісім – дамудың басты кепілі», - дейді ол.
Аленаның айтуынша, Ассамблея арқылы әр этнос өз мәдениеті мен дәстүрін сақтай отырып, Қазақстанның біртұтас халқына айналып отыр.
«Мен бұл ұйымның қоғамдағы рөлі зор деп есептеймін. Сондай-ақ оның жұмысы еліміздің болашағы үшін маңызды деп білемін», - дейді өзі.
Ол ҚХА мүшесі ретінде түрлі іс-шараларға қатысып, әртүрлі этнос өкілдерімен араласып тұрады. Ассамблеяны үлкен отбасыға балайды.
«Ассамблея мүшесі ретінде мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып келемін. Мәселен, негізгі жұмысымнан кейін көкшетаулықтарға тегін сабақтар өткізумен айналысамын», - деп түсіндірді Алена.
Анастасия Бошкова - «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Ол ата-бабаларының Столыпин реформалары кезінде шетел асып, қазақ жеріне қоныс аударғанын айтады. Бүгінде кең әрі берекелі қазақ жеріне келгеніне 118 жыл толыпты. Оның айтуынша, Қазақстанда болгарлардың бесінші ұрпағы өмір сүруде.
«Бұл жерде аталарымыз, әкелеріміз дүниеге келді. Бұл жерде біз және біздің балаларымыз өмірге келді. Қазақ жерінде өмір сүріп, өсіп-өркендеп, еліміздің игілігі үшін еңбек етіп келеміз», - дейді ол.
Анастасия Қазақстандағы болгарлар арасында аралас некелер көп екенін алға тартады.
«Қазақ отбасыларына қыз беріп, болгар отбасыларына келін түсірдік. Жүз жылдан астам уақыт бойы қазақ халқымен етене араласып, сіңісіп кеттік. Мен қашанда Қазақстанда тұратын болгарлар, немістер, поляктар, корейлер Еуропа немесе басқа жерде тұратындардан өзгеше екенін айтып отырамын. Біз қазақы менталитетпен өмір сүріп келеміз», - деп нақтылады өзі.
Ақтөбе облысының Алға ауданында Болгарка деген шағын ауыл бар. Бұл ауылда алғашқы қоныс аударушылардың ұрпақтары әлі күнге дейін тұрады. Сол ауылда Ақтөбе облысындағы болгарлардың этнографиялық үй-музейі де бар. Онда 100 жылдан астам уақыт бұрын қолданылған тұрмыстық заттар, салт-дәстүрлер сақталған. Ол бешбармақ, бауырсақ, қуырдақ сияқты қазақтың ұлттық тағамдары әр мерекеде дайындалатынын жасырмайды.
Анастасия ауылдарында болгардың сармасын қазақтың қазы-қартасымен бірге тойға арналған дастарқанға ұсынатынын айтады.
«14 жасымда алғаш рет Болгар фольклорлық ансамблі құрамында Ақтөбе облысы атынан Қазақстан халықтарының бірінші форумына қатысу бақыты бұйырды. Бұл форум 1992 жылы, ел тәуелсіздігінің бірінші жылдығына орай өткізілген болатын. Міне, дәл сол кезде мен өзімнің болгар екенімді алғаш рет сезіндім. Арнайы тіктірілген болгар ұлттық костюмдері киіп, өзіме «мен кіммін, ұлтым қандай?» деген сұрақтар қойдым», - деп түсіндірді ол.
Дәл сол форумда ең алғаш рет «Ассамблея» сөзін естіпті. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы дәл сол кезде айтылған болатын. Оның айтуынша, өмірінің, кәсіби және қоғамдық қызметінің осы ұйыммен тығыз байланыста болатынын елестете де алмапты.
«Бүгінде «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісімін. 15 жылдан астам уақыт бойы бұрынғы Достық үйінде, қазіргі Қоғамдық келісім мекемесінде штаттық қызметкер болып жұмыс істеп келемін. Бүкіл өмірім, қызметім Қазақстанның қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік үлгісін насихаттаумен, этносаралық коммуникацияны нығайтумен, қазақстандық бірегейлікті қалыптастырумен тығыз байланысты», - деп нақтылады Анастасия Бошкова.
Ол болгарлар тәуелсіздік алған жылдары тарихи отанына оралу мүмкіндігі болғанымен, осы күнге дейін ешқайсысы кетпегенін алға тартады. Қазақ халқымен бірге болгар халқы қиындықты да, жарқын кезеңдерді де бірге бастан өткерді, өткереді де.
Ассамблея — бірегей институт, ерекше ұйым. Тамырын тереңге жайып, тұтас әулеттер, ұрпақтар осы ұйымның мүшесіне айналып отыр. Мақсат бір —бейбіт, гүлденген Қазақстан құру.
Ассамблея мүшелерінің қатарында белгілі спортшылар, мәдениет қайраткерлері, дәрігерлер, мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Олар Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер мен басымдықтарды іске асыруға өз үлестерін қосып келеді.
Қазақстан – этностар теңдігі мен ортақ болашағы идеясына негізделген ел. Мемлекетімізде «Әртүрлілік – бірлікке бастар жол» қағидасы берік орныққан. Бұл қағидат барлық азаматтың тең құқылы екенін, олардың қандай ұлт өкілі екеніне қарамастан бірдей мүмкіндіктерге ие болуын көздейді.
Көпұлтты қоғамда татулықты сақтау – оңай міндет емес. Алайда Қазақстан бұл сыннан сүрінбей өтіп келеді. Себебі әрбір қазақстандық елдегі бейбітшілік пен келісімнің маңызын терең түсінеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында толеранттылыққа тәрбиелеу, этносаралық сыйластық туралы пәндер енгізілген. Бұл – ұрпақ санасына бейбітшілік пен бірлік идеясын сіңірудің жарқын жолы.
Жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ретінде кең көлемде аталып өтіледі. Бұл күн – халқымыздың татулығы мен достығын айқындайтын жарқын мереке. Ол – ел азаматтарын ұлтқа бөлмей, бір шаңырақ астында біріктіретін рухани күн.
Abai.kz