Сейсенбі, 29 Сәуір 2025
Алашорда 281 0 пікір 29 Сәуір, 2025 сағат 15:54

«Алаш көсемі және ұлт тілі»

Сурет: kaz.nur.kz сайтынан алынды.

Шерубай Құрманбайұлының «Алаш көсемі және ұлт тілі» монографиясы хақында

Қазақ әдебиеті ғылымындағы Алаштанудың өз алдына жеке ғылым саласы болып орныққанына да отыз жылдан асыпты. Ширек ғасырдан асты. Бұл – аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында Алаштану ғылымы саласында «Ахметтану», «Әлихантану», «Міржақыптану», «Мағжантану», «Жүсіпбектану» секілді ғылым салалары пайда болып, зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Қазақ әдебиеттану ғылымының Алаштану саласында әрбір Алаш зиялысының атымен аталған тұлғатану ғылымының қалыптасуы – табиғи құбылыс. Себебі, Алаш зиялыларының ғылымның әр саласына қосқан үлестері орасан мол. Қазақ ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан айтулы тұлғалардың бірі – Алаш көсемі, жан-жақты энцикопедист ғалым, саясаткер, ормантанушы, аудармашы, әдебиет сыншысы, фольклоршы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан.

«Әлихантанудың» қалыптасқанына да бүгінгі таңда отыз жылдың шамасы болды. Әлихан Бөкейханның ғылымның әр саласына қосқан еңбектерін архив беттерінен тауып, жинап, құрастырып, зерттеп, талдаған: С.Қирабаев, М.Базарбаев, Р.Нұрғали, Т.Жұртбай, С.Аққұлы, Д.Қамзабекұлы, Ғ. Әнес, А. Мектептегі, М. Әбсеметов,  т.б. ғалымдардың еңбектерінің қазақ әдебиеттану ғылымында алатын орны ерекше.

Бүгінде «Әлихантанудың» танымдық кезеңі толық орындалып, келесі бір кезең: Ә.Бөкейхан еңбектерінің жан-жақты зерттеліп, пәнаралық ықпалдастық арқылы талдау кезеңі бастау алды десек те болады. Әлихан Бөкейханның саясат пен жаратылыстанудан бөлек, оның тарих, әдебиет, аударма салаларына қосқан үлесі де мол екені белгілі.

Ұлт көсемінің еңбектерін жинақтап, құрастырып,  жан-жақты зерттеулер жүргізіп, ғылыми монографиялар жазған әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлының жасаған орасан зор жұмыстары – «Әлихантану» ғылымы саласының бастауында тұр деп үлкен сеніммен айта аламыз.

Бүгінгі сөз Әлихан Бөкейханның шығармашылық тілін зерттеп, оның ұлт тілін дамытуға қосқан үлесі, қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы рөлі, сөзқолданыс ерекшелігі, термин сөздерді қолданудағы қайраткерлігі мен тіл саясатын жүргізудегі ұстанымдары жайында айтылатын ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлының «Алаш көсемі және ұлт тілі» (Құрманбайұлы Ш. Алаш көсемі және ұлт тілі. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2024. – 400 бет) атты монографиясы турасында болмақ.

ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлерінің қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін араб, парсы, татар тіліне негізделген «кітаби» тілді емес, жалпыхалықтың сөйлеу тілін таңдап,  мақалаларын, оқулықтары мен көркем әдеби кітаптарын қазақ ұлттық сөйлеу тілінде жаппай жариялай бастағаны белгілі. «Кітаби» тілден «сөйлеу» тіліне көшкен жазба әдеби тілімізге өзінің көркем аудармалары мен көсемсөздері арқылы Әлихан Бөкейхан өте қомақты үлес қосты.  Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның еңбектерін зерттеп, ХХ ғасырдың басындағы қазақ тілінің даму тарихына лингвистикалық тұрғыда баға берген профессор Ш.Құрманбайұлының «Алаш көсемі және ұлт тілі» атты монографиясы –  Әлихантану және қазақ жазба тілінің даму тарихын айғақтайтын сүбелі еңбек.

Ғалым Шерубай Құрманбайұлы аталмыш еңбегі арқылы ХХ ғасыр басында қазақ жазба әдеби тілі, ғылым тілі және баспасөз (публицистика) тілінің дамуына Ә.Бөкейхан қосқан үлестің өте мол болғанын жан-жақты дәлелдейді. Ол Ә.Бөкейханның аудармашылық қырын саралай келіп: «Ә.Бөкейхан аудармаларының мәтіндеріне мән берсек оның дәлме-дәл аударған жерлері басым. Ол басылымнан ғылыми дәлдікті, нақтылықты ұнататын, шамалап, жуықтап айтып-жазуды жаны қаламайтын, шұбалаңқылықты, көпсөзділікті жек көретін тұлға», - деп, Әлиханның жазу стиліне баға береді. Шындығында да, Әлиханның «Қазақ» газетіне жарияланған мақалаларынан шұбалаңқы құрмалас сөйлемдерді байқамаймыз. Ә.Бөкейханның алғашында өз мақалаларын орыс тілінде жазғанын ескерсек, оның «Қазақ» газетіндегі мақалаларынан қаламгер өзінің қазақша жазу стилін жақсарту жолында өзімен тұрақты түрде жұмыс жасағанын анық байқауға болады.

Монографияда автор Ә.Бөкейханның термин жасауға қосқан үлесі мен оның термин сөз жасаудағы ерекшелігін көрсете отырып, оның оқу-білім, философия, заң турасындағы терминдерін де бір жүйеге түсірген. Автор Ш.Құрманбайұлы өзінің ғылыми монографиясында Ә.Бөкейханның Камиль Фламарионнан аударған «Астрономия әліп-биі» атты оқулығында барлығы 200-ден астам термин қолданылады, - деп айта отырып, олардың: адасқан  иман, айдың жартылай тұтылысы, ауыспалы жұлдыздар, аюдың ергежейлі әйелі, аюдың дәу әйелі, жиһангер, көкжиек, күннің сепкілі, т.б. сол секілді тәржіма-терминдерінің тізімін атап өтеді. Автор Ә.Бөкейханның бұл еңбегіндегі терминдердің шамамен 95%-ы қазақ тіліне тәржімалағанын атап өтеді. Ғалым Ә.Бөкейханның өз заманында аударған терминдерін бүгінгі таңда да астрономия және өзге де ғылым салаларында сол қалпында қолданылып жүргендігі туралы маңызды ақпарат беріп өткен.

Шерубай Құрманбайұлы өз еңбегінде Ә.Бөкейханның тілдік ерекшеліктерін тану арқылы – ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы сөйлеу тілінің, жазба тілінің, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің халі мен даму тарихына баға береді. Автор Ә.Бөкейханды аудармашы, публицист, сыншы тұрғысынан ғана танытып қоймай, оның қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына жасаған ықпалы мен рөліне жан-жақты тоқталып өткен.

Алаштану ғылымы саласында авторлығы бекітілмеген біршама бүркеншік есімдер бар екендігі ешкімге жасырын сыр емес. Ғалым Үшкілтай Сұбханбердина апамыз оларды «Ашылмаған бүркеншік есімдер» деп атағанын да білеміз.

Ғалым Ш.Құрманбайұлы аталмыш еңбегінде Ә.Бөкейханның авторлығы бекітілмеген кейбір бүркеншік есімдермен жазылған мақалаларына зерттеулер жүргізеді. Алайда, ғалым бүркеншік есімдер мәселесін шешпес бұрын әуелі Ә.Бөкейханның тіліндегі теңеулер мен мақал-мәтелдерді, жалқы есімдер мен қос сөз, қысқарған сөз және дөрекі сөздер қолданысын ерекшелеп, талдап, атап көрсетеді. Әлихан Бөкейханның сөз қолданысын жіті талдаған ғалым: «Әлихан Бөкейхан еңбектерінде әсіресе -дай/-дей жұрнағы арқылы жасалған қазақ тілінде ең кең тараған теңеулер түрі өте жиі қолданылады», - деп атап көрсетіп, Әлиханның көркем аудармасы мен баспасөз мақалаларының мәтініндегі жиі кездесетін теңеулерді алфавит бойынша теріп, бір жүйемен көрсете келе: адасқан құлындай, ала қойдай, бәйгеге қосатын аттай, бит шаққандай көрмеу, жұттан шыққан түйедей, сүтке батқан қаймақтай, түйенің құмалағындай, ұзататын қыздың төсегіндей, т.б. теңеулерді де атап өтеді.

Ғалым Шерубай Құрманбайұлы өз еңбегінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан қолданған мақал-мәтелдердің берілуін, аударылуын, күнделікті қолданылуын лингвистикалық қырынан қарастырған. Ол: «Алаш көсемінің еңбектерінде қазақтың төл мақал-мәтелдерімен қатар өзге халықтардың мақал-мәтелдері де жиі қолданылады. Сондықтан оның еңбектерінде кездесетін мақал-мәтелдерді екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, саны жағынан көп кездесетін: Ат аунаған жерде түк қалады; Аңқау елге – арамза молда; Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне, т.б. Екіншісі – өзге халықтардың мақал-мәтелдері. Соңғыларын қыр баласы қазақ тіліне аударып қолданады», - деп жүйелей келе, Ә.Бөкейханның орыс мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударған нұсқаларын атап көрсетеді. Олар: Бери, коли плохо лежит Бос жатса қалтаға тығыңыз; Бережного Бог бережет Сақтансаң сақтармын; Бумага все терпит Қағаз не жазса да көтереді, т.б.

«...Ұлт білімпазының соңына қалдырған шығармаларының тілінде қазіргі әдеби тілде жиі қолданыла бермейтін, сол кезеңнің тіліне және қалам иесінің өзіне ғана тән авторлық қолданыстар мол», - дей келіп, ғалым оларды мысалға келтіріп, мағынасын түсіндіріп өтеді. Мысалы: бүктемеде қалу // бүктеп кету – жеңіліс табу, ұтылып қалу; сүйкімін түсіру – қызығушылығын туғызу; уәдені жұту – уәдеде тұрмау, уәде бұзу, т.б. бұл сөздердің бірақатары бүгінгі тілде қолданылмайтын болса, екіншілері өте сирек жұмсалатын пассив қолданыстар қатарына көшкендігі туралы айтып өткен.

Автор өзінің ғылыми монографиясында Ә.Бөкейханның тілдік ерекшеліктерін лингвистикалық тұрғыда жан-жақты талдап, тіпті дөрекі сөздер (дисфемизм) қолданысына дейін көрсетіп, кітаптың әрбір тарауының соңына сөздік беріп өткен.

Алғашында Ә.Бөкейхан өз мақалаларын орыс тілінде жазу арқылы қаламын ұштағанын жоғарыда айтып өттік. Бұл туралы Ш.Құрманбайұлы: «Әлихан Бөкейхан 1900 жылдарға дейін жазған бірқатар мақалаларын екі тілде жариялап отырған. Осындай мақалаларын ол алдымен орысша жазып, содан кейін қазақшаға аударғаны көрініп тұр», - дейді.

Зерттеуші Ш.Құрманбайұлы монографияның соңғы тарауында Алаш көсемі, көсемсөз шебері Ә.Бөкейханның тілдік ерекшеліктерін лингвистикалық тұрғыда жан-жақты талдай келіп, бүгінгі Алаштану ғылым саласында өзекті болып тұрған бүркеншік есімдер мәселесіне, оның ішінде «V» бүркеншік есіміне тоқталып өткен.

Шерубай Құрманбайұлы әлихантанудың бастауында тұрған әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлының тынымсыз еңбегі мен көп ізденісінің нәтижесінде жарық көрген Әлихан Бөкейханның жаңартылған, жүйеленген, толықтырылған соңғы нұсқасы – 15 томдық шығармалар жинағын негізге алғаны туралы атап өтеді. Осы 15 томдық еңбекке «Victory»  – «Жеңіс» деген мағынаны беретін «V» бүркеншік есімімен жарияланған мақалалары мен аудармалары да кірген. Ш.Құрманбайұлы өзінің ғылыми монографиясында текстология ғылым саласының атетезалық міндеті арқылы «V» бүркеншік есімінің Әлихан Бөкейханға тиесілі еместігін дәлелдейді. Ол «V» бүркеншік есіммен жарияланған мақалалардың Әлихан Бөкейханға тиесілі екендігіне күмән келтіруінің екі себебі бар екеніне тоқталған. «Біріншісі – 15 томдық шығармалар жинағына енген кейбір мақалалардың мазмұны, онда айтылған ой-пікірлер алаш көсемінің саяси көзқарасы мен ұстанымына сәйкес келмейді. Екіншісі – бүркеншік есіммен жазылған кейбір мақалаларда Ә.Бөкейханға тән деп айтуға келмейтін сөз қолданыс, баяндау мәнері мен стильдік өзгешеліктер байқалады», - деп ғалым әуелі идеялық тұрғыда, сосын тілдік ерекшелік тұрғыдағы «V» бүркеншік есімінің Ә.Бөкейханға тиесілі еместігіне тоқталып өтеді.

Автор әуелгіде, Ә.Бөкейханның саяси көзқарасына сәйкес келмейтін мақалаларын тізбектеп, олардың Алаш көсемінің ұстанымына қарама-қайшылығын дәлелдейді. Мысалы, «V» бүркеншік есіміндегі автордың «Айтыс – партияның күшейгендігін көрсетеді» деген мақаласында: «...Біздер, большевикпіз, біздер қолымызды Маркстың жолына артқан ортақшылдармыз», - деген жалынды, ұраншыл коммунистке лайық сөйлемді алаш көсемі жазды дегенге илану мүмкін емес», - дей келіп: «Қазақтан шыққан бәлшебектерге ешбір рахым болмасын»,- деп бұйрық беріп, жеделхат жолдаған, большевиктермен аяусыз күресі жолын таңдаған, саяси ұстанымы айқын, өте табанды саяси қайраткер Ә.Бөкейхан басына қандай қауіп төнсе де Маркс жолын таңдаған «большевикпіз, ...ортақшылмыз» деп жазды дегенге сену қиын», - дейді.

Шерубай Құрманбайұлының көрсеткен дәлеліне өз тарапымыздан қосарымыз: Тәуелсіз автономия құрғысы келген саяси тұлға Ә.Бөкейхан –  Кеңес үкіметі құрылғаннан соң, өзінің саяси ұстанымын өзгертті десек, бұл біздің Алаш көсеміне жасаған қиянатымыз болған болар еді.

Бүркеншік есімдердің авторларын бүгін анықтап бермесек, қате ғылыми ұстанымдар келешек ұрпақтың жаңсақ болжам жасауына алып келері хақ... «V» бүркеншік есімімен жарияланған мақалаларды Ә.Бөкейханның еңбектерімен салыстырып, жіті зерттеу жүргізген Ш.Құрманбайұлы: «Қызыл әскер тарих көрмеген қаһармандық көрсетті. ...Бізді арамсынған Еуропаның капиталшыл мемлекеттері жалтаңдай бастады. Бірінен соң бірі бас иіп, бізбен санаса бастады»,- дей келіп, бұл жолдардың: «...үнемі Еуропаның озық ғылымы мен білімін, технологиясы мен ауыл шаруашылығын, ғалымдары мен көрнекті қайраткерлерін қазаққа таныстырып, батыс классиктерін қазақшаға аударып, соларды үлгі етіп, солардың деңгейіне ұмтылу қажет екенін айтып отырған Ә.Бөкейханға мүлдем қарама-қарсы пікір», - екенін айтып өтеді. Монография авторы Ә.Бөкейхан табиғатына тән емес осы сарындас мысалдарды молынан келтіріп, жеткілікті түрде дәлелдер қамтыған.

Өз кезегінде, ғалым Шерубай Құрманбайұлы Ә.Бөкейханның қаламына тән емес стильдік сәйкессіздіктер мен сөз қолданысындағы ерекшеліктер қатарына біршама деректер қосып өтеді. «V» бүркеншік есімді авторға -улы / -улі тұлғалы етістікпен аяқтау тән. Мысалы: тартысулы, байлаулы, жасалулы, болулы, жазылулы, жаңарулы, т.б.», - етістіктермен берілген сөйлемдер көрсетіп өтеді де: « -улы / -улі тұлғалы етістік бұл еліміздің батыс аймағының тіліне тән, батыс говорларында белсенді қолданылатыны белгілі. Мұны батыс говорларының тілін зерттеген тіл мамандарының барлығы да атап көрсеткен», - дейді. Сондай-ақ, автор «V» бүркеншік есімді автордың «жұмыс жасау» деген Батыс өңірі қазақтарының тіліне тән тіркес пен «керек» деген модаль сөзінің өте жиі пайдаланғаны туралы да баяндайды.

«Автордың мақалаларында келтірілген деректер де, жер-су атаулары да Орал өңірін көбірек қамтиды. Жазғандарында туып-өскен, еңбек еткен аймағындағы жер-су аттарының көп кездесуі оның сол өңірді жақсы білетін жергілікті маман әрі батыстан шыққан қалам иесі екенін айғақтай түседі», - дейді ғалым Шерубай Құрманбайұлы.

Әдебиеттанудың қосымша саласы болып саналатын текстологияның негізгі міндеттерінің бірі – бүркеншік есімдердің авторлығын бекіту. Шерубай Құрманбайұлы тікелей мәтінмен жұмыс жасай отырып, «V» бүркеншік есімі Әлихан Бөкейханға тиесілі еместігін дәлелдеу арқылы текстологияның атетезалық міндетіне жүгінгенін байқаймыз. Яғни, зерттеуші нысанаға алған тақырыбын ашу үшін өз тұжырымын саяси және лингвистикалық тұрғыда дәлелдеуге тырысқан. Сондай-ақ, автор текстологияның атетезалық міндетімен қатар, атрибуциялық міндетіне де жүгіне отырып «V» бүркеншік есімінің авторлығын да бекітіп береді. Ол: «ХХ ғасыр басында еңбектерінің соңына «V» бүркеншік есімін қойып жариялаған автор белгілі қаламгер-журналист, оқу-ағарту қайраткері, әдіскер-педагог, аудармашы Молдағали Жолдыбайұлы (Жолдыбаев) деп пайымдаймыз», - деп өз тұжырымын да атап көрсетеді. Алаш қайраткерлеріне тиесілі «сыры ашылмаған» бүркеншік есімдер мәселесін көтеру – профессор Ш.Құрманбайұлының «Алаш көсемі және ұлт тіл» монографиясының өзіндік ерекшелігі мен ғылыми маңызын жоғарылата түскен.

Әлихан Бөкейхан: «Қай ғылымды алсаңыз да бәрі бізде соны жатыр. Сол ғылымның бәріне кітап керек», - деп айтқандай, Шерубай Құрманбайұлының «Алаш көсемі және ұлт тілі» атты бұл монографиясы – ғылыми алаңда пайда болғанына небәрі отыз жылдың жүзі болған Әлихантану ғылым саласының ары қарайғы зерттеліп, дамып, басқа ғылым салаларымен байланысып, керегесін кең ашу жолында мол сұранысқа ие еңбек боларына сеніміміз мол. Себебі бұл еңбек – Әлихан Бөкейханның қазақ жазба әдебиетіндегі көркем аударма мен көсемсөз жанрындағы орнын лингвистикалық тұрғыдан анықтауға арналған алғашқы іргелі зерттеу екендігі анық.

Әсем Өскен,

Докторант, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2505
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5432
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4722