Аяулы ақын

Айтулы ақын, Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі Нұрбибі Омар 1955 жылы 2 қаңтарда (құжат бойынша 15 сәуірде) қазіргі Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылында дүниеге келген. Тұрбат сөзі түрік тілінен аударғанда «Әулиелі, кесенелі мекен» деген мағынаны білдіреді. Мұнда Смайыл ата, Қошқар ата, Жебірейіл ата, Пәрпі ат сияқты 11 атақты әулие жерленген деген дерек бар.
Әкесі Қарабай Омаров «Таң» бастауыш мектебінде меңгеруші болып қызмет атқарған. Бірнеше әйел алғанымен олардан перзент сүймеген. Ілескүл деген зайыбынан Гүлбибі есімді жалғыз қызы болған. Ақынның анасы Жұмагүл күйеуінен 20 жас кіші екен.
Нұрбибі Омар Тұрбаттағы мектеп-интернатта жатып оқыған. Орта мектепті ойдағыдай бітірген бойжеткен Гәнжәуи Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі университет) филология факультетіне оқуға түскен. Жоғары оқу орнын тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан.
Өзінің еңбек жолын 1977 жылы Бостандық ауданында мұғалім болып бастаған. Шымған тауындағы мектепте қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік ұлтының балаларына сабақ берген. Кейіннен аудандық оқу бөлімінде әдіскер болып қызмет істеген. Аудандық «Бостандық дауысы» газетінде редактордың орынбасары, Ташкентте қазақ тілінде жарық көретін республикалық «Достық туы», «Нұрлы жол» газеттерінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген. Оның мақалалары мен өлеңдері Алматыдан шығатын «Қазақстан мұғалімі», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттері мен «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналдарында жарияланып тұрған.
Атамекенін аңсаған қыз туған жерге оралған. Сөйтіп, облыс орталығындағы «Шымкент келбеті», «Ақиқат - Истина», «Замана», «Сана және Нарық» газеттерінде, «Домалақ Ана» журналында қызмет істеген.
Ақын қыздың алғашқы өлеңдері «Балауса», «Елқин» (өзбек тілінде) ұжымдық жыр жинақтарында жарияланған. 1998 жылы Ташкенттегі «Шарқ» баспасынан «Жансәуле» деп аталатын жеке жыр жинағы жарық көрген. Кітапқа Өзбекстан Республикасы Қаржы уәзірлігі валюта басқармасы бастығының орынбасары Сапарбай Жобаев демеушілік жасаған. Редакторы – журналист Қатира Нұрбаева. Оның «Бір ауыз сөз» атты алғысөзін лирик ақын, сырлы сазгер Исраил Сапарбай жазған. «...Нұрбибі Омардың газет-журналдардан топтама өлеңдерін оқығандағы бір риза болатыным - шынайылығы. Бір оқығанда қарапайым өлеңнің өнбойынан алғаусыз ақиқатты, шымқай шынайылықты көргенде ақынға деген ықылас, пейілің арта түседі.
Рас, Нұрбибі өлеңдерінде күрделі ізденіс иірімдері көп кездесе бермеуі де мүмкін. Бізде экспериментатор, новатор ақындар саусақпен санарлықтай ғана. Дәстүрлі поэзия ағымымен жарқ етіп, бірден көзге шалына қоюың тағы қиын. Мұны Нұрбибі білмей жүрген жоқ. Туабітті ақындық, ішкі сенім мен тағдыр - осы үштаған ақын қыздың тұлабойын құраған. Қай-қайсы өлеңдерінен де осы үш қасиет жәутеңкөзденіп тұрады. Меніңше, «Жансәуле» оқырманға осынысымен ұнайды ғой деймін. Бұрын ұжымдық жинақтар мен республикалық басылымдарда көрініп жүрген ақын қыздың бұл - алғашқы кітабы. Алғашқы кітап - ақынның тұлабойы тұңғышы ғой. Нұрбибі ақынды осы сүп-сүйкімді «тұңғышымен» құттықтайық, ендеше. Өмірі ұзақ болғай...», - деген ақжолтай ізгі тілек ниетін білдірген болатын.
Тұңғыш жеке жыр жинағында туған жер, ана, достары, ұлтжандылық қасиет жайлы ой толғайды. «Қызың «қашып» кетті ме?», «Ескі Жоба», «Қызыма» (Фаризаға), «Жақсылыққа - жамандық», «Сенбеймін», «Өмір деген басқа екен...» (Сайранға), «Шырылдаған шындық», «Көздің жасы...», «Мақтап-мақтап...», «Қасірет пе?», «Соқыр ақын», «Мұңлы ән..», «Шетте жүрген бір қазақ», «Рақмет, сендерге», «Шеткерірек жүрсем де...», «Қазақша ән...», «Ақын деп...», «Соңғы қоңырауға сыр» (Қызым Фаризаға), «Мақта... мақта..» (Мұқағали Мақатаевтың ізімен), «Қайта оралған қазақтың зары», «Валюташы» досым бар...», «О, өлең», «Салыстырып», «Бақытты деп» өлеңдер қызғылықты оқылады.
Туған жерге оралған ақынның Шымкенттегі «Кітап» баспасынан «Ақындықты әруақ жолына айырбаған қыз» деп аталатын кітабы жарық көрген. 2004 жылы Шымкент қаласындағы «Ордабасы» баспасынан «Сағыныш сағымдары» деп аталатын екінші жыр жинағы оқырмандар қолына тиген. Редакторы - Нармахан Бегалыұлы. Бірінші бөлім «Тұрбат таңы», екіншісі «Көңіл тамылары», үшіншісі «Жүрек лүпілі» деген атауларды иеленген.
2007 жылы Шымкенттегі «Кітап» баспасынан «Бақытсыздықтан бақыт тап» деп аталатын кезекті кітабы жарық көрген. Бірінші бөлім «Мені үнсіз кешірер деп...», екінші бөлім «Тұрбатта тұнған сырлар көп...» деп аталады. Ондағы Қаражан Әблязимов, Мархабат Байғұт, Шерхан Мұртаза, Тұрсынай Оразбаева, Исрал Сапарбай жайлы жазбаларды тебіренбей оқу әсте мүмкін емес.
2011 жылы Алматыдағы «Нұрлы Әлем» баспасынан «Жақсы жоқ деп айтпаңдар» кітабы жарық көрген. Бірінші бөлім «Қазығұртта ауылым...», екіншісі «Оралмандар -- мол армандар...», үшіншісі «Әріптестер әңгімесі» деп аталады. Бірінші бөлімде осы ауданды басқарған Әли Әбдікерімұлы Бектаев, Тұманбай Әлиев, сонымен қатар Гүлмира Жапбарқызы Тағаева, Перизат Бекмырзақызы Алшабаева, Гүлмира Сапарова, Аманкүл Исақұлқызы, Сейдахмет Әуелбекұлы Байдәулетов, Болысбек Бөрібекұлы Пірәлі жайлы мақалалар жарияланған. Екінші бөлімде Төлемырза (Төлеш) Темірбекұлы Балтабаев, Темірхан Әліханов, Гүлдария Әшірбаева, Абдулла Нышанұлы Тұрсынов, Жүсіп Аймырзаев, Әуелхан Төребеклы Дүйсебаев, Дәурен Әуелханұлы Дүйсебаев, Қожабек Сапарұлы Байқабылов, Пердебек Қонысбеков, Сейдуалы Оразалиев, Таңсықбай Жолдасов, Тұрдыбай Қалдыбаев, Мейіршах Ләтиф ақынқызы Мұрәшімова, Тасмұрат Тәжібаев туралы сыр шертіледі. Үшінші бөлімде ақын Нұрбибі Омарға арналған Сабырбек Нұрманұлы Тұрлыбек пен Бектай Шетеновтің өлеңдері, Үмітхан Алтаева, Атанбек Наурыздың мақалалары жарияланған. Автордың Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, журналист, жазушы, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Күлия Смайылханқызы Айдарбекова, «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалима Жантөреева, оралман қыз Пәкиза жайлы жазбалары орын алған.
2015 жылы Шымкентте «Құлпырған қызғалдағым ең...» деп аталған кітабы баспадан шыққан. Онда сіңлісі Зылиха Ыстықұлова жайлы сыр шертеді. Бұл кітапқа сонымен қатар ұлы Абайдың төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, оныншы, он екінші, он төртінші, он жетінші, жиырма бірінші, жиырма бесінші, отыз екінші, отыз бесінші, қырық үшінші қара сөздері мен Тұтқабай Иманбековтің «Ағайын-бірлік хақында», «Балам, саған айтарым...», «Өнер, өмір, өзім...», «Махаббатсыз дүние бос» тақырыбындағы нақыл сөздері мен Қадыр Мырза Әлидің 22 даналық сөздері енгізілген.
Өмірінің соңғы жылдары таңдамалы өлеңдер мен эсселер жинағы жарық көрген. Осылайша ойлы оқырмандарына мол мұра сыйлаған ақын туындылары халық жадында, ел есінде жатталып қалған.
Шымкенттегі Жасөспірімдер кітапханасында ақын, Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі Нұрбибі Омардың жетпіс жылдық мерейтойына арналған «Сезім тамшылары» атты еске алу кеші өтті. Оған кітапханашылар мен Қазақстанның зияткерлік «Бәйтерек» мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Еламан Алтынбаев, кітапханашы Арайлым Жолсейітова бастап келген осы білім ордасының оқушылары мен ақынның ұрпақтары мен туыстары қатысты.
Іс-шараны аталмыш кітапхананың бөлім меңгерушісі Әлия Әшірова қысқаша құттықтау сөз сөйлеп ашты. Кешті осы құтхананың кітапханашысы әрі жезтаңдай әншісі Талиға Наханова жүргізді. Ара-арасында әсем әуезді әнмен әрлеп отырды. Кеш барысында ақынның әпкесі Айбибі Байдарова; үлкен ұлы – Рауан, келіні Жазира, немерелері - Гүлмерей мен Байаман; кіші ұлы - Роллан; қызы - Фариза, немересі Ақерке Ермұхаммед; республикалық «Mixnews.kz» ақпараттық сайтының Бас редакторы Нұрсұлу Базарбайқызы сөз сөйлеп, Нұрбибі Омардың шайырлық шеберлігі мен шығармашылығы жайлы өздерінің естеліктері мен ойларын ортаға салды. Аяулым Рахматуллаева, Зере Нұртаева, Ақбота Жомартқызы, Жания Қоныс, Дина Төлебек, Сымбат Арманқызы, Мәдина Мырзатай, Айзере Байбек, Әсел Жақсылық ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқумен ерекшеленді. Інжу – Маржан есімді егіз қыздар да ақын өлеңдерін нақышына келтіре орындауларымен көзге түсті. Әсем Жақсылық, Аяулым Рахматуллаева, Ақерке мен Жанерке Әбжандар дөңгелене «Гүлдерай» биін биледі. Алишах Анарбай «Ерке сылқым», «Адай», ал Ақберен Махамбет «Ер Тұран» күйлерін күмбірлетті.
Кітапхана директорының орынбасары Ұлтуар Бексейітова әсерлі де тартымды өткен кешке қорытынды жасап, келген қонақтарға алғысын білдірді. Мектеп оқушыларына Алғыс хат табысталды.
Әбдісаттар Әліп,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы.
Шымкент қаласы.
Abai.kz