Қырғызға жауап: Қазақ ешқашан «қырғыз» болмаған!
Қазақ та, қырғыз да түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын тілі мен мәдениеті өте жақын халықтар. Тілі ғана емес кескін-келбеті, менталитеті, тұрмыс салты да негізінен ұқсас. Ал кейбір қырғыз ағайындар алаулатып-жалаулатып жүрген «қазақ қырғыздан шыққан» - деген әңгіме қайдан шықты?
Бұны Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінен алғанын білуге болады. Шәкәрім орта жүздегі қырғыздар туралы тоқталып былай деген: « бергі заманда қазақ аталғаны болмаса біздің қазақта қырғыз нәсілінен» - дейді (Қазақ шежірелері. Іле халық баспасы. 1- том. 324 б). Ал одан тағы былай дейді: «Қазақтың тегі қытайшада тукио, бізше түрік атты халықтан шыққаны белгілі болды, түрік деген дулыға деген сөз( соғды тілінде) екен, одан бір кездері хүн атаныпты... Одан кейін әр түрлі атпен бөлектенсе де біз ұйғыр атынан шыққан елміз, ұйғыр деген біріккен деген мағынада. Сол ұйғырдан қырғыз, қаңлы, қыпшақ, арғын, найман, керей, дулат, үйсін деген таптар шығып, солардың нәсілінен шыққанбыз»(Қазақ шежірелері . Іле халық баспасы. 1- том. 300 б)
Қарап отырсақ Шәкәрім бұнда қырғыздан шыққанбыз дегенді қазіргі қырғыз ұлты емес қайта 840- жылы құрылған қырғыз қағанатына қаратып айтып отырғанын анық байқауға болады. Қырғыз қағанаты ол көптеген түркі руларынан құралған тайпалар одағы, онда көптеген рулар болған. Бірақ 70 жылдай ғана өмір сүрген, қағанаттың жойылуына шығыста күшейген моңғол тілдес қидандардың жорығы әсер еткен. Осыдан соң қырғыздар Енесейге шегінеді, бұрын бір мезет оларға қараған тайпалар өз жййларына кетіп дербес шығады. Онан бұрын Шәкәрім түрік атандық, ғұн атандық, ұйғыр атандық деп анық айтып отыр, ал олай болса 744-840 жылдары түркілердің үлкен бөлігі ұйғыр қағанатына қарағаны үшін «қазақ ұйғырдан шыққан» - деп қазіргі ұйғырларда дәл қазіргі қырғыздардың сөзін айтуына болар еді, түрік қағанатында қазақтың арғы тегін құраған рулар болған деп түрік атауын иеленіп отырған Түркия тұріктері «қазақ бізден тараған» - деуіне болар еді. Бірақ әр ұлттың өз жеке тарихы бар, қазіргі түрік пен ежелгі түрікте жермен-көктей айырма бар, қазыргі ұйғыр мен ежелгі ұйғыр қағанатын бірдей деп айту мүмкін емес. Сол сияқты көне қырғыз бен қазіргі қырғыздада үлкен айырмашылық бар. Енді қазақ пен қырғыздың айырмашылықтарын бірнеше жақтан көрсетуге болады:
1. Генетикалық алшақтық
Қазақ пен қырғыз түр-тұлғасы ұқсағанымен аталық тегі өте алшақ халықтар. Қазақтар аталық хромосомасының гаплогруппасы С2 типін негіз етеді (51-66%), тағы О2, Q, N деген типтерді қосқанда 70-80% моңғолойд яғни Шығыс Азия мен Сібірлік нәсілдердің ұрпағы екені байқалады. Ал қырғығыздарда 63-66% R1a гаплогруппасына тәуелді(Figure 7c in Zerjal, Tatiana; Wells, R. Spencer; Yuldasheva, Nadira; Ruzibakiev, Ruslan; Tyler-Smith, Chris (2002).). Өзгелерін қосқанда қырғыздардың 70% дан аса аталық тегі Еуропалық текті екенін көрсетеді. Демек қазақтың көбі ата жағынан Азиялық нәсілді, ал қырғыздар ата жағынан көбі еуропа нәсілді тұрса қалайдан-қалай қазақ қырғыздан тараған болады? Ал Аталық генетика бойынша қазақ моңғолдармен туыс, ал қырғыздар орыстармен туыс екені көрініп тұр. Көне қытай деректеріде Енесейлік қырғыздарды: «Аққұба жұзді, көккөзді, жирен шашты, араларында қара шаштылар болса оны жат нәсіл, бақытсыз жан немесе Ли Лиңнің тұқымы деп қарайды» дейді.
Демек қазақтар моңғолоид нәсілді халық, кейін Еуропа нәсілді халықтармен(Сақтар, қыпшақтар) араласып аралас нәсілді жұртқа айналса, қырғыздар 9-ғасырдан бастап іргелес түркі-моңғол халықтарымен аралас неке арқылы негізінен моңғолойд нәсілге айналған. Бұдан екі халықтың шығу тегі басқа екенін анық көруге болады, керісінше қырғыздарға генетикалық жақтан тәжіктер, ұйғырлар, өзбектер, башқұрттар, алтайлар әлде қайда жақын.
2. Рулық құрамындағы үлкен айырмашылықтар
Қазақтар үлкен жақтан үйсін, дулат, қаңлы, жалайыр, қатаған(шанышқылы), албан, суан, арғын, найман, керей, қыпшақ, қоңырат, уақ, тарақты, адай, жаппас, алаша, қызылқұрт, беріш, масқар, тана, алтын, есентемір, ысық, алаша, байбақты, қаракесек, қарасақал, төртқара, шекті, шөмекей, кете, керейт, кердері, табын, тама, телеу, жағалбайлы, рамадан, төре, төлеңгіт, қожа қатарлы рулардан тұрады. Ал қырғыздар бұғы, сарбағыш, солто, саяқ, азық, теит, қытай, бассыз, мұндұз, моңолдор, шоңбағыш, мұңғұш, құсшы, бассыз, жетіген, сары, кесек, дөлөс, бостон, қыдырша, черік, жадыгер, барын, нойғүт, арлат, қыпшақ, найман, қаңлы, қоңырат руларынан тұрады. Ортақ рулар қыпшақ, найман, қаңлы, қоңырат, қалғандары мүлде бөлек. Аздаған кіші рулар ұқсайды демесек негізгі жақтан парық зор, арғын, үйсін, керей қырғызда ұсақ ру. Бұл да қазақ пен қырғыз ұқсамайтын ел екеніне, қазақтың қырғыздан тарамайтынына дәлел! Айта кетерлігі: Барын, арлат, нойғұт, моңғолдор рулары тегі қырғыз емес моңғол немесе моғолстан тайпалары, қаңлы 2000 жылдық тарихы бар көне ел ешқандайда қырғыз емес, ал қыпшақ 10-13 ғасырда өз алдына қырғыздан бөлек мемлекет құрған тайпа. Наймандарда 12-13 ғасырда өз алдына дербес хандық болған, олардың Инаныш Білге ханы қырғыздарды жеңгенін Рашид-Ад-Динде «Жамиғ-Ат-Тауарих» та айтады.
3. Бөлек қалыптасу тарихы мен териториясы
Қазақтар 2000 жыл бұрын шығысы Хинган тауынан Батысы Каспиге дейінгі аумақта өмір сүрген сақ, ғұн, қаңлылардан, диңлиндер, санбилерден шыққан. Ал қырғыздар ғұн дәуірінде «Кенгүн» деп аталатын Енесейлік тайпадан шыққан, Түрік дәуіренде қырғыз атанған. Қырғыздар орманда өмір сүріп аң ауласа, қазақтың арғы аталары көшіп-қонып мал өсірген. Ең бастысы 13-16 ғасырдағы тарихи деректерде айталық «Моңғолдың құпия шежіресі», «Жамиғ-ат-тауарих», «Түрік шежіресі» атты еңбектердң қырғыз қатардағы тайпа ретінде айтылады. «Жамиғ-Ат-Тауарих» тың 1-ші томы ру-тайпалар туралы, онда 70 тен аса рудың аты аталып, оларға жеке-жеке тоқталып өткен, қырғыздарды 3- бөлімде «өз алдына көсемдері бар түркі тайпалары» атты бөлімде керей, найман, ұңғыт, таңғыт, бекірін, қырғыз, қыпшақ, қаңлы, қарлықтармен бірге таныстырады. Ал қырғыз ағайынның арасындағы білімі шала, ойлау өрісі тар тарихшыларымен шежірешілері дәл қазіргі қырғыз құрамындағы рулар бойынша қарап: «қазыр найман, қаңлы, қыпшақ қырғызда бар, олар ежелден қырғыз» деп ойлайды. Анығы қаңлы қырғыз атауы пайда болудан сегіз ғасыр бұрын пайда болған тұрса қалай қырғыз болады? 13-ғасырдан кейін бұрын өз алдына ел болған қаңлы да, қыпшақ та көптеген түркі ұлттарының ішіне тарады, қырғыз ішіндегісі тек аз тобы ғана, ең көбі қазақ, өзбек, ноғайларда екені анық, онда осы аталған ұлттардыңда қырғыздар сияқты айтуына қақысы бар. Тіпті қырғыз ру ретінде қазақта, ұйғырда, өзбек, қарақалпақта бар, осы тұрғыдан сол ұлттар қырғыз руын өз ұлтының бір бөлшегі ретінде қарап қырғыз қағанатын иемденуіне , кейінгі қырғыз тарихын иемденуіне қақысы жоқ деп кім айта алады? Қырғыз, қазақ, моңғол ұлттарындағы барқы руы 5-ғасырдан бастап тарихи дерекке енген көне тайпа, қырғыз аты шықпай тұрып барқы бар, оны қалай түсіндіру керек? Қазақтың қаңлыдан өзге төлеңгіт, адай, беріш, чекті, шөмекей, себек, түргеш рулары сол түрік қағанаты заманында бар, сонда олар қырғыздан бөлек өмір сүрсе , ал бүгін қазақ ішінде отыр. Оларды кім қырғыз дей алады? 13-ғасырдағы моңғол империясының тарихы жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі» атты еңбектің 1-тарауы 30 тан аса моңғол(моғол) руларының таралу шежіресі, онда қатаған, салжуыт, барын, барлас, дулат, суан, кенегес, жажырат, қият, дүрмен, тайшут, маңғыт, ұрут, нойғұт қатарлы рулардың қайдан, кімнен тарағаны айтылған. Ал осы рулар кейін ондаған ұлттың ішіне тарап кетті, моңғол, қазақ, өзбек, қырғыз т.б, онда осы рулар кімге тән болуы керек, осы ұлттардың ішінде тек қырғыз ол заманда өз алдына тайпа, жоғарыдағы еш румен қатысы жоқ, олай болғанда дүрмен, барын, маңғыт, нүйғұт, сүлтұздар қырғызға кейін кірген кірме болады, найман, қаңлы, қыпшақ, қоңырат та солай болады.
13-ғасырдан кейін Алтын Орда, Шағатай ұлысының рулары яғни қаңлы, қыпшақ, арғындар мен моңғол жорығынан кейін керей, найман, қоңырат, меркіт, жалайыр, үйсін, дулат, алшын татарлар бірігіп 15-ғасырда қазақ атала бастады, қазақ хандығы құрылды. Ол туралы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Әбілқайыр өлген соң өзбек ұлысында үлкен келіспеушіліктер болды, жұрттың көбі Керей хан мен Жәнібек ханға кетіп қалды, олардың саны 200 мыңға жетті оларды өзбек-қазақтар деп атай бастады» - дейді. (Тарихи Рашиди. Мұхаммед Хайдар Дулати. 170-171-беттер). Қазақ хандығы туралы деректер өте көп , оның бір мысалын келтірдік, қазақ хандығы туралы, қазақтар туралы Әбілұазы, Қадырғали жалайыри жазды, 18-ғасырдағы Орыс пен Цинь империясы да жазған, соның бәрін қырғыздың айтулы зиялысымыз деп жүрген адамдардың көрмей қалуы таңғаларлық құбылыс. Бұл анық надандық па әлде әдейі жасаған әлде кімдерге пайдалы екі халықтың арасына от жағу ма?

Фон. Сталленберг картасы. Қазақ ордасы. 1630 ж. Википедия.
Осы картада қырғыздар бурұт татар немесе қырғыз делініп қазақ хандығының бір тайпасы ретінде жазылған.
Қырғыздар Юан ұлысына қарап Сібірде, Енесейде тұрды, саны 40-50 мыңнан аспайтын тайпа болды. 1209- жылы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы Сібірге аттанған кезде қырғыз бегі Ырыс инал ақ сұңқар тарту етіп соғыссыз бағынды, бұл бүкіл әлем білетін тарих. Сонда бәрінен қырғыз жасау қандай логикаға сияды? Түсініксіз.
Ал қырғыздардың қазіргі Қырғызстанға келуі 16-ғасырда болды, Ол туралы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Мәнсүр хан қырғыздарды Чалышпен Тұрпанға көшірді... Қырғыздардың аз тобы моғолстанға қашты» (Тарихи Рашиди. Мұхаммед Хайдар Дулати. 230- бет). Бұл 1500- жылдардың айналасында болған оқиға, бұдан ілгері Алатауда қырғыз болғаны туралы дерек жоқ. Қырғыздардың 16-ғасырда Енесейден Алатауға көшу себебі ойраттардың қысымынан болған. Оны «Манас» эпосынан көруге болады. Қырғыздар Алатауға келгеннен кейін алғашында моғол хандарына қараса, 1524-жылдан бастап қазақ хандарына бағынады, ол туралы «Тарихи рашиди» де былай делінген: «Хан (сайд хан) Қашқарға қайтты, мен халықты тыныштандыруға қанша тырыссамда қырғыздар бойбермей Моғолстанның шалғай аймақтарына кетіп Таһир ханға(Қазақ ханы) қосылды» - дейді. (Тарихи Рашиди. Мұхаммед Хайдар Дулати.695- бет). «Қызыл қырғыз тарихы» атты еңбектің авторы Білек Солтонов: «қырғыздар 170 жыл бойы қазақ хандарына қарап тұрды» - дейді. Осы барыста қазақпен қырғыз бірге жасап бір-біріне етене жақын халыққа айналғаны анық.
Қазақ немесе киргиз-кайсак мәселесі
16-17-18 ғасырларда қазақ ордасы Еуропа елдеріне мәлім болды, осы дәуірлердегі «Татария карталарында» қазақ ордасы туралы ондаған карта бар, бұнда бірнешеуін келтірейік:

XVI ғасырдың 60-шы жылдары жарық көрген Себастьян Мюнстердің картасындағы Қазақ Ордасы (Kosaki Orda). wikipedia.org.

"Kasaccia Horda" (Kazakh Khanate) on a British world map (1780)( https://ru.wikipedia.org.
Зерттеуші Путков өзінің «казак»атауы атты мақаласында:«Грузия аймағында 1480-жылдардан бері көшіп жүргендер бізге казак атымен белгілі» дейді.
Орыс тарихшысы Карамизин: «1480-жылы Алтын орданың соңғы ханы Ахметке Шибандық Ибақ 100 мың казакпен шабуыл жасады, ноғайлық Жаңбыршы мырза 15 мың казакпен шабуыл жасап Ахмет ханды өлтірді» - дейді. Бұндағы казак кімдер? Көшпенді еркін халықтарды айтып отырғаны анық, бұған кейінгі біздің қазақ пен казактардың да қатысы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. (Нығымет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. 21-бет. Алматы. Жалын баспасы. 1994). Қазақ атауы мен казак атауы бір ұғым, 18-ғасырдан кейін орыстар казак пен қазақты шатастырмау үшін қазақты киргиз немесе киргиз-кайсак деп, ал нағыз қырғыздарды қара қырғыз деп атады. Ал Цинь империясы қазақтарды «қазақ» (哈萨克 hasak) деп, ал қырғыздарды «бурұт» деп атады, сонда өзге ұлттар қырғызды Цинь империясы «бурұт» атаған деп сендер бурұтсыңдар десе тура бола ма?

Цин картасындағы қазақ хандығы. ajcass.com.

Знатный киргиз с супругой, Хуан Цин Чжигун Ту, 1769.
Бұл суреттер қырғыз деп емес бурұт деп жазған.
Соған ұқсас, 840-жылы ұйғыр қағанатын құлатқандарды қытайша Хағастар деп атаған, 黠戛斯 (көне қытайша оқылуы: ha r ga sie) енді осы арқылы бұл атаудың қырғыз дегенге қарағанда қакас немесе қарақас дегенге жақын екенін білуге болады, онда 840-жылы қағанатты құрушылар қырғыздар болуы екіталай болады. 1925-жылы Кеңестер одағы ұлт айыру саясатын бастаған соң казактарды орысқа қосты да қазақтарды қайтадан казак немесе казах деп атады, сол үшін 18-ғасырдың ортасынан 20-ғасырдың басына дейін орыс қазақты қырғыз атағанына бола еш қазақ өзін «қырғызбын» деген емес! Сол үшін қырғыз халқы тарихты бұрмалайтын, сенсацияға бой ұрғыш арандатушы адамдардың айтқанына емес нақты тарихи деректермен ғылми дәлелдерге сүйеніп екі ұлттағы ұқсастықтармен айырмашылықтарды айыра білгені дұрыс!
Ерзат Кәрібай
Abai.kz