Заңсыз активтер: Үш жылда 1 триллион теңгеден астам қаржы қайтарылды

2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 триллион 130 миллиард теңгеден астам актив қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтты.
Оның айтуынша, заңсыз шығарылған активтерді қайтару – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Follow the money қағидатымен жүргізілуде.
Активтердің едәуір бөлігі шетелден қайтарылды. Мұндай активтердің сомасы 670 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл шамамен 300 миллиард теңгеге жуық ақша. Оның ішінде Аустрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркиядан қайтарылған ақша бар.
− Қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражат пен мүлікті іздеу жұмыстары ел ішінде де, шет елде де жүргізілуде. Бұл мақсатта Қаржы мониторингі агенттігінің Қаржылық барлау бөлімшесімен және халықаралық әріптестермен тығыз ынтымақтастық орнатылған. «GlobE», «CARIN», «ARIN» және басқа да бейресми байланыс арналары пайдаланылып, активтерді жедел анықтауға және қайтаруға мүмкіндік берді. Осыған ұқсас жұмыстар өңірлік департаменттерде жүргізіліп жатыр, - деді Д. Бигайдаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте өткен брифингіде.
Жалпы, қаржылық тергеу кезінде күдіктілердің туыстарына, сенімді адамдарға және жиі номиналды меншік иелері ретінде пайдаланылатын басқа тұлғаларға рәсімделген активтер тексеріледі.
− Әдетте, олар мүлік пен оны сатып алуға жұмсалған қаражаттың заңды шығу тегін дәлелдей алмайды, ал олардың ресми табысы активтер құнынан едәуір төмен. Мысалы, ШҚО-да сыбайлас жемқорлыққа күдікті тұлға қылмыстық жолмен алынған қаражатқа автокөлік пен екі пәтер сатып алып, жұмыссыз туысының атына рәсімдеген. Шымкентте мемлекеттік қызметкер ұрланған ақшаға зайыбына электромобиль сатып алған. Жетісу облысында қаржылық тергеу нәтижесінде 2,8 млрд теңге болатын мүлік, соның ішінде ақша қаражаты, 6 автокөлік және 1 пәтер анықталып, тәркіленді, - деді Д. Бигайдаров.
Активтерді іздеу, тыйым салу және қайтару жұмыстарын жүргізу барысында олардың түпкілікті меншік иелерін анықтау, қажетті мәліметтер мен дәлелдерді алу бойынша Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетімен және басқа да құқық қорғау органдарымен, соның ішінде шетелдік құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл орнтылған.
Мысалы, Активтерді қайтару комитетімен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен мемлекет пайдасына 5 млрд теңгеден астам қаржы, зергерлік бұйымдар және қымбат мүліктер қайтарылды.
Айта кетейік, Астана банкінің бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровқа сырттай сот үкімі шықты.
Abai.kz