Араб жазуы бар туларды жарнамалағандар жазаланады

Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта Атырау қаласында араб жазуы бар тумен суретке түскен тұрғындар қандай жазаға тартылғанын, тартылуы мүмкін екенін мәлім етті.
«Атырау облысындағы оқиға бойынша құқыққа қайшы əрекет жасаған 4 қызды сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) əкімшілік жауапкершілікке тартты», - деп жазылған жауапта.
Сондай-ақ ресми мәліметте заң бұзған тұлғалардың аты-жөні мен арқалаған айыппұл көлемі ашық көрсетілген. Ондағы мәліметке сүйенсек, бір адамға 78 640 теңге, тағы 3 адамға 39 320 теңге айыппұл салынған.
«Сонымен бірге аталған факті бойынша 2025 жылғы 27 наурызда Атырау қаласының Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 372-бабымен (мемлекеттік рəміздерді қорлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптама тағайындалды. Одан бөлек сауалда көрсетілген уəждер тексеріледі. Олардың нəтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданады», - деп жазады Берік Асылов.
Бас прокурор стандартқа сай емес Мемлекеттік Туларды сатқан маркетплейс сөреден ол өнімді алып тастағанын да жеткізді.
«Қылмыстық қудалау органымен «Ozon» маркетплейсінің Қазақстандағы өкілдігіне қылмыстық құқық бұзушылықтар жəне басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мəн-жайларды жою жөнiндегi ұсыну (Қылмыстық процестік кодекстің 200-бабының тəртібінде) қылмыстық іс шеңберінде жолданды. Нəтижесінде «Ozon» сайтынан жазуы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын сату туралы, сондай-ақ кез келген діни материалдарға қатысты барлық жарнама алынып тасталды», - делінген жауапта.
Еске салсақ, наурыз айында Атырау облысында арабша жазуы бар да мемлекеттік тумен фотоға түскендер ұсталған болатын.
Abai.kz