Дүйсенбі, 5 Мамыр 2025
Алаң 245 0 пікір 5 Мамыр, 2025 сағат 12:07

«Саяси тұтқындар» санын көбейту қаншалықты қажет?

Сурет: видео скрині.

Алматыдағы СИ-28 тергеу абақтысына барып, әртүрлі қылмыстық іске тартылған бірнеше азаматпен кездесіп қайттым. (Әрқайсысына бөлек-бөлек жазба арнаймын).

Сурет: Е.Бапидың желідегі парақшасынан алынды.

Солардың бірі - АЭС-ке қарсы рұқсатсыз наразылық акциясын ұйымдастыруға қатысы бар деген желеумен қамауға алынған Нұрлан Жауылбаев. Бірақ прокуратура Нұрланға және онымен бірге дәл осы айыппен қамалған тағы да төрт жігітке кейіннен «экстремистік бапты» байлап беріпті.

Иә, ауыр айып, қиын бап! Бірақ АЭС қайда, экстремизм қайда?! Бұл бес жігіттің терісін төрт рет сыпырып алсаң да, лаңкестіктің ізі түгілі, иісін таппайсың! Алөкпе асыра сілтеу!

Иә, АЭС дабырасы кезіндегі «алдын ала сақтану инстингі» қозып кеткен күштік құрылымдар қызды-қыздымен бес жігітті қамауға алған шығар. Иә, қыңыр қоғамның қызуын басудың доғалдау долбарын жасаған болар. Иә, билікке деген «хроникалық» наразылығы бар жігіттер сырттан сыбырлаған әлдебір айдапсалдың сөзіне еріп кеткен шығар. Алтынбектің атылуына байланысты Назарбаевшылап айтсақ, «с кем не бывает?».

Енді ше? Енді елдегі референдумның нәтижесінде бір емес, перспективада үш АЭС салынатын болған жоқ па?! Қазақшылап айтқанда, «жаудың беті қайтты», ендігі ерегестің жөні қайсы? Бес бірдей азаматты түрмеге тығудың қандай қисыны қалды?

Сондықтан екі жақ ақылға салып: «күшті кешірімшіл келеді» деген тәмсілге прокуратура дес беріп; адами заңды құқығына «қақалып» қалған қамаудағылар мықын таянып, «позаға» тұрып алмай; «саяси тұтқындар» санын молайтпауға мүдделі болуы тиіс билік Қазақстан мен Президенттің сырттағы имиджіне нұқсан келтірмеудің қамын күйттеген дұрыс болар-ау!

Мен осындай логиканың жетегімен тергеудің айыптау қорытындысын бекіткен прокуратураны пайымды мәмілеге шақырам. Қамауда отырған азаматтарға да осындай араағайындық ақылымды айттым. Абақтыдағы кездесу кезінде байқағаным: қайраты қайтпаған қалпынан айнымаған Нұрлан мырза бұл мәмілеге мойынсұнған кейпін танытты. Қасындағы «АЭС үшін отырған», жігері жасымаған жігіттер де «тостағанда толқын тудыруға» пейілді емес екен.

Ал бұл байламға үшінші жақ - сот не айтар екен?

Сотқа да айтар ақыл бар: жігіттердің алты ай тергеу абақтысында отырғанын «жаза өтелдіге» санап, ары кетсе, бірер жылға «бостандықты шектеу» шарасымен шешім шығарғаны шапағатты іс болмақ! Қазақстанның бүгінгі реалийінде бұдан басқа қандай қисынды жол болмақ?

Ермұрат Бапи,

Мәжіліс депутаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1417
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 1569