Бейсенбі, 8 Мамыр 2025
Құйылсын көшің 2090 0 пікір 7 Мамыр, 2025 сағат 20:36

Бүгін жылытсаң, ертең оған өзің жылынасың...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Премьер-министр Олжас Бектеновтың назарына!

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев мүдделі мемлекеттік органдардың, «Отандастар қоры» КЕАҚ, «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» РҚБ өкілдерімен және қоғам қайраткері Ауыт Мұқибекпен бірлесіп «Ата жолы» картасын беру тетігін жетілдіру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қоғам қайраткері Ауыт Мұқибектің «Ата жолы» картасын беру тетігін жетілдіру жөніндегі ұсыныстары тыңдалды...

Бұл – өткен айдың 18 күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәлімет.

Сөйтіп, екі жылдан бері «жыр» болып келе жатқан «Ата жолы» картасын беру тетігін жетілдіру жұмысына шындап кірісіп кеттік.

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінде Комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Тәжібаев, Этникалық көші-қон бөлімінің басшысы Нұрбол Байсынов үшеуіміз «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы аясында «Ата жолы» картасына қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған алғашқы жобаны талқыладық.

Аталған алғашқы жобаға тоқталмас бұрын, алдымен, «Ата жолы» картасын ойдағыдай етіп жасап шығу үшін барын салып құлшынып отырған министр Светлана Жақыпова ханым мен оның орынбасары Асқарбек Ертаев мырзаға және жоғарыда мен аты-жөндерін атаған Көші-қон комитетінің басшыларына дән риза екенімді айтқым келіп отыр.

Бекер обалы кәне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жобаны барынша кемелді әрі өте тиімді етіп жасап шығуға жан-тәндерімен кірісіп-ақ жатыр.

Екіншіден, «Ата жолы» картасын берудің тетігін жетілдіру сынды аса жауапты жұмысқа арнайы шақырып, өз үлесімді қосу үшін мүмкіндік тудырып отырған министрлік басшыларына рахмет айтам!..

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасын берудің тетігін одан ары жетілдіру үшін қолданыстағы екі Заңға, үш Кодекске толықтыру енгізуді жоспарлап, оның алғашқы жобасын әзірлепті.

Ал, мен аталған «Ата жолы» картасының әлеуетін күшейте түсу үшін, аталған жобаға өз тарпымнан мынадай ұсыныстар бердім:

– «Ата жолы» картасын этникалық қазақтармен қатар, Қазақстан Республикасында туған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтарға да беру;

Сонымен бірге, «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтарға,

өзінің төлем қабілеттілігін растаудан босату;  

Қазақстан Республикасының аумағына кірген кезде халықаралық шартқа және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес көлік құралдарын қоса алғанда, кәсіпорынды ашуға арналған мүлікін біржолғы кедендік төлемдердерсіз үткізу;

Үкімет айқындаған өңірлерде кәсіпорын ашқан жағдайда, конкурс немесе аукцион өткізбей, уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін алу;

бес жылға салықтан босау ҚҰҚЫҒЫН беру.

Сондай-ақ, «Ата жолы» картасын алғысы келетін этникалық және өзге де қазақтадың санатын Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы N1587 Жарлығында көрсетілген  кәсiп иелерінің санатымен толықтыра түсу керек деп есептеймін...

Басқасын білмеймін, аталған жоба талқыға түскенде, бес жылға салықтан босау мәселесіне келгенде, құзырлы министрліктер тікесінен тік шапшуы мүмкін!

Біраз депутаттардың да қарсы шығуы ғажап емес...

Осы  жерде қарсы болатындардың есіне мына бір тарихи оқиғаны алдын-ала салып қоюға тура келеді.

Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Қытай комунистерінен қашып, Гималай асып, Түркияны паналаған қазақтар естеріңізде болар?!

О, сол қазақтардың алдынан шыққан Түркияның сол кездегі Мемлекеттік істер министрі Фатын Рүштү Зорлү: «Түркия асқан бай ел емес. түркияның сіздерге берері – туысқандық мейірім. Сіздер Түркияға келген күндеріңізден бастап бес жыл салық төлемейтін боласыздар. Ел ішінде жүріп-тұру ісінде де сіздерге арнаулы арзан бағамен билет беріледі. Ауыл шаруашылығымен шұғылданамын деушілерге ауылдық жерлерден егістік жер беріледі. Ал, сауда және қолөнер ісімен шұғылданамын деушілерге қалалық жерден тегін үй беріледі. Жұмыс істеймін дегендеріңізге мемлекет меншігіндегі фабрика-заводтардан жұмыс беріледі...» (Хасен Оралтай, «Елім-айлап өткен өмір» кітабы, 164-, 165-беттер),-деп, арып-ашып келген туыстарын құшағына басқаны белгілі.

Түркияның сол кездегі Үкімет басшысы Аднан Мендерес деген кісі екен.

Әрине, жоғарыдағы жақсылықтардың бәрі сол Аднан Мендерес марқұмның шешімімен жасалғаны анық.

Түркия Үкіметі жасаған осы жеңілдіктердің арқасында, сол қазақтар  еңсесін тез көтеріп, шетінен ауқаттанып үлгірді.

Әсіресе, тері өңдеу мен тері киімдерін тігу жағынан бүкіл түрік халқының өзін шаң қаптырып кетті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түркияғы сапарлай барған қазақтардың сол қазақтардың қолынан шыққан тері киімдерді кимегені жоқ шығар.

Тоқсаныншы жылдардың соңында біз Қазақстанға оралғанда Алматының біткен базарында Түркияда тігілген тондар самсап тұратын...

Қысқасы, Түркия өзін пана тұтып барған сол қазақтарды, Шерхан Мұртаза ағамыздың сөзімен айтсақ, жылытып еді, кейін өздері оларға жылынды...

2021 жылы Түркияда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аднан Мендерес марқұмның Қытайдан қашып барып Түркияны паналған сол қазақтарға жасаған қамқорлығын аса зор ризашылықпен еске алып, «Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын «бауырым» деп құшақ жайып қарсы алған Аднан ­Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркияның премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Мен Қазақстан Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын!», – деп, ағынан ақтарылғаны бар.

Ол аз десеңіз, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2023 жылы 1 наурызда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің алдына,  осы жақсылығы үшін, Аднан ­Мендерес марқұмға еңселі ескеркіш орнатқызды...

Біз Қасекеңнің бұл кемеңгерлігіне қатты сүйсініп, өз ойларымызды ортаға салып, дэн риза болған болатынбыз.

Әрине, ол заман мен бүгінгі күнді салыстыруға келмейді.

Бірақ, сол Аднан ­Мендерес марқұмның қазақ бауырларына жасаған кешегі жақсылығын біздің Олжас Бектенов мырза бүгінгі «Ата жолы» картасын алғысы келетін этникалық қазақ туыстарына жасап жіберсе, еш артық болмас еді.

Ал, мен «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың Қазақстанға мол игілік әкелетініне сенімдімін!

Ескерту: айтпақшы, осы «Ата жолы» картасын беру тәртібін жетілдіру үшін мен-мен деген бес-алты кәсіпкерден ұсыныс сұрадым. Біреуі мардымды бірдеме айта алмады.

Тіпті, қаншама ақша шығындап «Кәсіп иесі – 2025» халықаралық форумын өткізген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының әлеуметтік желілердегі парақшаларын ақтарып, «Ата жолы» картасын лайық ілікке алар дым таппадым...

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1932
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 2609