Дүйсенбі, 12 Мамыр 2025
Абай мұрасы 262 0 пікір 12 Мамыр, 2025 сағат 10:53

Шетелдік ғылыми басылымдардағы Абай мұрасы

Сурет: vechastana.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Абай аманаты» [1] атты мақаласында «... Абайдың ойы мен сөзін күллі әлемдік ауқымда мойындату мәселесін Кеңестер Одағы әлі тарамай тұрып, 1990 жылы халықаралық деңгейде көтерген едік», - деп атап көрсетеді. Сонымен қатар, аталмыш мақалада «... Абай тойының алдында оның аруағын одан әрі ұлықтау, өмірбаяндық деректерінің көмескі парақтарын қайта жаңғырту, әдеби, философиялық және музыкалық мұрасын тәуелсіздік тұрғысынан тыңнан пайымдау, әлемдік деңгейде кеңінен таныту бағытында іргелі жұмыстар атқарылды», - деген еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» [2] атты мақаласында да Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасатындығы айтылып, «... шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек», - деген болатын. Осы айтылған пікірлерге сәйкес Абай мұраларын зерттеулерге арналған өзге тілдердегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына назар аударып көрдік.

Зерттеу жұмысы барысында ғалымдар арасында танымал және материалдар іздеуге өте ыңғайлы Scopus мәліметтердің библиографиялық және реферативті базасындағы жарияланымдарға ізденіс жасалды. Мәселен, «Abay» кілт сөзі арқылы әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша базадан 9, «Abai» кілт сөзі бойынша 7 материал табылса, «Kunanbayev» кілт сөзі негізінде 7 мәлімет көруге болады. Кілт сөздерде «Kunanbayev»тің кездесуіне байланысты аталмыш базадан барлығы 19 ғылыми-зерттеу жұмыстарын көруге болады. Бұл индекстелген көрсеткіштен Абай мұрасына байланысты зерттеулер аз жүргізіліп жатқандығын, шетелдік рецензияланатын ғылыми басылымдардағы жарияланымдардың төмендігін байқатады. Сонымен қатар, базада индекстеліп үлгерген зерттеу жұмыстарының авторлары арасында шетелдіктер ғалымдар аз, жарияланған жұмыстардың басым бөлігі отандық ғалымдарға тиесілі.

Ең алғаш индекстелген мақала ретінде Қарағанды педагогикалық колледжі қызметкері ретінде көрсетілген С. Сырымбетовтың [3] мақаласын айтуымызға болады. Ол өз зерттеуінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан мен Ресейдің одағы Қазақстанның өндіргіш күштері мен экономикасына ықпал жасап, орыс пен қазақ халқының жақындасуына және достық қарым-қатынас жасауына әсер еткендігі туралы баяндайды. ХІХ ғасырдың 40-60 жылдары Ресейде революциялық-демократиялық қоғамдық қозғалыстар пайда болды және қалыптасты. Бұл қозғалыстардың көрнекті өкілдеріне Герцен, Белинский, Чернышевский және Добролюбов жатады. Сонымен бірге, білім берудегі прогрессивті ой дамыды, оның өкілдеріне ұлы орыс педагогы К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, Н.И. Пирогов, П.Ф. Лесгафт және басқалар болды. Осы мысалдар негізінде автор Абайдың тұлғасына тоқталады.

Ағылшын ғалымы Д. Бриджес (D. Bridges) [4] білім беру саласындағы зерттеулердің эпистемологиясы, этикасы, саясаты мен сапасын қарастырған еңбегінде мәселеге қатысты сыни және рефлексивті талдаулар жүргізеді. Философия мен білім беру саласындағы зерттеулердің өзара байланысы дәйектеліп, бұл зерттеулердің ақиқаты мен нақтылығы туралы пікірталастар қарастырылады. Автор берілген мәселелерді заманауи Египет пен жаңа Зеландияның әлеуметтік міндеттемелері, XVII ғасырдағы Франция, Паскаль және иезуиттер мен янсениттер арасындағы таластар, XVIII ғасырдағы Италия, Джамбаттиста Вико және жаңа ғылым, дәстүрлі Эфиопиядағы «Білім беру сиқыры», Сократ пен Монтеньді негізге алған дереккөздермен қатар, Абай туралы да айтылады. Кітап түйіндемесінде автор ақын туралы былай жазған екен: «заманауи Қазақстандағы ХIХ ғасырдың «кеңестік» рухтандырушы философы Абай».

Оңтүстік Кореядағы Ханьян университетінің Азия-Тынық мұхиты ғылыми-зерттеу орталығы шығаратын «Journal of Eurasian Studies» журналының 2018 жылғы арнайы топтамалық бір нөмірі Абай Құнанбайұлының мұрасымен таныстырады. Топтаманың кіріспе сөзінде Наоми Каффи (Naomi Caffee) [5] Абайдың қара сөздері қазақ халқының одан арғы жолын белгілеуге талпынысын білдіретіндігін айтады. Ғалымның пікірінше, Абай еңбектері ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлтшылдығы қозғалыстарын шабыттандырды және ұлттық жазба әдеби дәстүрді қалыптастырды. Сонымен қатар, Кеңестік кезеңде қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің адал күш-жігері арқылы Абай қазақ әдебиетінің негізін қалаушы мәртебесіне көтерілді, оның «Абай жолы» эпикалық өмірбаяндық романы қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы әйгілі және ең ықпалды әдебиет туындысы болып табылатындығын жазады.

Осы арнайы нөмірде жарияланған үш зерттеу жұмысына назарымызды аударсақ. Назарбаев университетінің ғалымы Г. Макгуайр (G. McGuire) [6] өз зерттеуінде М. Әуезовтің алғашқы ғылыми еңбектерінде Абай қазақ жазба әдебиетінің пайда болуындағы трансформациялық тұлға ретінде көрсеткендігін айтады. М. Әуезов романда Абайды тек әдеби жаңашыл тұлға ғана емес, сонымен бірге саяси реформист ретінде танытқандығын баяндайды. Автордың пайымдауынша, М. Әуезов «Абай жолы» арқылы қазақ халқының әдебиеті кеңестік әлемді өз шағымдары мен тілектерін әлеуметтік сын рухымен шабыттандыру арқылы дәлелдеген. Аризона университетінің ғалымы Н. Каффи [7] Абай Құнанбайұлының екі жақты мұрасы бар екендігін айтады: қазіргі қазақ әдебиетінің атасы; сондай-ақ орыс классикасын қазақ тіліне аударған және екі мәдениет арасындағы өмірлік маңызды көпір ретінде әрекет еткен ағартушы. Ал Швецияның Лунд университетінің ғалымы Д.Т. Кудайбергенова [8] болса Абайды қазіргі Қазақстандағы қазақ мәдениетінің тұлғасы ретінде зерттейді.

Түрік ғалымы Х. Касапоглу Ченгел [9] пікірінше, түрік мәдениеті тарихында «ақыл» мен «мораль» ұғымдарының өзара байланысы туралы көптеген мәліметтер бар. «Құтты білікті» сауатты саясат пен ақылдың мысалы ретінде айқындаған автор, осы мәселенің алғашқы дереккөзі саналатынын атап өтеді. Ақыл мен даналыққа негізделген дәстүр «Құтты біліктен» кейін жазылған «Диуани лұғат-ат-түрк», «Атабат-ул-Хақайиқ», «Диуани хикмет» сынды еңбектерде жалғасын тапты. Автордың пайымдауынша, бұл дәстүрлер Абай Құнанбаевтың қара сөздерінде қайта дүниеге келеді. Абай 38 қара сөзінде былай дейді «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік, үшінші - залымдық деп білесің». Сондықтан ғалым Абайдың «надандықты» адамның қадірін төмендететін қасиет деп бағалауын «Құтты білікте» қалыптасқан дәстүрлер мен түсініктердің терең жалғасы деп түсіндіреді.

Бізде Абайдың осы қара сөзіне сүйене отырып, ойымызды жалғастырайық [10]: «Надандық - білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады. Залымдық - адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында демократияның басты жауы ретінде білімсіздік пен популизмды атап көрсетеді. Білімсіздік немесе надандық білімнің кемшілігінен, қараңғылықтан, кемелденбегендіктен, артта қалудан пайда болады. Білімсіздік мәселенің мәнін білмеуден, елемеуден туындап, адамның ұмтылыстары мен іс-әрекеттерінде көрініс табады. Білімсіздік агрессивті әрекеттерде байқалуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда білімсіздік адамның өз бақытсыздықтары үшін жауапкершілікті мемлекетке жүктеп, мемлекеттің саяси тұрақтылығына зиян келтіреді, адамзаттың барлық жұмыстарының нәтижелерін жояды. Популизм бұқара халыққа жүгінеді және қоғамға өткір әлеуметтік мәселелерді жылдам әрі оңай шешуге уәде береді. Популистер өздерінің мазмұнсыз сөздерін қарапайым адамдардың экономикалық және әлеуметтік мүдделеріне баса назар аудара отырып құрайды. Көптеген популистер өздерін белгілі бір аймақтардың, жекелеген әлеуметтік топтардың қорғаушысы ретінде ұсынатындықтан, көзқарастарға ерекше мән берілуі қажет. Осы себептерге байланысты Мемлекет басшысы қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол берілмейтіндігіне үміттенеді [11]. Еріншектік бұл еңбекқорлықтың болмауы мен жетіспеушілігін көрсетеді, еңбек әрекетінде бос жұмыс уақытын таңдауды да білдіреді. Әдетте ол кемістік ретінде қарастырылып, еріншектік қоғамның жатып-ішері деп бағаланады. Бірқатар психологиялық эксперименттерде адамның ұжымда қызмет атқарған кезде әлеуметтік еріншектік болатындығы расталады. Көптеген анықтамалықтарда залымдыққа мынадай баға беріледі: адамның сапалық белгісі; сыртқы қайырымдылықпен жанамаланған қулық, айла-амалдар мен әрекеттерге бейімділік; мұндай ниеттермен сипатталатын әрекеттер, мінез-құлық. Залымдық қарым-қатынас кезінде қауіпті және кейін күтпеген жерден пайда болатын жасырын дұшпандық ниеттердің болуын уақытылы анықтауға мүмкіндік бермейді. Демек, залымдық адам жасайтын әрекет.

Ә.Н. Нысанбаев, Г.Қ. Құрманғалиева және Н.Л. Сейтахметованың [12] зерттеу жұмысында Орта ғасырлық философ Әбу Насыр әл-Фарабидің, қазақ философы және ағартушы Абай Құнанбаевтың әлеуметтік онтологиясы мәселелері арқылы әлеуметтік-саяси мұрасын қайта құру және әлеуметтік онтологияның қазіргі дискурсындағы өзекті тұжырымдарды салыстырмалы философия контекстіндегі мәселелері қарастырылады. Авторлар мына мәселелерге ерекше мән берген: исламның әлеуметтік онтологиясындағы құндылық парадигмасы, оның Орта ғасырлардағы және қазіргі мәдениеттегі түсіндірмелері; әл-Фарабидің әлеуметтік онтологиясындағы әлем және қоғам құрылымы; қоғамдық идеал; Абайдың әлеуметтік онтологиясы және оның құндылық парадигмасы; адамгершілік қоғамдық қатынастардың жалпыға ортақ түрі ретінде.

Ә.Ж. Жапарова, Ж. Дәдебаев және А. Жақсылықовтың [13] зерттеу жұмыстарында Абай Құнанбаевтың метафоралық поэтикасы ХІV-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармаларындағы Абай поэзиясына дейінгі ескіге қатысты жаңа эстетикалық жүйе ретінде талданады. Бұл зерттеуде авторлар Абайдың метафоралар поэтикасындағы жаңашылдықтың мәнін ашады. Абайдың жаңашылдығы ерекше әдеби стратегиямен ойластырылған «Иман» (әдептілік) және «Кемел адам» (мінсіз адам) философиялық жүйесіндегі символдардың, маркерлердің, метафоралардың, поэтикалық бейнелердің, аллегориялардың, эвфемизмдердің кең көлемін тұжырымдаумен және ұлттық менталитет саласындағы әділдіктің, қасиеттіліктің және әлеуметтік белсенділіктің айқындалуымен сипатталатындығын айтады. Әр Абай метафорасының функционалдығы оның барлық шығармашылық жұмыстарына енетін терең өнімді Абай тұжырымдамасымен анықталуы керектігін түсіндірді.

Ә.Ж. Жапарова [14] тағы бір зерттеуінде Абайды ХІХ ғасырдағы Қазақстанның ең танымал және сүйікті ақыны дей келе, ұлы ақынның еңбектері ағылшын тілінде сөйлейтіндерге белгілі емес екендігін айтады. Бұл зерттеуде автор Абай поэзиясының әсемдігін шынымен жеткізе алатын аудармалардың жоқтығынан ба, жоқ болса, оны қалай түзетуге болатындығы айқындайды. Сонымен қатар, Абай поэзиясын қазақ тілінен ағылшын тіліне аударудың лингвистикалық, мәдени және тарихи факторлары мысалында дәйектеп, тілдер арқылы поэзияның қозғалысын тану үшін кейбір жеке өлеңдері мұқият зерттеледі.

Р. Садықова, Б. Тұрлыбеков, У. Қансейітова және Қ. Төлебаеваның [15] зерттеу жұмысында қазақ ғылымындағы аударма және М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының шет тілдеріне аудармаларының табиғаты туралы зерттелген. Эпопеяның орыс және неміс тілдеріне аударудың әдістері бар екендігін айта келе, олардың төмендегідей тиімді және тиімсіз тұстарына ерекше мән береді: тікелей аударма; аналогтылық; сипаттамалық аударма; мәнмәтіндік аударма; аудармада эстетикалық ерекшеліктерді сақтау үшін кейбір фразеологиялық бірліктерді қалдырып кету. Ал А. Машакова мен М. Хабутдинованың [16] зерттеу жұмысында Абай шығармаларының татар тіліне аударылуы, жарық көрген кітаптардың алғы сөздері, татар ғалымдарының халықаралық конференциялардағы сөз сөйлеулері, татар әдебиеттанушыларының монографиялары талданады. Талданған материалдар арасында қазақ ақыны шығармашылығының соңғы бірнеше онжылдықтағы еңбектері бар. М.Ж. Түсіпбекова, М.А. Ыдырысова және Б.Г. Смағұлованың [17] зерттеу жұмыстарында мұғалімдер әрдайым өз сабақтарын қызықты әрі нәтижелі өткізу үшін жаңа әдістер мен материалдар іздейтіндігін айтады. Олардың пайымдаулары бойынша ағылшын тілі сабақтарына арналған материалдардың ең қиын түрлерінің бірі - әдебиеттерді пайдалану болып табылады. Тілді үйрену үшін төрт дағды қажет: оқығанды түсіну, жазу, тыңдау және ауызша сөйлеу. Осы мақсатта авторлар әдебиеттің, әсіресе Абай Құнанбаев қара сөздерінің ағылшын тілін оқытудағы өзекті рөлін анықтайды.

Бұл тұста 2020 жылы Ұлыбритания астанасында Абай Құнанбайұлы шығармаларының ағылшын тіліндегі жинағының таныстырылымы өткендігін айта кеткіміз келеді. Жинақты бес ғасырлық тарихы бар Кембридж университеті баспасы (Cambridge University Press) мен Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры бірлесе отырып Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында аударып басты. Танымал британ ақыны, әрі әдебиетші-ғалым, профессор Шон О’Брайен Абай өлеңдерін аударса, «Қара сөздердің» тәржімасын белгілі шотландық ақын, жазушы, профессор Джон Бернсайд жасады. Жинақ Ұлттық аударма бюросы іске асырған Абай шығармаларын әлемнің он тіліне аудару жобасының бір бөлігі [18].

З. Әсемжан [19] өз зерттеуінде Абайды жаңа қазақ поэзиясының негізін қалаушы ретінде атап көрсетеді. Абай шығармашылығының арқасында қазақ поэзиясында пайда болған терең өзгерістер жаңа ырғақтардың, өлшемдердің, шумақтардың, интонация мен мағыналардың пайда болуымен сипатталып, поэзияның өмірге, тұлғаның ішкі әлеміне бұрынғы рухани және бейнелеу көріністерінде адамдардың интеллектуалды өміріне әсерін дәйектейді. Абай - адамды, оның ішкі әлемін қазақ поэзиясына алғаш енгізген; қазақ әдебиетіндегі толыққанды көркем антропология Абайдан басталады. Абайдың поэтикалық жүйесіне терең де сындарлы жаңалықтар тән. Абай поэзиясында метафораның алуан түрлері бар. Ескі қазақ эпикалық поэзиясының канондық дәстүрлі метафораларынан өзгеше қарапайым және қиын дәстүрлі емес метафораларды кездестіруге болады. Мұндай метафораларды талдау осы зерттеудің мәселесін білдіреді.

Қазақтардың этика тарихын қарастырған еңбекте Г. Барлыбаева [20] ұлтымыздың этикалық ойлауы түркітілдес мәдениеттің ежелгі тармақтарынан бастау алып, үнді-иран, қытай және араб мәдениеттерінің бөліктерін қосатындығы жөнінде айтады. Қазақтардың өміріне, этикалық ойларына Жібек жолының, бүкіл Еуразияның идеялары әсер етті деуімізге де болады. Дегенмен, кейін ислам діні таралса да, қазақ ойы өзінің бастапқы белгілерінен басталатын өзіндік ерекшелігі мен элементтерін сақтап қалды. Осы мәселелерді негізге ала отырып, автор зерттеуінде VІІІ ғасырдағы Қорқыт атадан бастап XІX ғасырдағы қазақ ағартушылығындағы Абай Құнанбаевқа дейінгі этикалық ойлардың эволюциясын қарастырады.

К.К. Кенжеғалиев, Д.С. Какабаева, Е.С. Нурымов, Г.К. Қайникенова және Ш.О. Сейімқұлованың [21] зерттеу жұмыстарында Абай Құнанбайұлы шығармалары негізінде ХХ ғасырдағы қазақ гуманизмінің қалыптасуы, оның психология мен мәдениеттің дамуына ықпалы анықталады. Мәдени, әлеуметтік және экономикалық айырмашылықтар тұрғысынан Абай мен А. Маслоудың (1954) гуманистік тұжырымдамаларындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтау үшін салыстырмалы талдау жүргізіледі. Авторлар мақсат ретінде Абай Құнанбайұлы шығармаларында туындаған ойларды ғылыми психология әдістері және американдықтардың еңбектері негізінде айқындауды алған. Зерттеу жұмысында американдық психолог А. Маслоудың гуманистік психологиясы Абай Құнанбайұлына ұқсас екендігі айтылады. Олар бір-бірімен және бір-бірінің шығармаларымен таныс емес, бірақ олар ортақ шындықты - гуманистік тұлға психологиясы туралы айтты. Салыстырмалы әдіс нәтижесінде олардың гуманистік идеяларының ұқсастығы, экономикалық және әлеуметтік жағдайлардан тәуелсіздігі анықталды.

К.К. Кенжеғалиев, Г.С. Мұхамеджанова, А.А. Шаяхметова, Ж.С. Тасболатова, Л.С. Байманова және Ж.А. Зұлқарнаеваның [22] зерттеулерінде Абай Құнанбаевтың психологиялық мұрасын зерттеу болашақ психологтардың психологиялық құзыреттілігін қалыптастыруға ықпал етіп, Болон процесіне сәйкес білім берудің ұлттық моделін көтеруге мүмкіндік беретіндігі баяндалады. Авторлар көшпелі қазақтардың психологиялық ерекшеліктерін ғылыми психология тұрғысынан түсініктемелер беруге ұмтылады. Олар Абай Құнанбаевтың қара сөздері көшпенділер психологиясын ғылыми психология тұрғысынан түсіну Қазақстанның психология ғылымын байытады, психологтардың, оқырмандардың психологиялық құзыреттілігін арттырады және Болон процесінің ұлттық деңгейде дамуына ықпал ететіндігін айтады.

Ж.Т. Карипбаев, С.А. Қасқабасов және А.С. Кенжеғұлованың [23] Абай Құнанбайұлы поэмасындағы Ескендір бейнесі талданған зерттеуде белгілі шығыстанушылар В.В. Бартольд, Э.Е. Бертельс, И.С. Брагинский еңбектері пайдаланылғандығы жөнінде айтылады. Салыстырмалы талдау негізінде Ескендір тақырыбында жазылған көптеген шығармалардың көркем-бейнелік құрамдастары туралы тұжырымдар жасалған. Абай шығармашылығының жан-жақтылығы мен гуманистік рухы оның осы поэмасы аясында айқындалатындығы туралы баяндалған.

Л.Н. Дауренбекова, С.К. Иманбердиева, Б.Д. Даутова, Г.С. Райнбекова және Г.М. Токтиманованың [24] пайымдаулары бойынша, бүгінгі білім мен ғылымның қарқынды дамып келе жатқан жағдайында түркі халықтарының тарихи байланыстары мен бірлігін нығайту, түркі халықтарын толығырақ зерттеу және әлемге таныту маңызды болып табылады. Ғалымдар Абай тек қазақ халқының емес, жалпы адамзаттың мәселелерін көтергенін айта келе, зерттеу жұмыстарында Абайдың түрік тіліне аудармалары сараланып, оларды түрік тілінде түсіндіру жолдарын қарастырады. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының мақсаты ретінде түркі елдеріндегі Абай мұрасының өзгеру дәрежесін анықтауды санайды.

Г. Орынханова, А.Н. Нұрланова, Р.К. Сабырбаева, Л.А. Аманқұлова және Т. Төлегеновтің [25] зерттеулері Абай Құнанбаев шығармаларындағы ұлттық сипаттың метафоралық тұжырымдамасын салыстырмалы-сапалы зерттеу әдістері арқылы зерттеуге бағытталған. Авторлардың пікірінше, Абайдың барлық терең ойлары әл-Фараби, Ибн Араби, әл-Ғазали сынды сопылық ойшылдардың шығармаларында айтылған ойлармен байланысты болды.

Л.Н. Дауренбекова, С.К. Иманбердиева, Қ.М. Байтанасова, О. Ақниет және А.Е. Әлімбаев [26] зерттеуінде ұлы ақынның әдеби аудармаларының трансформациясы талданады. Авторлардың пайымдауынша, Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетінің атасы (ауызша дәстүрге қарағанда) және орыс әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне аударып, екі мәдениет арасындағы маңызды көпір қызметін атқарған ағартушы-педагог ретіндегі дуалистік мұрасы бар. Ғалымдар Пушкиннің «Евгений Онегинін» қазақ әнінің дәстүрлі түріне сәтті икемдеуінде Абайдың қазақтың нағыз әдеби көрінісінің ашылуына әкелгені анықтайды. Абай басты кейіпкерлердің есімдерін түгелдей сақтамай, қазақша теңеу қолданатыны дәйектеледі. Абайдың Крылов әңгімелерінің аудармасы ең алдымен пейзаждар, тұрмыстық суреттер, көріністер сияқты шығармашылық элементтермен байланысты екені белгілі болды.

М. Иманғазинов, И. Щербовских, Б. Есімқұлов, Қ. Үкібасова және Б. Рысдәулетова [27] мақаласында Абай Құнанбаев пен Гомер шығармаларындағы үйлесімділік пен әдеби компаративизм талданады. Абай мен Гомер шығармаларындағы параллельдерді зерделеу қазақ әдебиетінің негіздері мен Абайдың ұлттық әдеби дәстүрді дамытудағы рөліне жаңаша көзқарас ұсынады. Абай мен Гомер кейіпкерлерінің образдары бір-біріне ұқсайды, сюжеттер мен мотивтер «көшпелі» өмірді суреттеу стилінде қарастырылады. Авторлар қазақ шығармаларының ежелгі Еуропамен ұқсастығы жиі айтылатындығын осы мақалада дәлелдейді.

Алаш қозғалысы империялық билік кезіндегі қазақтардың ұлттық-мәдени кодын сақтап қалды. Бұл кодты түсіну үшін Алаш мұрасын ғана емес, оның Абай Құнанбаев бейнесін қалай танымал еткенін де зерделеу маңызды [28]. Осы зерттеуде авторлар Абай Құнанбаевтың және оның шығармашылығының Алаш қозғалысы идеологиясындағы орны мен оның жекелеген өкілдерінің шығармашылық, ғылыми мұрасын анықтау мақсатын қояды. Тарихи-салыстырмалы әдіс арқылы Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны мен ұлттық бірегейлігі туралы Алаш қайраткерлерінің көзқарастары зерттеледі. Нәтижелер ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы мен Қазақстанның ұлттық азаттығын одан әрі зерттеу үшін құнды. Ғалымдар Абайды қазақ ұлттық-мәдени кодының мағыналық және эстетикалық мазмұнының орталық буыны ретінде ажыратады.

Зерттеу нәтижелерінен байқап отырғанымыздай, шетелдік ғылыми басылымдардағы Абай мұрасын зерттеуге арналған еңбектерде оның тұлғасы, рухтандырушы ойшылдылығы, орыс пен қазақ мәдениетін жақындастырған ағартушылығы, қара сөздерінің қоғам үшін маңыздылығы, ақынның әлеуметтік онтологиясы мен құндылықтар туралы түсініктері, метафоралық поэтикасы, өзге тілдерге аудармаларының ерекшеліктері, этикалық ойлар эволюциясына ықпалы, қазақ гуманизмі шеңберіндегі ғылыми психологиядағы орны, шығармаларының жан-жақтылығы, М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының рөлі және т.б. мәселер талданады. Әрине, Scopus базасындағы Абай мұрасына байланысты еңбектердің индекстелуі алдағы уақытта да тоқтамайды. Ол үшін ғалымдар өз ізденістерін беделді шетелдік рецензияланатын журналдарға ұсынуы қажет.

 

Әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.Ә. Абай аманаты // Егемен Қазақстан. – 2020. – 7 қазан.
  2. Тоқаев Қ-Ж.К. Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан // Егемен Қазақстан. – 2020. – 9 қаңтар.
  3. Srymbetov S. Abai Kunanbayev – Kazakh // Soviet Education. – 1960. -Volume 2, Issue 4. – P. 60-64. DOI: 10.2753/RES1060-9393020460.
  4. Bridges D. Philosophy in Educational Research: Epistemology, Ethics, Politics and Quality. - Cham, Germany: Springer International Publishing, 2017. - 479 p. DOI: 10.1007/978-3-319-49212-4.
  5. Caffee N. Introduction: Abai Qunanbaiuli and Kazakh Culture: From Abai Zholy to #okkypaiabai // Journal of Eurasian Studies. – 2018. - Volume 9, Issue 1. – P. 1. DOI: 10.1016/j.euras.2017.12.009.
  6. McGuire G. Aqyn agha? Abai Zholy as socialist realism and as literary history // Journal of Eurasian Studies. – 2018. - Volume 9, Issue 1. – P. 2-11. DOI: 10.1016/j.euras.2017.12.001.
  7. Caffee N. How Tatiana's voice rang across the steppe: Russian literature in the life and legend of Abai // Journal of Eurasian Studies. – 2018. - Volume 9, Issue 1. – P. 12-19. DOI: 10.1016/j.euras.2017.12.002.
  8. Kudaibergenova D.T. Misunderstanding Abai and the legacy of the canon: “Neponyatnii” and “Neponyatii” Abai in contemporary Kazakhstan // Journal of Eurasian Studies. – 2018. - Volume 9, Issue 1. – P. 20-29. DOI: 10.1016/j.euras.2017.12.007.
  9. Kasapoğlu Çengel H. Advices on “Mind” and “Wisdom” in Turkish culture from Yûsuf of Balasagun to Abay of Semey // Milli Folklor. – 2020. - Volume 2020, Issue 126. – P. 184-197.
  10. Абайдың қара сөздері // [Электрондық ресурс]. Көру режимі: https://abai.kz/post/6.
  11. Насимов М. Жаңа реформалар өз тиімділігін көрсетеді // Халық. – 2020. – 29 қазан.
  12. Nysanbaev A.N., Kurmangalieva G.K., Seytahmetova N.L. Social ontology of al-Farabi & Abay: Experience of philosophical actualization // Voprosy Filosofii. – 2014. - Issue 10. – P. 112-122.
  13. Zhaparova A.Z., Dadebaev Z., Zhaksylykov A. The conceptual metaphor in Abay Kunanbayev's poetics // Journal of Language and Literature. – 2016. -Volume 7, Issue 3. – P. 54-59. DOI: 10.7813/jll.2016/7-3/7.
  14. Zhaparova A. Translating the Kazakh poet Abay // Journal of Language and Literature. – 2016. - Volume 7, Issue 4. – P. 307-314. DOI: 10.7813/jll.2016/7-2/49.
  15. Sadykova R., Turlybekov B., Kanseitova U., Tulebayeva K. Analysis of research on foreign language translations of the Epopee «The path of Abay» // Opcion. – 2018. - Volume 34, Issue 85. – P. 361-373.
  16. Mashakova A., Khabutdinova M. The creative writings of Abay Kunanbayev in the Tatar literary reception // Espacios. – 2017. - Volume 38, Issue 50. – P. 1-8.
  17. Tussupbekova M.Zh., Idrissova M.A., Smagulova B.G. Benefits and importance of using the book of words by Abai Kunanbayev to English teaching in Kazakhstani universities // International Journal of Applied Business and Economic Research. - 2016. - Volume 14, Issue 15. – P. 10687-10704.
  18. First English-language collection of works of Abai launched in London // [Electronic resource]. Access mode: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/121047?lang=en&fbclid=IwAR30BnhbbrXpyPRQctajbcj9R0pTO1KSgh6n6Y7_YLeCIJMoLIM0GxP8Zyg.
  19. Asemzhan Z. The functional characteristics of a metaphor in Abay's poems // Journal of Language and Literature. – 2016. - Volume 7, Issue 1. – P. 42-52.
  20. Barlybayeva G. The history of ethics of Kazakhs // Logos (Lithuania). – 2020. - Issue 103. – P. 67-80. DOI: 10.24101/logos.2020.28.
  21. Kenzhegaliev K.K., Kakabaeva D.S., Nurumov E.S., Kainikenova G.K., Seimkulova S.O. On the parallelism of the humanistic psychology of Abay Qunanbayuli and American psychologists // Mathematics Education. – 2016. -Volume 11, Issue 5, iejme.2016.122. – P. 1383-1392.
  22. Kenzhegaliev K.K., Mukhamedzhanova G.S., Shayakhmetova A.A., Tasbulatova Z.S., Baimanova L.S., Zulkarnayeva Z.A. Problems of psychology and ethnic psychology of nomads – Kazakhs in the works of Abay Qunanbaev // Mathematics Education. – 2016. - Volume 11, Issue 8, iejme.2016.255. – P. 3127-3136.
  23. Karipbaev Z.T., Kaskabasov S.A., Kenzhegulova A.S. The image of Alexander the great in the poem by Abai Kunanbayuly // Opcion. – 2020. - Volume 36, Issue 91. – P. 889-909.
  24. Daurenbekova L.N., Imanberdiyeva S.K., Dautova B.D., Rainbekova G.S., Toktymanova G.M. Translation and interpretation of Abay’s politikal – Social lurics into Turkic languages // Opcion. – 2020. - Volume 36, Issue Special Edition 26. – P. 1849-1868.
  25. Orynkhanova G., Nurlanova A.N., Sabyrbaeva R.K., Amankulova L.A., Tolegenov T. The metaphoric conception of national character in Abay Kunanbayev’s works // Opcion. – 2020. - Volume 36, Issue – P. 622-638.
  26. Daurenbekova L.N., Imanberdiyeva S.K., Baitanassova K.M., Akniyet O., Alimbayev A.E. Transformation of literary translations of the literary classics by Abai Kunanbayev // New Voices in Translation Studies. – 2024. - Volume 29, Issue 2. – Р. 66–87. DOI: 14456/nvts.2024.13.
  27. Imangazinov M., Chsherbovskikh I., Esimkulov B., Ukibassova K., Rysdauletova B. Similar motifs in the works of Abai and Homer // Interdisciplinary Literary Studies. – 2024. - Volume 26, Issue 2. – Р. 145–161. DOI: 10.5325/intelitestud.26.2.0145.
  28. Kazhymurat A., Aubakir Z., Askarova A. Abai in Alash heritage // Critical Survey. – 2024. - Volume 36, Issue 4. – Р. 87–100. DOI: 3167/cs.2024.360408.

Мұрат Насимов,

саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының қауымдастырылған профессоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2178
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 3838