Сәрсенбі, 14 Мамыр 2025
Дабыл 263 0 пікір 14 Мамыр, 2025 сағат 11:08

Каспий – Аралдың кебін құшпасын!

Сурет: islam.kz сайтынавн алынды.

Орталық Азиядағы су тапшылына тағы бір жазылмас дерт қосылды: Ол – Каспи теңізінің тартылуы.

Бәріміз білеміз Қазақстанның экожүйесіндегі теңіз, көл және өзендер өз бастауын көршілес Қытай, Ресей және Қырғызстаннан алады. Каспий теңізінің тағдыры солтүстік көршімізге тікелей байланысты. Кезінде Еділге салынған су қоймалары Каспийге құятын судың тамырына балта шабуда.

Бұрын Арал деп шырылаушы едік. Енді сол Аралдан да асқан кеп, Ресейдің суды орашалақ пайдалануына байланысты және күннің күрт жылуынан туынаған булану процесіне байланысты Каспий теңізінің басына экологиялық апатты түсіріп отырған жайы бар. Бұл туралы бір ғана қазақ қана емес, бүкіл әлем дабыл қағып, эколог ғалымдар болашақта аталған теңіз өзінің көлемін 37 пайызға дейін жоғалтады деген нақты ғылыми болжамын жасап отыр.

Оқырмандарымызға ұғынықты болуы үшін нақтылап айтатын болсақ, бұған дейін Nature журналының бетінде Save the Caspian Sea жаһандық экологиялық қозғалысы Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және оның қоршаған орта, инфрақұрылым мен аймақ экономикасына әсері туралы әлемге дабыл қаға алаңдаушылық білдірген еді. Каспийдің 37%-ы толық жойылып кетуі мүмкін деген үрейлі ақпар еліміздің тұрғыдарын дүр сілкіндірді.

Бәрін айтта бірін бірін айт, Каспийдің дәл қазіргі тағдыры – Ресейдің қолында. Бұлай дейтініміз биліктегілер мен ғалымдарымыз осы теңізге құятын судың 90 пайызы солтүстік көршіміздің еншісінде, қалған 10 пайызы қазаққа қатысты деп ашып айтты.

Қазіргі таңда экономикалық қуатты Украинамен соғысқа жұмылдырған һәм санкция қыспағындағы Ресей бұл проблемаға немқұрайлы қарап отыр. Ал, қалған төрт мемлекеттің ішінде тек Әзербайжан мен Қазақстан ғана шыр-пыр болуда. Осылайша «Каспий – Аралдың кебін құшпасын» деп қазақ қоғамын шындап ойландыра бастады. Атыраудың билік басындағылары да БАҚ өз пікірлерін мен жорамалдарын алға тарта бастады.

Атап айтсақ, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты бөлімінің басшысы Ерболат Тілепиевтің пікірінше, кемелермен тасымалданатын жүк көлемі бір рейс үшін шамамен 1000 тоннаға төмендеді. Егер бұрын құрғақ жүктер бір сапарда 6500 тоннаға дейін тасымалданса, енді - 5500 тонна ғана. Мұнай танкерлері де осындай қиындықтарға тап болды. Теңіз деңгейінің төмендеуі кеме қатынасына қолбайлау бола бастағаны ашық сөз етілді.

Жақында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов журналистерге Каспий теңізіне келетін судың ағысы, әсіресе Еділ өзенінен келетін көлемі жөнінде:

«Каспий теңізіне келсек – иә, ондағы судың 90 пайызы Ресей аумағынан келетін ағыс. Оның 85 пайызы – Еділ өзенінен. Айта кету керек, 2013 жылдан бастап Каспий маңындағы 5 мемлекет бірлескен жұмыс комиссиясын құрды. Соңғы кездесу Бакуде өткен СОР29 аясында өтті, сол жерде бірлескен декларация қабылданды. Сондықтан Каспий теңізіне қатысты барлық мәселелер сол комиссия аясында талқыланады», – деп, түсініктеме берді.

Осы журналистермен болған басқосу кезінде Каспий теңізіне қатысты министрдің тағы бір айтқаны:

– Иә, су деңгейінің төмендеп бара жатқаны бізді де алаңдатып отыр. Сондықтан бұл мәселелер екіжақты тәртіпте қаралып жатыр – әрі Ресеймен, әрі Әзербайжанмен. Бұл қалыпты келіссөз процесі, мен бұл келіссөздерді 2015 жылдан бері жүргізіп келемін. Ең бастысы – Ресейге су үшін ешқандай ақша төлемейміз, - дейді.

Ауызды қу шөппен сүртудің керегі жоқ, көңілді жұбататын бір дүние Әзербайжан тарапы ұсынған Каспий мен Қара теңізді жерасты тоннелі арқылы жалғастыру ғасырлық мегажобасы болып табылады. Бұл жобаны қаржыландыруға осы аймақтағы сяаси беделін һәм экономикалық үстемдігін нығайту үшін Қытай жағы да құлық тантып отыр. Жағдайды тек Гүржістан бағытындағы жерасты тоннелі шешеді.

Әзербайжан басылымдарына зер салар болсақ, бұл бастаманы еңбек сіңірген инженер Мұса Сүлейманов қол қойған мәлімдеме жасаған ADOG компаниясы мен Зира халықаралық порты көтерген. Аталған жобаны әзірлеушілердің айтуынша, заманауи технологиялар мұндай идеяны керекті қаржыландыру болған жағдайда іске асыруға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибеде Дания мен Германия арасындағы Фемарнбельт тоннелі осының жарқын мысалы болып табылады. Аталған тоннельдің құрылысы 2021 жылғы шілдеде басталған және 2029 жылы аяқталуы тиіскерек. Оның ұзындығы 18 км, ал құны шамамен 8,5 миллиард еуроны құрайды.
Еуропадағы осы жаңашылдықпен қанаттанған идея авторлары Каспий мен Қара теңізді, әсіресе Грузия тарапынан біріктіру Қара теңізден Каспий теңізіне су ағыны өтетін су арнасын өмірге әкеліп, экологиялық апаттың алдын алады деп санайды.

Құдайым Арал сценарийінің бетін аулақ қылсын. Ол орын ала қалса, бұл жағалау маңындағы барлық мемлекеттер үшін ауыр экологиялық, экономикалық және инфрақұрылымдық салдарға әкеп соқтыратыны бес енеден белгілі жайт.

Экологиялық дерттің тамырын тап басқан әзербайжан ағайындар апаттың алдын алуға қам қылды. Ендігі қалғаны басқа 4 елдің қаржылық қолдауы мен ынтымақтаса келісуі ғана қалып отырған жайы бар. Жоба жүзеге асып, Каспий аман қалсын деп тілейік, ағайын!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2473
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4150