Трамп Араб ақсүйектеріне алақан жайды...

«Американы қайта құдіреттендірем» деп Ақ үйге қайта оралған Трамп алғашқы шетел сапарын ежелгі дәстүр бойынша көршісі Канада, болмаса Мексика, не Еуропадан емес, Парсы шығанағындағы үш бай ел – Сауд-Арабия, Катар, Біріккен Араб әмірлігіне қыдырудан бастады.
Әлемдік БАҚ Трамптың бұл сапарының саяси мүддеден гөрі, таза экономикалық пайданы көздейтінін жарыса жазып жатыр.
Десе дегендей, мамырдың 13-і күні Сауд астанасы Эр-Риадқа ат басын тіреген Трамп Илон Маск бастаған АҚШ-тың алпауыт компанияларының 15 басшысымен бірге, «Сауд-АҚШ» іскерлік форумына қатысты.
Форумда Сауд ханзадасы наурызда уәде еткен 600 миллиард долларлық келісімге қол қойған. Одан бөлек, Сауд тарабы алдағы 5 жылда АҚШ-тан құны 124 миллиард долларға қару сатып алатын болып пәтуаласқан.
Форумнан кейін көңілі шалқыған Трамп Салман ханзада мен Ердоғанның қолқасын ескеріп, Сирияға салынған 10 жылдан бергі санкцияны алып тастайтынын жариялады. Оның астарында да экономикалық мүдде жатыр екен.
Сирияның жаңа басшысы санкцияны алып тастау үшін Трампқа үш түрлі жеңілдік ұсынған.
Бірінші ел астанасы Дамаскінің орталығынан Трамптың жеке компаниясына қонақ ұй салуға жер ұсынған.
Екінші Израильмен қақтығыспауға уәде берген.
Үшінші АҚШ-қа Сирияның мұнай мен газ құбырларын еркін пайдануға рұқсат берген.
Сәрсенбі күні Трамп Сирияның жаңа басшысы Ахмат Ал Шарамен кездеседі.
Трамп одан бөлек бейсенбі күні Станбұлда өтетін Ресей-Украина келіссөзіне Рубио бастаған Ақ үй өкілдерінің қатысатынын жеткізді. Бірақ өзінің баратын-бармайтынын нақтыламады.
Трамптың мұнай мен газға бай алпауыт бай елдерге сапары мамырдың 17-не дейін жалғасады.
Біріккен Араб әмірлігі алдағы 10 жылда АҚШ экономикасына 1 трилион 400 миллиард доллар ақша құятынын жарилаған еді. Осы жолы бірқатарына қол қойылмақ.
Трамптың сапарының алдында Катардың патша әулеті АҚШ президент ұшағының мерзімді жөндеу уақытының келуіне байланысты Ақ үй басшысына салтанатты «Бойнг 747» ұшағын сыйға тартатынын мәлімдеген еді.
Трамп одан да бас тартпайтынын айтқан соң, АҚШ БАҚ өкілдері шулап, Трекең артынан «уақытша сыйлық қой» деп ақталған еді.
Бәрін айт та бірін айт, Трамптың алғашқы щетел сапары көңілін тоғайтып, мол олжамен жақсы басталып отыр.
Иран, ХАМАС, Хурситтермен келіссөздер де осы аймақта жүріп жатыр. Араб елдері Масктың күн энергиясына көңілі ауып, мұнай өндіруді қысқартуға келіссе, Ресейге қиын болғалы тұр. Енді Парсы елдеріне Трамптың ізін ала АҚШ-тың Қытай сияқты бәсекелес елдерінің басшылары ағылуы мүмкін.
Abai.kz