Сейсенбі, 18 Қараша 2025
Өзгелер 182 0 пікір 18 Қараша, 2025 сағат 12:59

Шойгудың көрер жарығы қалды ма?

Сурет: uralpress.ru сайтынан алынды.

Кешелі-бері орыс ақпараты ұлардай шулап, “тірі қалған” Шойгуды сөз етуде. Жасы жетпісті алқымдаған Сергей Күжүгетоғлы бүгін бір өлімнен аман қапты…

Рас-өтірігі Құдайға аян, әйтеуір орыс ақпараты бүйдейді:

Ресейдің күштік құрылымдары Сергей Шойгудің көзін жоймақ болған диверсиялық топты құрықтаған. Олар Мәскеудің Троекур бейітіне, туыстарының басына бармақ болған Шойгуды мұқият аңдыған. Бейіт басындағы гүл салғышқа бақылау камерасын орнатқан. Кейін Шойгу келгенде сол жерде, бейітте жарып жібермек болған.

Ұсталған 3 адам. Екеуі - ерлі-зайыпты нашақорлар. Үшіншісі - Орталық Азиялық мигрант. Қысқасы осы.

Бұл Шойгу Ресей президенті Путиннің ең сенімді адамдарының бірі еді. Ресейде қайсыбір жылдары тывалық жігіттің тасы өрге домалады.

Қазір жасы 70-те. Өзі тыва. Нағашылары Украина жерінен шыққан. Өзі Украинаның Луганскісінде шоқындырылған.

Бұл Ресейде біраз қызметті, біраз креслоны тоздырған. Басқасын айтпағанда Ресейдің “соғыс министрлігін” 2012 жылдан 2024 жылға дейін ауыспай басқарды. Есебі күшті болғасын, Путин де бетін қақпады. Тексеріс кезінде жылжымалы, құрастырмалы әскери-зауыттарды көрсетіп, “өндіріс өрлеп тұр”, “әскер әлді”, “бізге теңі жоқ” дегенге жұртты жақсылап сендірді. Онысы Украинаға қарсы соғыста әшкере боп, Шойгудың атына кір жұқты. Сенім сетінеді. Бастығының көзі бұзылып, көңілі қалды. Оның белшеден батқан былық-шылығын әшкерелеп бергеннің бірі - әйдік Пригожин еді. Ал соғыста атарға оғы таусылған, ұшырарға дроны болмаған Ресей ақыры аянышты хәлде Солтүстік Корей мен Иранға алақан жайды.

Думаның өзі: “Шойгудың кезінде 11 триллион рубль қолды болған”, - деп дабыл қақты. Содан Шойгу 2024 жылы қызметтен алынды. Бірақ, қамалмады. РФ Қауіпсіздік кеңесіне хатшы боп қонжиды.

Ал оның орынбасарлары “жемқорлық” бабымен сотталып жатты һәм жатыр.

Шойгудың сотталған орынбасарлары мен генералдары:

1) Генерал Тимур Иванов (орынбасар);

2) Генерал-лейтенант Юрий Кузнецов (кадр бөлімінің бастығы);

3) Полковник Владимир Вертелецикий (тендерге жауапты бастық);

4) Полковник Сергей Тригилев (Мәскеудің әскери комиссары);

5) Андрей Белков (әскери құрылысқа жауапты бастық);

6) Армия генералы Павел Попов (орынбасары);

7) Генерал-майор Валерий Муминжанов (Ленинград әскер округінің тендер ісіне жауапты бастық);

8)Генерал-лейтенант Вадим Шамарин (Генштаб орынбасары);

9) Генерал-майор Иван Попов (58-ші армия қолбасшысы);

10) Вячеслав Ахмедов (“Патриот” әскери-саябағының директоры);

11) Генерал-майор Владимир Шестеров;

Бұлар тұтқындалғандар мен сотталғандар. Ал қызметтерінен қуылғандар:

1) Генерал-полковник Юрий Садовенко;

2) РФ Қорғаныс миниистрлігінің баспасөз хатшысы Россияна Марковская;

3) Генерал-лейтенант Сухраб Ахмедов;

4) “Замминистр” Рулан Цаликов;

5) “Замминистр” Татьяна Шевцова;

6) “Замминистр” Николай Панков;

7) Генерал-лейтенант Александр Бураченок;

8)Шойгудың кеңесшісі Андрей Ильницкий.

Бұлардың барлығы Шойдың кезінде Ресей армиясын басқарған адамдар. Бәрі істі болған, былығы ашылған, қолы кісенделген, қызметтен қуылған адамдар.

Бірақ, осыншама былық-шылықтан Шойгу “тірі” шықты. Өйткені, Шойгудың Путиннің “досы” деген тағы бір шені бар-ды. Ым-жымы бір. Бірге тау аралап, су жағалап жүріп өтеуін берген болса керек. Оның топан-селден құрғақ шығуының тағы бір себебі - соғыс жағдайында Путин өз әскербасын қамай алмайтын еді. Ол Ресейдің ең ірі жеңілісі болмақ. Сондықтан Кремль Шойгуды “тірі” қалдырды. Бірақ, әзірге ғана…

Сондықтан, ерте ме, кеш пе, түбі бұл соғыс аяқталса, ол кезде Шойгу тірі болса, көрері түрме боп қалуы бек мүмкін…

Abai.kz

0 пікір