Ашаршылықтың артында солақай саясат жатыр...

Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов «Jibek Joly» телеарнасындағы журналист Ерболат Мұхамеджан жүргізетін «Уәде» авторлық бағдарламасына сұхбат берді. Сұхбат барысында ол ХХ ғасырдың алғашқы жартысында орын алған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтардың себептері туралы өз пікірін білдірді.
«Негізі 30-жылдардың ортасында қоғамның бұғанасы сындырылды ғой. Ол бұрынғыны аңсайтындардың көбісін сындырып, қуғын-сүргінге ұшыратты. Озық ойлыларды қырып жіберді. Ол жүйені әлі де біз мына қуғын-сүргін күнінде еске алып жатамыз ғой. 20-шы жылмен 40-шы жылдың арасында көрген тамұқты әлі көпшілік толық көз алдына елестете алмайды. Ол уақытта 5-6 дүркін қуғын-сүргін болды,» – деді спикер.
Әлихан Байменов сол кезеңдегі саяси репрессиялардың бірнеше толқынын атап өтті. Оның айтуынша, қуғын-сүргін алдымен Алаш қозғалысына жақын азаматтарды қамтыды. Одан кейін мәдени унификацияға қарсы дінбасылар, жоғары білімі бар, іскер адамдар, шығармашыл тұлғалар қуғындалды.
«Бай деген ұғым теріс ұғым болып шықты. Молда деген ұғым теріс болды. Алаш деген ұғым теріс болды. Алаштың қайраткерлерінің аты аталмады. Мен қатарлылардың ішінде менімен аттастар өте сирек. Неге? Өйткені ол Бөкейхановтың атымен аттас болғандықтан оны атауға қорықты,» – деді ол.
Сұхбат барысында Байменов халықтың көзі ашылып, билікке сенген, бірақ кейіннен сол сенімінің құрбаны болған тұлғаларды да атап өтті.
«Халыққа ықпал жасай алады деген тұлғалардың бәріне – ақын, жазушылар, өнер қайраткерлері – қуғын жасалды. Міне, осының барлығын алғанда 5-6 дүркін қуғын-сүргін болды. Арасында 2 рет ашаршылық болды. Ол ашаршылықтардың негізінде солақай экономикалық саясат жатыр,» – деп қорытындылады Әлихан Байменов.
Сұхбатқа сілтеме:
Abai.kz