«Robotek Grand Tournament» – Қазақстанның елдік IT-бренді

Армандар орындалады! Алматылық оқушылар Ернұр Ережеп мен Аслан Қабдуллов халықаралық «Robotek Grand Tournament» чемпионатында Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебі грантын жеңіп алды. Бұл – әрбір жас талапкер оқуға түсуді армандайтын беделді оқу орны. Ал жарысқа Абай облысы Үржар ауданынан келген Дмитрий Полежаев Алматы Энергетика және байланыс университетінің болашақ студенті атанды.
Астанада халықаралық «Robotek Grand Tournament» чемпионаты өз мәресіне жетті. Чемпионаттың барлық регламенттері – авторлық және отандық зияткерлік технологияларға негізделген.

Сурет: instagram.com/robotek_grand_tournament сайтынан алынды.
«Robotek Grand Tournament» турнирін танымал «Robotek» компаниясы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «Астана Дарыны» ұйымының бірлесуімен жүзеге асырылып келеді.
Беделді чемпионат алаңына 17 аймақтың облыстық турнирлерінің жеңімпаздары шықты. Жалпы алғанда жарыста 9 бен 17 жас аралығындағы бірнеше жас топтарындағы 350-ден астам мектеп оқушысы жеті санат бойынша бақ сынасты.
Биыл қазақстандық турнирге алғаш рет АҚШ делегациясы қатысты, сонымен қатар Астанаға Болгария, Әзірбайжан, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанның үздік командалары (барлығы 25-тен астам шетелдік делегация) ұшып келеді.

Сурет: instagram.com/robotek_grand_tournament сайтынан алынды.
Чемпионаттың басты жүлдесі – «Ел кубогі» алғаш рет Астанада қалды. «Ең үздік ауылдық команда» атағын Алматы облысы Қарасай ауданынан келген Әйгерім Әбуханова мен Ерсұлтан Қасым жеңіп алды. «Ең үздік шетелдік команда» кубогі екінші рет Өзбекстанның Шыршық қаласына жол тартты. Ал «Ең үздік инженерлік шешім» аталымы бойынша Астанадан Еркежан Хуандаг пен Азамат Адайұлы үздік деп танылды.
«Robotek Grand Tournament» чемпионаты аясында қазақстандық шаңырақтың астында әлемнің ең үздік робототехниктері бас қосты. Астанада «Robotek»-тің жаңа серіктестерімен – Болгарияның Варна қаласындағы «Robotiks» білім беру орталығы және Молдова астанасындағы RobotX Academy орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
«Robotek Grand Tournament» жарысы «Robotek»-тің сенімді серіктестері арқасында жүзеге асты. Олар елдегі STEM-білім беру мен робототехника саласының дамуына ауқымды қолдау көрсетіп, жаңа ұрпақтың инженерлік элитасын қалыптастыруға нақты еңбек етуде: қазақстандық ALLUR автокөлік компаниясы, Silkroad Innovation Hub, Arystan IT Group және Базисный магазин.
Abai.kz