Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3832 0 пікір 5 Қазан, 2009 сағат 08:21

Айша Бәйтен. Президент туралы кітап

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтың «Қазақстан - болашаққа ұмтылған ел. Ұлттық көшбасшы факторы» атты кітабы жарыққа шықты. Сейсенбіде өткен тұсаукесер рәсіміне жиналған көрнекті қоғам қайраткерлері жаңа кітаптың қазіргі қоғамдағы алар орны туралы түйінді ойларын ортаға салды.

Марат Тәжин, ҚР Президентінің көмекшісі-Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтың «Қазақстан - болашаққа ұмтылған ел. Ұлттық көшбасшы факторы» атты кітабы жарыққа шықты. Сейсенбіде өткен тұсаукесер рәсіміне жиналған көрнекті қоғам қайраткерлері жаңа кітаптың қазіргі қоғамдағы алар орны туралы түйінді ойларын ортаға салды.

Марат Тәжин, ҚР Президентінің көмекшісі-Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

- Кітаптың басты табысы - Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бергі тарихқа ой көзімен қарай отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қайраткерлігінің өзіне тән қырларын көрсете алғандығы. 1992 жылдары Кеңес одағы күйреп, жаңа қоғамды қалай дамыту керек деген мәселе көтерілді. Мемлекет басшысы 1993 жылы қазақстандық қоғамның бірігуі туралы идея айтылса, одан кейінгі кезеңдерде инновациялық даму, бәсекеге қабілеттілік идеясы, қаржы-экономикалық дағдарыспен байланысты бастама бой көтерді. Осының бәрі Президенттің теориялық үлгілерді ұсынуы арқылы жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы Президенттің ойлау үлгісі кітапта анық, айқын, тұжырымды көрініс тапқан. Ұлттық көшбасшының өмірлік, саяси ұстанымдары мен іс-қимылындағы басты кезең талданып жазылған. Түйінді пікірлері арқылы кейбір әлі күнге көрініс тауып отырған даулы мәселелерге жауап береді. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ мемлекеттілігіне қатысты күмәнді пікірлер туғаны есте. Қазақ мемлекеті ежелгі тарихпен астасып жатқандығына ешкім де күдіктенбесе керек. Тек ол түрлі формаларға ауысып отырды. Түрлі географиялық және шекаралық сипатқа ие болды. Шетелдік саясаттанушылардың қазақ тарихында қазақ мемлекеттілігі болмаған деген пікірі бос сандырақ. Қазақ сан ғасырға созылған тарихымен, мемлекеттілігінің көнелігімен мақтанады. Кітаптың негізгі арқауы Президенттің мемлекеттіліктің заманауи қалыбын құрастырған саяси, ұлттық тұрғыдағы рөлін айқындауға түйінделеді. 90-жылдары ұлттық саясаттағы жолымызды таңдау қиынға түсіп тұрған. Біздің еліміздің этникалық саясаттағы даму үлгісі кітапта атап айтылғандай, азаматтардың теңқұқылығы идеясына тоқталды. Бұл ұстаным қазақ халқының дамуына кедергі келтірген жоқ. Ұлттық саясатты дұрыс таңдай алмаудың кесірінен басқа елдер тарихында қандай келеңсіздіктер орын алғанын ұмытпаған жөн. Ол сонымен қатар, басты құндылық, мемлекеттіліктің негізгі түйіні, қазақ халқын дамыту идеясын да жоққа шығарған жоқ. Қазақ халқының дамуынсыз, әрине, қазақ мемлекеттілігінің де мәнісі болмас еді. Шығыс теологы әл-Ғазалидің айтқаны бар: «Егер сен жарық дүниеде мыңдаған іс атқарып, ең басты істі тындырмасаң, онда өз өміріңді зая кетті дей бер. Ал мыңдаған істі тындырмай-ақ, басты істі тындырсаң, өмірің құр босқа кетпегені». Президенттің басты ісі қазақ мемлекеттілігін құра білуі, XX-XХI ғасыр терминімен айтқанда жаңа қазақ мемлекеттілігін құруы.

Қуаныш Сұлтанов, Парламент Сенатының депутаты:

- Қазір саяси қоғамдық салада саяси басшылар туралы, мемлекет басшылары туралы сараптамалық кітаптар шығару үрдіске айналды. Біздің Президент туралы шетелдіктер көптеген еңбек жазды. Дұрыс-ақ. Басқа ел сарапшыларының біздің елдегі құбылыстарды бағалауы, бұл құбылыстар кімнің еңбегі, қандай еңбекпен келгені туралы бағалауы құнды. Солай болғанда біздің өзіміздің отандық сарапшыларымыз бен саясаткерлеріміздің жазған дүниелеріне айрықша назар аударудың қисыны келеді. Дархан Аманұлының көпшіліктің назарына ұсынған кітабын жаңалық деп есептер едім. Негізгі бағыттарды ғылыми-саяси, сараптамалық жанрда жазғаны өте құптарлық жағдай. Екінші бөлімде халықаралық саяси аренадағы тұлғасы сипатталады. Мәселен, қазір ЕҚЫҰ-дағы төрағалық Қазақстанға не береді деген сауал тасталып жүр. Расында бұл не береді? Егер біз әлемдік қауымдастықтан оқшау, бөлектенген ел болсақ, ештеңе деп айта алмас едік. Біз ең алғаш өзімізді тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған сонау шақта әлемдік қауымдастыққа ену факторы аса маңызды еді. Мұның маңыздылығын Мемлекет басшысы аңғара білді. Көзкөрген ретінде айтарым, егеменді ел болғанға дейін бізде сыртқы саясатпен айналысу үрдісі болған жоқ. Оған бізге мүмкіндік те берген жоқ. Сондықтан халықаралық іс-әрекет Қазақстан үшін, біздің мемлекеттілігіміз үшін тың, жаңа құбылыс. Бірінші күннен бастап-ақ, Президенттің осы салаға белсене кіріскен қайраткерлігін лайықты бағалау қажет. Мемлекет басшысы әлемдік қоғамдастық бізбен санасуы үшін Қазақстанды халықаралық орбитаға шығаруға ұмтылды. Оның реформаларымен, мемлекеттік институттарымен, қандайда бір ішкі және сыртқы аренадағы әрекетімен санасуға шақырды. Бір ғана бастама туралы әңгімелеуге болады. 1992 жылы Президент БҰҰ-ның 47-сессиясында тұңғыш сөйлеген сөзінде АСЕАН туралы бастама көтерді. Көптеген адамдар бұл бастаманы елемеуге тырысса, біреулер сынауға тырысты. Бұл жұмыстың соңына дейін шығуын Президенттің өзі мықтап қолға алды. Кешенді түрде Азия елдерімен байланыс орнату жұмыстарын кешенді түрде жүргізді. Төгілген тер текке кеткен жоқ. Ақырында ең алғашқы болып, 1994 жылы Қытайдың жоғары басшылығы бұл бастамаға үн қосты. Оған Ресей де, басқалары да қосылды. 2002 жылы бұл кеңес Алматыда өтіп, 17 елдің мемлекет басшысы қатысты. 4 мемлекет бақылаушы болды. Бұл тың жаңалық еді. Азиялық мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық негізі осылай қаланды.
Тель-Авив университеті профессорының былай дегені бар: «Қазақтардың үш мәрте жолдары болған. Оларға ең әуелі ата-бабалары ұлан-ғайыр жер қалдырған. Және ол қазба байлыққа тұнған жер. Үшіншісі, Президенттерінен жолдары болған». Мемлекеттің өркендеуі оның ұлттық көшбасшысының тұлғалық қадір-қасиетімен тығыз байланысты. Меніңше, Дархан Аманұлы осы бейнені жан-жақты ашып көрсетуге тырысқан.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

- Алдымен бұл «Нұр Отан» партиясы тындырған еңбек. Және қазіргі Қазақстан қандай, 20,30,40,50 жылдан кейінгі оның бет-бейнесі, саяси ұстанымы, жетістік-табысы, бағыт-бағдары қандай болады деген сұрақ мейлінше әрбір қазақстандықты, азаматты, қайраткерлерді ойландыратын маңызды сұрақ. Сондықтан, меніңше, бұл кітапта айтылған негізгі ұстаным-идеяны басқа тәуелсіз саяси ұйымдар, саяси құрылымдар, партиялар біріге талқылауы тиіс. Сонда бұл қызу талқылауға түсетін еңбек болады. Кітаптың жарық көруі Қазақстандағы саясат ғылымымен шұғылданатын азаматтардың ой қаузауына әжептәуір тамызық болды деп ойлаймын. Неге десеңіз, заман өзгереді, уақыт алға жылжиды, осыдан он жыл бұрын мемлекет билігінде жүргендер қазір өз көзқарастарын қайта қарастырып жатқаны да шындық. Дархан Аманұлының партиялық-саяси еңбегінің тырнақалды жемісі - жаңа кітабының жарық көруімен құттықтаймын.

Дархан Кәлетаев жиын соңында тұсау-кесер рәсіміне келіп, жаңа кітап туралы ой білдірген барша қауымға алғыс айтты. «Бұл Қазақстанның өткеніне, бүгінгісіне, келешегіне шолу, жүйелі сараптама жасаған тұңғыш еңбегім. Кітап саяси көшбасшы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан-ның тарихындағы тұлғасын, біздің еліміздің экономикалық, саяси, мәдени табыстарға жету жолын, қазақстандық мемлекеттілік пен қоғамның одан арғы жаңғыруын зерттеуге бағытталған талпыныс», деген пікір білдірді.

Айша Бәйтен

«Нұр Астана» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576