Сейсенбі, 20 Мамыр 2025
Аймақ 371 0 пікір 20 Мамыр, 2025 сағат 14:30

Ұлытауға бардың ба?

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды

Ұлытау жайлы бала кезде естігем. "Ұлы тауға бардың ба? Ұлар етін жедің бе?" – деген мақалды да ерте білгем... Есейе келе Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының біздің Ұлытауда жерленгенін білгенде таң қалғаным тағы рас. Қазақ халқының басын қосып, бірліктің туын тіккен Ұлытау деп жатады.

Қазақ жері тауларға баршылық: Алатау, Қаратау, Мұзтау және Ұлытау бар. Хандардың басын қосқан Алтын орданың ошағы болған осы құтты мекен. Қасиетті жер. Сондықтан да бұл мекеннің асты да, үсті де сыр мен жырға толы. Тұңғыш академик Қаныш Сәтпаевтың осы жерді табуы, тануы бекер емес. Алайда, осы өңірді өткен билік, кеткен билік жапты. Облысты таратты. Отыз жылға жетер-жетпес уақытта Ұлытау күйреді, тозды, тоқырады, шаңы шығып шашылып кетті. Халық қара баланың қамын ойлап, басқа өңірге көше бастады.

...Алайда, мұны ойлаған билік болмады. Тек, май шелпек «Қазақмыс» қана қалған. Себебін бір Алла біледі.

Жошыханның аруағы ма, болмаса басқа ой ма, Қасым-Жомарт Кемелұлы осы облысты қайта ашқанда қуанбаған жан қалмаған шығар... Және алғашқы құрылтай да осы өңірде өтті. Яғни, тарихымыз өшпеген, жұлдызымыз сөнбеген, жадымыз жоғалмаған екен. Ел екенімізді еске түсірдік. Дей тұрғанмен, Ұлытау әлі де саяси, тарихи, мәдени, ғылыми, рухани тұрғыдан зерттеліп, зерделенетін, қайта танитын – Ғарыш...

Ал, облыс осы аз кезеңде қыруар істі қолға алыпты. Кезінде салынып, сосын тозған күре жолдарды жөндеу басталды. Қала жаңарып, жандана бастаған. Өмірде өзгермеген су, жылу құбырлары қазір қайта жаңаруда. Көшелер мен тротуарлардан дем алатын саябақ, балалар алаңдары байқалады.

Әлемнің талай жерін көргенмен, бұл жерге ат басын бұрмаған едім... Дәм тартып, осы жердегі Серке Қожамқұлов атындағы музыкалык драма театрға спектакль қою маған бұйырыпты. Көп ұзамай, Ш.Айтматовтың "Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеті" көрерменге жол тартады...

Жас әкім Дастан Рыспеков менің келгеніме риза болып қарсы алды. Дастан – Алматы, Астана қалаларында біраз қызмет жасап тәжірибеден өткен осы өңірдің тумасы екен. "Жас келсе іске" деген. Ұлы таудай алдағы үлкен-үлкен арман ойын естігенде қуандым, жұбандым. Жезқазғанның жаңа келбеті, күре жолдың тезірек іске қосылуы, инвестиция тартуы – ең бастысы, Ұлытау өңірінің экономикалық, экологиялық жағдайын көтеру, «ел-жұрттың әлеуметтік ахуалын жақсартам» деуі, көңілге үлкен демеу болды. «Болашақта үлкен конгресс-холл салып, өнер ордаларын қайта жаңартсақ дейміз. Жоғарғы оқу орындарын ашып, Астанадағы Өнер университетінде Жезқазған облысының жастарын оқытсақ» дегенін естігенде риза болдым... Ұлытау өлкесін қайта түлету әр қазақтың парызы сияқты.

«Көп түкірсе көл» емес пе... Дастан-әкіммен жылы қоштастық. Премьераға келем деп қалды. Көзім оның ағара бастаған шашына түсті. Неге екенін білмеймін, "Ұлытауға бардың ба, Ұлан болып келдің бе?» деген тіркес ойыма орала берді... Ұлан болып келдің бе?!..

Талғат Теменов

Қазақстаның халық артисі

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2749
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4491