Сенбі, 22 Қараша 2025
Билік 185 0 пікір 22 Қараша, 2025 сағат 13:43

Сенаттағы сенсация – бұл кездейсоқтық емес пе?

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Белгілі журналист, танымал публицист Бигелді Ғабдуллин өзінің фейсбуктегі парақшасында «сенсациялық» мақала жариялады. Мақала мазмұнына үңілген адамдар «Қалайша, бұлай болуы мүмкін бе?» деген сұрақтарды қойып жатыр... Енді осыған назар аударыңыздар:

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың сөйлеген сөзі жай ғана бір мәлімдеме емес, көпшілікке көптен белгілі, бірақ жоғары шенділер мойындағысы келмеген «жасырын есікті» ашқан үлкен оқиға болды.

Мәулен Әшімбаев алғаш рет жеті жыл бойы «кілемнің астында» жатқан шындықты ашық айтты: «Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен тыс, жүздеген миллиардтаған теңге айналатын – «үкіметтің екінші әмияны» деп аталатын параллель қаржылық жүйе бар», - деді ол...

Бұл сөздің салмағын түсіну үшін 2016 жылға шегініс жасау қажет.

2016 жыл – «утильалым бұлтынан» төгілген «алтын жаңбыр»

2016 жылдың наурызында Қазақстанда утильалым енгізілді. Ол заң бойынша, бұл -  ескірген автокөліктер мен техниканы кәдеге жарату үшін алынатын төлем. Төлем жоғары болды және бірден елдегі ең табысты бейсалық, яғни, салық жүйесінен тысқары кірістердің біріне айналды.

Бұл «алтын ағысты» басқару сол күні құрылған «ӨКМ Операторы» деп аталатын жеке ұйымға тапсырылды. Формалды түрде бұл ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйым), ал іс жүзінде жоғары билікке жақын топтардың бақылауындағы ұйым болды.

Ақша ағыны жылдам өсті:

  • 2016: шамамен 30 млрд теңге
  • 2020: 200 млрд теңгеден астам
  • 2016–2021: жиынтық 760 млрд теңгеден көп

Бұл ақшалар мемлекеттік бюджеттен тыс айналды. Қазынашылық бақылаудан өтпеді. Парламент оны тексере алмады.

Яғни бұл – қоғам назарынан мұқият жасырылған «екінші әмиян» еді...

Ал ондағы ақша көлемі жүздеген миллиардтар болса, онда мынадай өте маңызды сұрақ туады ғой: Бұл ақшаны кім бақылаған?, - деген. 

Ешкім бақыламады. Тек оператордың өзі ғана.

2022 жыл – Қаңтар. 

Ел лапылдап тұр, ал талаптың бірі – «утильалымды алып тастаңдар»

Көпшілік түсіне бермейді, бірақ, Қаңтар оқиғаларындағы халық талаптарының ішінде «утильалымды жою» басты пункттердің бірі болды. Қаншама жылдар халықты теспей сорған «утильалым» халық үшін «әділетсіздік символына» айналған еді. 

Әрі, ол талап халықтың ақшаның қайда кетіп жатқанын білетінін өз билігіне білдіретін белгі болатын-ды...

Тек 2022 қаңтардағы қасіретті оқиғадан кейін мемлекет мойындауға мәжбүр болды: «Иә, утильалым қаражаттары көлеңкелі схемалармен  (жабық тәсілмен) пайдаланылған» – деп мойындады билік те.

«ӨКМ Операторы» жойылды. Бірақ ақша жоғалып кеткен жоқ – жаңа құрылымға, «Жасыл Даму» компаниясына өтті. 

Мұндағы маңыздысы – схема өзгерген жоқ: ақша әлі де бюджетке түспей, оператор шотына жинала берді. Яғни екінші әмиян тек иесін ауыстырды.

Сонымен қатар екінші «алтын өзен» пайда болды, ол  – ақылы жолдардың көбеюі

2013–2014 жылдардан бастап Қазақстанда ақылы жолдар енгізіле бастады. Бірақ басты қаржылық түсім 2018–2023 жылдары болды. Түсімдер тікелей «ҚазАвтоЖол» АҚ шотына түсті. Тағы да – бюджетке емес. Қазынашылық арқылы емес. 

Жүздеген миллиардтар депутаттардың емес, компания менеджерлерінің бақылауында болды. Ал бұл кезде Премьер-министр үнемі «бюджетке ақша жетіспейді» деп мәлімдеумен болды...

2023–2025: реформа бар сияқты, бірақ бақылау жүйесі жоқ

Қаңтар оқиғасынан кейін билік ашықтық орнатуы тиіс еді. Бірақ орнамады. Утильалым әлі де миллиардтап жиылады – екі жылда 600 млрд теңгеге дейін. Ақылы жолдар – 130 млрд теңгеге жуық!

Бұл қаражаттар әлі де бірыңғай қазынашылық шоттан өтпейді. Парламент те, Есеп комитеті де бұл ақшаның қайда, қалай жұмсалатынын білмейді.

Бұл – өз бетінше өмір сүретін, өз заңдары, өз ережелері, өз үнсіз шешімдері бар ішкі қаржылық әлем. Және кеше сол әлем күтпеген жерден жарылып түсті.

Неге Әшімбаевтың сөздерін «саяси жер сілкінісі» десек болады?

Кешегі сөзінде Мәулен Әшімбаев тек шағымдана сөйлеген жоқ. Ол үкіметті:

1. Параллель қаржылық жүйе құруға; 2. Оны қолдауға; 3. Бақылаусыз ақша айналымына жол берді деп айыптады.

Ол әдетте журналистер немесе оппозиция айтатын пікірді айтты. Бірақ бұл жолы оны мемлекеттегі екінші адам айтты.

Бұл – жоғарғы биліктің қос стандарттан шаршағанының белгісі.
Яғни, «бұрынғы жүйе «деталдары» істен шыға бастады, ішкі қақтығыс ашық алаңға шықты» дейтін құбылыс болды..

Бұл неліктен дәл қазір маңызды?

Өйткені елдегі экономикалық жағдай қиын. Халықтың табысы төмендеуде. Бағалар өсуде. Институттарға деген сенім азаюда. Ал миллиардтар көлеңкеге кетіп, Премьер «ақша жоқ» деп отырғанда, операторлар халық ақшасынан «алтын қор» жинап отырса – бұл тек экономикалық мәселе емес. Бұл – саяси мәселе.

Енді не болады?

Ендігі сөз үкіметте! Бірақ оған жауапты блогерлер немесе журналистер емес, Сенат, Президент және бүкіл қоғам болып беруге тура келеді. Олар мына сұрақтарға жауап беруге міндетті: • Бұл қаржы ағындарын кім басқарады?; • Неге ақша бюджетке түспейді?; • Жүздеген миллиардтарға кім қол жеткізіп отыр?; • Ең басты сұрақ: мемлекетке «екінші әмиян» құруға кім рұқсат берді?

Әрине, билік оған жауапты созуы мүмкін, тағы бір сөздермен жұбатуы мүмкін, тағы да реформалар уәде етуі мүмкін...

Бірақ ақиқаттың сәті келді. Бұл жолы ел алғаш рет шындықты халықтан емес, биліктің өзінен естіді.

Жарайсың Әшімбаев! Айтқанда осылай айту керек қой! 

Бәлкім, дәл кешегі күн жаңа саяси шындықтың басталған күні шығар...

Abai.kz

0 пікір