Бейсенбі, 29 Мамыр 2025
Ақмылтық 1780 0 пікір 28 Мамыр, 2025 сағат 13:51

Қытай біздің досымыз, бірақ ұлттық мүдде одан жоғары!

Сурет: kaztag.kz сайтынан алынды.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Орақ Әлиев аға барша қазақстандықтарға танымал адам. Халық оны тек экономика саласы ғалымы деп емес, терең ойшыл ретінде таниды. Ұзақ жылдар Орақ аға еліміздің экономикалық дамуының өркениеттік жобаларын ұсынып келеді. Ол оның басты принципі ретінде «мемлекетті әділетті басқару» қағидасын ұстанғандықтан – ғалымның көптеген ойларын коррупцияланған мемлекеттік басқару жүйесі қабылдай қоймады. Нәтижесінде, қоғам ол жүйенің зардабын әлі де тартуда. 

Сонымен қатар, Орақ ағамызды көзі қарақты, зайырлы қоғам өкілдері ойшыл ретінде біледі. Ол өзінің философиялық толғауларында тарихқа көз жүгірте отырып, ондағы айтылған керемет ойлардың бүгінде елімізге қалай қызмет ете алуы жолдарын да көрсетіп отырды. Алайда, әбден күшіне мініп, «көзі тұманданған» авторитарлық жүйеге ол да қажет болмады...

Дегенмен, уақыт өзгереді, сонымен қатар, қоғамның рухани‑идеологиялық сұранысы да өзгеріске ұшырайды. Қазіргі жүргізіліп жатқан саяси‑рухани реформалар мен олар көтерген ұрандар Қазақстанның өзгеріс күйін бастан кешіріп жатқанынан белгісі десек болар. Ендеше, бір кездері академик Орақ Жолмырзаұлының мемлекеттік даму туралы айтқан ойлары бүгінде өзекті бола түсті деп ойлаймын.

Осыны ескере отырып, Орақ ағаның Конфуций туралы ойларынан үзінділерді қайта жаңғыртып, қоғам талқысына салу – қазіргі заман талабына сай келеді деп ойладым:

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

НЕЛІКТЕН ДӘЛ ОСЫ «КОНФУЦИАНДЫҚ» ЖҮЙЕ ҚЫТАЙДЫҢ РЕСМИ МЕМЛЕКЕТТІК ИДЕОЛОГИЯСЫ БОЛЫП ТАНЫЛҒАН?

ОРАҚ ӘЛИЕВ, саяси экономист, ғылымтанушы, эпистемолог:

– Қытайда да, бүкіл әлемде де конфуциандықтың негізін қалаушы Конфуцийге соншалықты мадақ пен құрмет көрсетіледі. Тіпті, соңғы уақытта кең тараған бір қанатты сөз бар: «Конфуций ‑ Қытай үшін рәміз, ал қытайлықтар үшін – рәмізден де артық!» деген. Енді, тікелей сұрағым келеді: «Неге дәл сол Конфуций, ал Лао-Цзы немесе Будда емес, бүкілхалықтық «қытай рәмізі» деп жарияланды? Неге даосизм немесе буддизм емес, тек «конфуциандық» Қытай мемлекетінің ресми идеологиясы болып отыр?» деп.

Жауабым мынадай: себебі, Конфуций тек қана қытай халқын – жалғыз ұлы (құдай таңдаған) халық ретінде, ал Қытайды – жер бетіндегі жалғыз «Аспан асты елі» ретінде дәріптеді. Қытайды ең ұлы және өз-өзіне жеткілікті мемлекет деп санады. Ал қалған бүкіл әлем – жай ғана «әлемшік», яғни ерекше назар аударуға тұрмайтын аймақ қана болып қалды.

Әрине, Конфуций өмір сүрген заманда Қытай мәдени, ғылыми және экономикалық дамудың жоғары сатысына жеткен еді. Бұл оған осындай ой-пікірлер айтуға, кейде ашық, кейде жанама түрде, негіз берді. Осы ойды ол өз халқы мен Қытай билеушілеріне (патшалар мен императорларға) мәңгілік «миссия» ретінде аманат етті. Тіпті, көзі тірісінде ол Қытай империясын тиімді басқару мен оның мемлекеттік негіздерін нығайту жөнінде көптеген кеңестер беріп қана қоймай, елді аралап, түрлі патшалықтардың билеушілерін өз идеяларын жүзеге асыруға үгіттеп, кей кездері жоғары лауазымды қызметтер де атқарды. Осы тұрғыдан алғанда, Конфуций – мемлекетшіл және отаншыл тұлға. Дегенмен...

Конфуций – бәрінен бұрын Қытай адамы, Қытай үшін туған, өз ұлы державасы – Қытай үшін жан-тәнімен күрескен жан.  Ол нағыз «мемлекетшіл» еді (үлкен теоретик болғанымен, іске аса қоймаған практик), және өзінің қытайцентризмдік ойлары мен құндылықтарын қаншама «жұмсақ», «толерантты», «ақылды» сөздермен, афоризмдермен, даналықтармен көмкерсе де, олардың астарында Қытай мүддесін алдыңғы орынға қойған жасырын идеология жатқаны аңғарылады. Бұл пікір – қазіргі кезде Конфуцийге немесе осы мақалаға сыни көзбен қарамайтын көптеген оқырмандар үшін тосын, тіпті ауыр естілуі мүмкін. Алайда мен нақтылап айтқым келеді: Конфуцийдің көптеген құнды, өміршең ойларын жоққа шығармай-ақ, менің көзқарасымда ол – дәл осындай тұлға болып қала береді.

Өкінішке орай, әлемде Конфуций ілімінің, жалпы конфуциандықтың шынайы, жасырын, «ұзақ және аса ұзақ мерзімді» астарлы мағынасы мен мақсаттарына байыппен назар аударатын саясаткер жоқтың қасы. Ал бұл ілім – қазіргі Қытайдың қайта өркендеуі, жылдам көтерілуі, тіпті, кеңеюі үшін, яғни «тарихи әділеттілікті қалпына келтіру» (атап айтқанда, Конфуций айтқан «аттарды дұрыстау») жолында аса қажет, Қытай халқының тарихында бірнеше мәрте бастан кешкен «әділетсіздік» мәселесін осылай «түзетуге» тырысу – Қытай басшылығының басты бағдарларының бірі.

Ал, енді, осы «тарихи масқараны» жою мақсатында Қытай басшылығы Конфуций ілімінен (мұны мұқият талдау арқылы оңай байқауға болады) мынадай «даналықтарды»  таңдап алып, өте ұқыпты «әрекетке жол сілтеуші» ретінде пайдаланып отыр:

1. «Мен бәрін бір ғана шындық арқылы танимын».

Қазіргі Қытай үшін бұл «бір ғана шындық» – Қытай ежелгі дәуірдегідей үстем супердержаваға айналуы тиіс деген сенім. Демек, осы бір шындық арқылы бүкіл әлемді тануға ұмтылу – олардың басты мақсаты;

2. «Егер мені біреу шақырса, мен бір жылда елде өзгеріс орнатар едім».

Бұл өзгерістер – Қытайда соңғы жүз жылда бір тоқтамай жүргізіліп келе жатқан тұрақты революциялар мен реформалар. Соның ішінде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы (Шығыс Түркістандағы) миллиондаған байырғы халықты «қайта тәрбиелеу» реформалары – орталық және жергілікті биліктің қатыгез де қатаң саясаты;

3. «Билеуші халқын үйретпесе, тура бола алмайды».

Жаңа тарихында Қытай билеушілері «халқын үйретеміз» деп тым әуестеніп кеткені сондай, көптеген қателіктерге бой алдырды (мысалы, «мәдени революция»). Бұл «үйрету» үрдісін олар халықаралық қатынастарда да жалғастырып, басқа елдердің халқын, тіпті ресми лидерлерін «сабаққа» тартып, оларға материалдық және рухани зиян келтіріп отыр. Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Дональд Трамптың дабыл қағуы және Қытайдың шексіз экономикалық «тәбеті» мен территориялық амбицияларына қауіптенген қазақстандық патриоттардың сөздері дәлел;

4. «Аспанда екі күн болмағандай, халықта екі билеуші болмауы тиіс».

Қытай басшылығы бұл қағиданы аздап өзгертіп, өзінше түсініп, бүкіл адамзатта бір ғана «күн-билеуші» болуы керек деп есептейді. Әрине, бұл – Қытайдың өзі. (Сондықтан, Қытаймен қатысы бар елдер, әсіресе – көршілер осыдан сақ болғандары жөн – Ә.Б.);

5. «Нағыз қателік – өткендегі қателіктерді түзетпеу».

Осыны болдырмау үшін қазіргі Қытай басшылығы өте қарапайым шешім қабылдаған ‑  ешқашан өз қателігін мойындамау. Өткенде де, қазір де, болашақта да «қателік жоқ». Болса – түзету де керек емес. Ал бірдеңе қате болса – кінә басқаларда.

6. «Жамандыққа жақсылықпен жауап беру – ақымақтық».

Конфуций бойынша, жамандыққа зұлымдықпен жауап беру орынды сияқты. Бірақ онда Конфуций уағыздаған ізгілік, адамгершілік, қайырымдылық қайда қалды? Салыстырып көріңіз: «Жақсылыққа жақсылық – әркімнің ісі, жамандыққа жақсылық – ұлы адамның  ісі» (Мұхтар Әуезов). Демек, «ұлы» деп мадақталған Конфуций – шын мәнінде «жамандыққа жамандық» қағидасын насихаттаушы. Бұл қағида Қытайдың қазіргі сауда және санкциялық соғыстарында, сондай-ақ территориялық дауларында да басшылыққа алынған;

7. «Бірдей қағидаттар болмаған жерде, ортақ тіл де табылмайды».

Бұл да қазіргі Қытайда жақсы «жұмыс істейтін» қағида. Ортақ тіл табу үшін ерекше парасат, шын даналық, саяси ерік пен жоғары дипломатиялық мәдениет қажет. Ал «күшті» Қытайға мұның қажеті қанша? Экономикалық және әскери күш, шексіз өзімшілдік жеткілікті – сонда барлық мәселе Қытайдың пайдасына шешіледі. Бұл – Конфуцийдің және қазіргі Қытайдың «ортақ тілі»;

8. «Билеуші – салтшы, шенеуніктер мен заңдар – ауыздық пен шылбыр, халық – ат».

Бұл сырттай қарағанда бейкүнә метафора сияқты. Алайда шын мәнінде, Конфуцийдің «адамсүйгіштігі» халықты – яғни билік пен шенеуніктерден басқа жұртты – жай жұмыс атындай көргені. Ал, егер, халық тек «ат» болса, оны билік қалағандай пайдалана алады: түрлі әлеуметтік-экономикалық және мәдени-өркениеттік эксперименттер жүргізу, сынақтар жасау – бәрі мүмкін...  Бұл «ат» еш наразылықсыз жұмыс істеп, билікке соқыр түрде табынуы тиіс. Себебі Конфуций ілімі бойынша, «патша – патша, уәзір – уәзір, әке – әке, ұл – ұл» болса, онда халық – ат!

(Ал егер «салтшылар» – әлсіз, ал «ауыздық пен шылбыр» – әділетсіз болса, не болмақ?)

Осылайша, осындай ішкі себептер мен жағдайлар – қазіргі Қытайдың Конфуций мен конфуциандыққа деген ерекше «махаббатын» және бүкіләлемдік көшбасшылыққа ұмтылысын түсіндіреді.  Бұл – Қытайдың соңғы онжылдықтардағы жетістіктеріне таңдай қағып, кейде орынсыз қызғанышпен қарап отырған кейбір елдерге сабақ боларлық нәрсе. Сондықтан Қытайдың геоэкономикалық, геосаяси бағытына сыни көзқарас пен әділ пікір білдіріп отыру – өте орынды.

Мақаланы дайындаған Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2995
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4739