Career Day: Алматыда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қалай өтуде

Алматы қаласының Жетісу ауданында Жастар саясаты басқармасының қолдауымен кезекті Career Day бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға белсенді жастар, аудан тұрғындары, қоғамдық қайраткерлер, сондай-ақ комьюнити-орталықтардың резиденттері мен 400-ден астам компанияның өкілдері қатысты.

Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, Career Day жобасының басты мақсаты — жастарды жұмыспен қамтуға және мансап жолын құруға мүмкіндік беру арқылы олардың кәсіби болашағын қалыптастыру. Алматының барлық аудандарында өтіп келе жатқан жәрмеңкелердің алғашқы 7 күнінде 21 мыңнан астам жас қамтылды. Олардың қатарында мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектері бар.
«Біздің басты міндеттеріміздің бірі – жастарды жұмыспен қамту және жан-жақты дамуына мүмкіндіктер ашу. Career Day – бұл тек жәрмеңке ғана емес, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтудың толыққанды әлеуметтік құралы. Осындай іс-шара арқылы біз жастарды жетекші компаниялардың өкілдерімен кездестіріп, өз болашағына қадам жасай алатындай мүмкіндік жасаймыз», — деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.
Іс-шара аясында арнайы кеңес беру аймақтары ұйымдастырылып, жұмыссыз жастар HR-мамандармен тікелей сөйлесіп, түйіндемелерін қалдырып, жеке кеңестер алды.
«Мен бұл жәрмеңкеге жай ғана қарап шығайын деп келгем. Бірақ қалалық мансап орталығының қызметкерлерінің көмегімен және ұсынылған бос орындардың арқасында өзіме ұнайтын жұмысқа орналастым», — дейді жәрмеңке қатысушысы Даулет Иманов.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Алматы қаласында 9 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Қалалық мансап орталығының қызметтерін қаланың кез келген комьюнити орталығынан пайдалануға болады.

Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.
Келесі Career Day жәрмеңкесі 2025 жылдың 30 мамыр күні Наурызбай ауданындағы «Тау-Самалы» базарында өтеді.
Abai.kz