Бейсенбі, 5 Маусым 2025
Араша 1866 0 пікір 3 Маусым, 2025 сағат 15:05

Шымкенттегі сот: Жемқорлықты әшкерелеген ҰҚК офицері кім?

ШЫМКЕНТТЕГІ ШУЛЫ ІС: ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ӘШКЕРЕЛЕГЕН ҰҚК ОФИЦЕРІ КІМ? ОЛ НЕ ҮШІН СОТТАЛУДА?

Қазір ел ішінде «Шерзат соты» деп аталып кеткен Талғардағы қанды оқиғаға қатысты сот отырысынан бөлек, ауқымды да, маңызды тағы бір үлкен сот процессі  жүріп жатыр. Ол – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасов ісі.

Осыған дейін Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі бірқатар орыстілді БАҚ-та Сарбасов сотына қатысты бірсыдырғы материалдар жарияланды. Әсіресе, «orda.kz», «time.kz» секілді ақпарат құралдары М. Сарбасов сотынан материалдар жазып таратты.

САРБАСОВ ІСІ: АРЫЗДАНУШЫ КІМ, АЙЫПТАЛУШЫ КІМ?

Одан белгілісі – Сарбасов ісі бойынша сот процесі ашық өтіп жатқандықтан, оған БАҚ өкілдерінің қатысып, хабар таратуға құқы бар. Жуырда біздің редакциямызға Манат Сарбасовтың туыстары хабарласып, БАҚ-та біржақты қаралау ақпараттарының шығып жатқанын айтып, мінбер сұрады.

Сот процесі мен М.Сарбаевқа тағылған айыптар туралы мәліметтер ұсынды. Ол бойынша: 2023 жылдың 11 қазанында М.Сарбаевқа қатысты ҚР ҚК 366 бабы, 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол дегеніңіз – аса ірі көлемде пара алу айыбы.

Бұл қылмыстық істің қозғалуына себеп болған – Эльмира Дүйсенқызы дейтін азаматшаның арызы.

М.Сарбасовтың туыстарының ұсынған мәліметтеріне көз жүгіртсек, Эльмира Дүйсенқызы «2019 жылы өзінің «Риана» дейтін мектебіне балаларды оқыту үшін мемлекеттен төленетін төлемді ұлғайту бойынша құжаттарды ҚР Білім министрлігінің базасына енгізу үшін Сарбасовқа 60 млн теңге бергенін» алға тартқан. Кейін Дүйсенқызы Сарбасовқа алданғанын айтып, ақшаны қайтаруды талап етіп, 15 млн теңгені Сарбасовтан қайтарып алғанын айтқан.

ТЕРГЕУ ЕШҚАНДАЙ ДӘЛЕЛ ТАППАҒАН ІС

Бұл арыз-шағым бойынша ҚР ҰҚҚ арнайы тергеу тобын құрған. Оған Күзембаев Е. басшылық еткен. Тергеу тобының құрамында 4 тергеуші мен ҰҚҚ-ның  ішкі қауіпсіздік қызметінің 7 жедел уәкілі болған.

Алайда, тергеу тобы аталған айып бойынша бірде-бір нақты дәлел таба алмаған. Тергеу нәтижелері қылмыстық іске ресми тіркелген. Осылайша, Дүйсенқызының жазған айыбын тергеу тобы растай алмаған. Десе де, сот ісі тоқтатылмаған.

Сарбасовтың қорғаушыларының айтуынша, Дүйсенқызы Э. 2023 жылдың 14-15 қазанында берген жауабында «өзін Сарбасовтың «Риана» мектебінде бюджет қаражатын жымқыруға итермелегенін, «жоқ» балаларды (оқушылар) есепке енгізу арқылы, мемлекеттен ақша алып, сол ақшадан үлес алып отырғанын» айтқан. Дүйсенқызы бұл жауаптарын 2025 жылғы сот отырысы кезінде де қайталаған.

Ұсынған мәлеметтерге қарағанда, Дүйсенқызының өзі 2022 жылдың маусымында «Риана» мектепбіне қатысты мемлекеттік тапсырыс қаржысын жымқыру бойынша сотты болып, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен кінәлі деп танылған. Оған бюджеттің 280 млн теңгесін жымқырды деген айып тағылған. Ол келтірілген шығын сомасын өтеу арқылы бостандыққа шыққан.

Кейін арызданушы Дүйсенқызы Сарбасовқа берген ақшаның жалпы сомасы әуелдегідей 60 млн теңге емес, 70 млн теңге екенін айтқан. 2019-2020 жылдары Дүйсенқызы ай сайын Сарбасовқа «Риана» мектебіне мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайтуға көмектескені үшін үлес беріп отырғанын айтқан.

Алайда, 3 ай бойы (2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың қаңтарына дейін) жүрген тергеу кезінде Сарбасовтың ақша алғанын дәлелдейтін фактілер анықталмаған.

Шымкент қаласы білім басқармасының өкілдері мен конкурстық комиссия мүшелері тергеу кезінде 2019 жылы Сарбасовтың «Риана» мектебіне мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту ісі бойынша еш қатысы болмағанын айтқан.

Ал 2024 жылы Күзембаев Сарбасовқа қатысты істі тағы бір күдікті арнаға бұрады. Дәлірек айтқанда, Күзембаев Сарбасовқа қатысты істі ҚР ҚК 366 бабы, 4 тармағына бұрады. Дүйсенқызынан жауап алу кезінде «Риана» жекеменшік мектебі бойынша М.Сарбасовты айыптаулары еш дәлелсіз болғандықтан Күзембаев қосымша тағы іс ашады. Ол бойынша Дүйсенқызы өзінің меншігіндегі «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжіне» және басқа да кәсіптеріне «қорған» болғаны үшін 2007 жылдан бастап ай сайын М.Сарбасовтың ақша алып тұрғанын айтады.

Бұл айыптау бойынша: Дүйсенқызы 2007-2020 жыл аралығында М.Сарбасовқа 365 млн теңге пара беріпті. Әрине, мұны дәлелдейтін бірде-бір факт жоқ. Мұндай жағдайда тергеуші аталған айыптау бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатутуралы қаулы енгізуі керек болған. Алайда Күзембаев аталған қылмыстық істі не жаппайды, не қысқартпайды, не бұл бойынша айыптау актісіне енгізбейді.

Дүйсенқызының арызы бойынша, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы территориялық-әкімшілік бөлініске түсті, колледж Түркістан облысы аумағында қалып қойғанда да Э.Дүйсенқызы Шымкент департаментінде жұмыс істейтін М.Сарбасовқа ай сайын «пара беріп» тұрыпты-мыс.

АШЫҚ СОТ ПРОЦЕССІ

Біздің редакция ашық сот процессіне қатысып, істің мән-жайын бақылады. Сот процессі ашық өтіп жатқандықтан, оған өзге де БАҚ редакциялары қатысқан.

Сот процесі бойынша айыптаушы прокурордан пікір сұраған едік, аталған іс бойынша қазір ешқандай пікір білдірмейтінін айтты.

Ал сот процесі Сарбасов тарабының қалауы бойынша, алқабилердің қатысуымен өтуде. Біз сот төрағасынан аталған процестегі материалдарды негіз ете отырып, куәгерлердің сотта айтқан мәліметтерін БАҚ-та жариялауға рұқсат сұрадық. Сот төрағасы сот процесіндегі материалдар жарияланбайтынын кесіп айтты.

Осы ретте біз арызданушы Эльмира Дүйсенқызының өзінен де пікір сұрадық. Өзінің шаршап тұрғанын айтып, пікір білдіруге келіспеді. Десе де, Дүйсенқызы сот процесінде берген жауаптары БАҚ-та жарияланғанын айтты.

Жоғарыда айтқанымыздай, сот төрағасы сот процесі кезіндегі айтылған мәліметтер мен жауап берушілердің жауаптары жарияланбайтынын ескерткен. Сонда Дүйсенқызының жауаптары БАҚ-та қалай жарияланды деген заңды сұрақ туындайды.

Осыдан соң біз Сарбасовтың қорғаушыларынан пікір сұрадық.

ҚОРҒАУШЫ: САРБАСОВҚА НЕГІЗСІЗ АЙЫП ТАҒЫЛЫП ОТЫР...

Болат Избасханов, қорғаушы:

– Қазіргі таңда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Сарбасов Манат Омарханұлы мен өзгелерге қатысты сот процесі өтіп жатыр. Бұл сот отырысының ерекшелігі – айыпталушылардың бірі Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығының бұрынғы орынбасары М. Сарбасовтың сотталушылар қатарында болуы.

Қорғау тарапының пікірінше, М. Сарбасовқа аса ірі көлемде пара алу дерегі бойынша негізсіз айыпталып отыр. Себебі, қылмыстық іс материалдарына сәйкес, тергеу барысында жиналған дәлелдемелер тек бір куә — осы іске қатысты арызданушы Эльмира Дүйсенқызының жауабына ғана негізделген.

Айта кететін жайт, Дүйсенқызы бұған дейін аса ірі көлемдегі алаяқтық әрекеттері мен мемлекет қаржысын жымқыру фактілері бойынша екі рет сотты болған. Ол сот үкімімен бас бостандығынан айырылып, келтірілген залалды өтеуіне байланысты мерзімінен бұрын босатылған.

Іс материалдарына сәйкес, тергеу органдары басқа куәлардің де жауаптарын жоғарыда аталған куә — Дүйсенқызының сөзіне сәйкестендіріп алған. Бұл — тергеудің біржақты, айыптау бағытымен жүргізілгенінің айқын дәлелі.

Қалыптасқан құқықтық тәжірибеге сәйкес, осындай істерде басты дәлелдемелер қатарында айыпталушыға қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері мен олардың нәтижелері — яғни, аудио және бейнежазбалар болып табылады. Мұндай жазбалар бойынша жүргізілген кешенді сот-фонографиялық және филологиялық сараптама нәтижесінде, егер айыпталушының сөздерінен заңсыз әрекеттерді дәлелдейтін мағыналық компоненттер анықталса ғана, ол тұлғаның кінәсі дәлелденген деп танылады.

Алайда, бір жылдан астам уақытқа созылған тергеу барысында М. Сарбасовқа қатысты жүргізілген жасырын тергеу шаралары нәтижесінде осындай заңсыздықты дәлелдейтін ешқандай дерек анықталмаған. Керісінше, Дүйсенқызы екеуінің кездесуінде ол ақша беруге қатысты арандату мақсатындағы әңгіме қозғағанымен, М. Сарбасов: «Сіз не деп тұрсыз, не туралы айтып жатырсыз?» деп, әңгіменің мәнісін түсінбей, бұл арандатушылық екенін аңғарып, кездесуді тоқтатып, сол жерден кетіп қалған.

Соған қарамастан, тергеу органдары М. Сарбасовтың кінәсін дәлелдейтін негізгі айғақ ретінде Дүйсенқызының өзге адамдармен М. Сарбасовқа ақша бергені туралы жүргізген жасырын жазбаларын ғана басшылыққа алған.

Мәселен, егер біреу бір лауазымды тұлғаға қатысты пара алады деп өзара әңгіме жүргізсе, бұл сол тұлғаны парақор деп айыптауға негіз бола алмайтыны белгілі. Алайда, М. Сарбасовқа қатысты қаралып жатқан істің дәл осындай жағдайға ұқсастығы көзге ұрып тұр.

Бұдан бөлек, қорғау тарапының анықтауынша, М. Сарбасовтың адвокаттары өз бастамасымен жүргізген сараптамалар мен жинақталған басқа да дәлелдер негізінде, Дүйсенқызы бұл іске өз еркімен емес, ҰҚК-нің Өзіндік қауіпсіздік қызметі тарапынан бағытталған қысыммен тартылғаны белгілі болған. Бұл дәлелдемелер жақын арада сотқа ұсынылмақ.

Сонымен қатар, сот отырысында куә ретінде жауап берген Дүйсенқызының тергеу кезіндегі және соттағы жауаптары арасында айтарлықтай алшақтықтар мен қарама-қайшылықтар бар екендігі анықталуда. Егер ол шындықты айтқан болса, мұндай сәйкессіздіктер болмас еді.

Соттың әділ және заңды шешім шығаруына ықпал ету мақсатында, М. Сарбасовтың өтінішімен іс алқабилердің қатысуымен қаралуда. Іс бойынша әділетті, заң талаптарына сай сот үкімі шығатынына сенемін.

ІС ӘДІЛ ҚАРАЛУЫ ҮШІН АЛҚАБИЛЕР СОТЫНА ЖҮГІНДІК...

Жасұлан Асылбеков, қорғаушы:

– Қазіргі таңда Шымкент қаласының аудандық қылмыстық сотында М. Сарбасовқа қатысты аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қылмыстық іс қаралып жатыр. Бұл істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы шешім М. Сарбасовтың өзі тарапынан білдірілген өтініш негізінде қабылданған. Яғни, ол өз құқығын пайдаланып, істің жалғыз судья емес, алқабилердің қатысуымен қаралуын талап еткен.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалау туралы нормативтік қаулыларына сәйкес, тек жәбірленуші немесе куәгердің көрсетулері негізінде айыптау үкімі шығарылмайды. Мұндай мәліметтер басқа дәлелдермен сәйкестендірілуі қажет.

Қазіргі сот процесінде алқабилердің қатысуымен бірқатар куәгерлерден жауап алынып, дәлелдемелер зерделенуде. Айта кетерлігі, негізгі айыптаудың негізі болған басты куәгердің көрсетулері басқа куәгерлердің айтқанымен елеулі түрде сәйкес келмей отыр. Мысалы, оқиғаның маңызды тұстарында негізгі куәгердің сөздері басқа куәгерлермен қайшылыққа түсуде.

Осыған байланысты сот тергеуі жалғасып жатыр. Біз, қорғаушы тарап ретінде, өз позициямызға нық сенімдіміз. Қылмыстық іс материалдарындағы дәлелдер мен куәгерлердің жауаптары негізгі куәгердің айтқандарымен үйлеспейді. Бұл жайттар сотта алқабилердің алдында нақты түрде көрсетілетін болады.

Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына сәйкес, айыптау үкімі шығуы үшін негізгі куәгердің көрсетулері басқа дәлелдермен толық үйлесуі шарт. Ал қазіргі сот процесінде бұл талап орындалып отырған жоқ. Сондықтан біз өз уәждерімізді нақты дәлелдермен негіздеуді жалғастырамыз.

Қорытынды шешімді, әрине, алқабилер қабылдайды. Бірақ біз жүргізіліп жатқан сот тергеуінің барысына қанағаттанамыз және басынан бастап күмән келтірген негізгі куәгердің көрсетулеріне қатысты дәлелдеріміз сотта өз орнын тауып жатыр деп сенімді айта аламыз.

САРБАСОВ ІСІНЕ ИСХАКОВТЫҢ ҚАТЫСЫ БАР МА?

ТҮЙІН: Аталған қылмыстық іске қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірушілер де аз емес. Олардың қатарында белгілі заңгер Айгүл Орынбек, журналист, блогер Ораз Әлімбектер бар.

Ораз Әлімбек өз жазбасында: «2022 жылдың басынан бастап Манат Сарбасов Қызылорда облыстық ҰҚК департаменті басшысының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2023 жылдың сәуір айында ол тура сондай қызмет алып, Шымкент қаласына оралды. Сол жылдың жазында М.Сарбасов басқарған ҰҚК-нің шұғыл әрекет ету тобы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың орынбасары Мақсұт Исаховты әкімдіктегі былық-шылықты жабу үшін 200 мың доллар пара беріп жатқан кезінде ұстады. Лауазымы жоғары мүдделі шенеуніктер М.Исаховтың ісін қаржы полициясының тергеуіне өткізуге мүдделі болған. Бұған М.Сарбасов қарсы шығып, М.Исаховтың ісін тергеуді және оны сотқа жеткізуді ҰҚК-нің Шымкент департаментінің құзырында алып қалды (2024 жылдың көктемінде М.Исахов 8 жыл 5 айға сотталды, соның артынша президент Қ.Тоқаев М.Әйтеновті қала әкімі қызметінен алып тастады).

«Замәкім» Мақсұт Исахов қамауға алынған соң, 2023 жылдың 11 қазанында ҰҚК-нің 7 қызметкерден тұратын тергеу тобы құрылып, атышулы Эльмира Дүйсенқызының арызы бойынша М.Сарбасовтың өзіне қарсы қылмыстық іс қозғады. Бір жарым жыл тергеу жүрді, Дүйсенқызы әркез М.Сарбасовқа қарсы жаңа айыптау арыз жазып, үстемелеп келді. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Жоғарыда атап өткендей М.Сарбасовты айыптау Дүйсенқызының жиі өзгеріп тұратын сөзіне ғана сүйенген», - деп жазады.

Ескерту: Біздің редакция – еркін ақпарат алаңы. Мұнда пікір білдіруге Қазақстан Республикасының әрбір азаматы құқылы. Мақалада аттары аталатын тұлғалардың қай-қайсы біздің редакциямызға пікір білдіруге ниет білдірсе, олардың да пікірлерін жариялайтын боламыз.

Abai.kz

0 пікір