Жұма, 6 Маусым 2025
Әдебиет 741 0 пікір 5 Маусым, 2025 сағат 12:53

Бақытсыз Жамал

Сурет: Flip.kz сайтынан алынды

Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл

Алғашқы роман желісімен жазылған 3 актілі пьеса.

І акт. «Жауқазын Жамал»
ІІ акт. «Бойжеткен Жамал»
ІІІ акт. «Тауқымет»

Кейіпкерлер:

  • Жамал – Ғалидың сүйген қызы, сауатсыздық құрбаны
  • Ғали – Жамалдың жігіті, ғылымның құрбаны
  • Сәрсенбай – Жамалдың әкесі, дәстүрге берік адам
  • Шолпан – Жамалдың анасы,  молданың қызы
  • Қалампыр – Сәрсенбайдың бәйбішесі, долы мінезді
  • Молда – Сәрсенбайдың үйіне келген қонақ
  • Мұғалім – Міржақып Дулатұлы
  • Жұман – Жамалдың атастырылған күйеуі
  • Бекжан – ауылнай
  • Балалар, ауыл адамдары – қосымша кейіпкерлер

І АКТ

  • көрініс.

Аспандағы аққуға үн қосқандай жыршының дауысы әуелей түседі. “Ал, жігіттер, сал құлақ” жырымен сахна шымылдығы ашылады. Көл жағасында көк майсаға тігілген алты қанат ақ боз үй көрінеді. Адамдар жинала бастайды. Олар ақ боз үйді бетке алып ақырын ғана сөйлеп тұр:

  •  - Ақ сұңқардай саңқылдаған дауысыңнан айналайын-ай!
  •  - Саумалкөлдің суындай тұп-тұнық, тап-таза дауыс қой.
  •  - Көкшетаудай асқақтаған үнін айтсаңшы!
  •  - Сарыарқадай кең тынысын неге айтпасқа!

Кенеттен тыңдарман құлағына түрпідей тиген даурыққан дауыстар естіледі.

  •  - Аида, давай!
  •  - Молодец!,  Браво! Браво!
  •  - Аплодисменты!

Тосын дауысқа еліккен ақсақал үйге ентелей жақындап:

  •  - Уау, жыршым бәрекелді, шап, шап, шап! -деп айқайлай бастағанда екіншісі шапанның шалғайынан тартқылайды. Ақсақал (ашуланып):
  •  - Өй, көргенсіз неме сол. Сақалымды сыйласаң қайтеді?

-   Ақсақал, ашуланбаңыз. Ауылнайдың бұйрығы бұл. Үндері шықпасын, қонақтың мазасын алмасын деген.

-   Сендер ауылнай айтты деп ауыз жабуды қойыңдар. Мал екеш, малдың өзі маңырап бар екенін білдіреді ғой. Біз не мал ғұрлы жоқпыз ба?

-  Жә, босқа даурықпайық. Сонымен, крестянский начальник не жұмыспен келді екен ? Сәрсенбайдың үстінен жазылған арыз шығып қалды ма екен а?

- Тәйірі-ай, крестянский начальник Сәрсенбайды не ғылсын? Жайылым жер тарылып кетті. Қазаққа жер беремін деп келген шығар.

- Жер тарылмай қайтсын-ай, осы отырған бәріміздің үйірлі жылқымыз бар. Қылқұйрыққа кең жайлау керек. Әне, көл жағалай қоныс тепкен қарашекпенділер. Жеріме түссең малынды тартып аламын деп ықтырмамен отыр. Жоқ жерді, начальник тұрмақ құдайын да тауып бере алмас енді бізге..

- АстағфируЛлах! Шырағым-ай, құдаймен алысып кеттің ау, құдайдың не жазығы бар еді. Қазаққа жерді құдай берді, орыс алды. Патша құдай билеген заман боп тұр ғой… (Сәрсенбайдың даусы дірілдеп)

Бір-бірін тыңдамай өзара даурығып отырғанда, киіз үйден терге малшынған, білегін сыбанған, етектей сулықпен сүртініп, алқам-салқамы шыққан Бекжан ауылнай шығады.

Ауыл адамдары: - Әне, ауылнайдың өзі де шықты. Жақындап, барайық.

  •  - Қалай, ауылнай? Тѳре қызметімізге разы ма, не жұмыспен келген екен?

Бекжан ауылнай: - Әлхәмдүлиллә, ѳзімді бек мақтап, қолымнан қайта- қайта «спасибо» деп ұстады. Ѳзі бек рақымды кісі кѳрінеді: «Шаруа қалай, ел арасы тыныш па?» - деп һәммасін сұрады. Былтыр Сәрсенбайдың мені боқтағанын айтқаным жоқ. Естеріңде ме, «Сонша малды айдап жүріп, дұрыстап зекет бермейсің, қажыға бармайсың,  кім  үшін  жинап  жүрсің? - деген сөзім үшін не айтқаның. Оны айтқанда бәлеме болатын еді, не қылайын...

Ауыл адамдары:

  •  - “Қубас” -дегенге кім шыдар.. (шеткі адам күңкілдеп).
  •  - Айналайын, Бекжан! Сенің сол Сәрсенбайдың намысына тиіп айтқаның

дұрыс та болды. Содан Сәрсенбай төсек жаңғыртып, тоқал алған. Келіннің айы-күні жетіп отыр деп естідік. Үлкен үміттің үстінде отырмыз шырағым!

-Уау, Сәрсеке, жарайсың!

-Шаңырағында шілдехана той болсын!

-Ер елуге жетсе де айыбы жоқ, жарадың Сәрсеке!

Бекжан ауылнай: - Және де тѳренің тағы бір хабары сол: -Қазақтан солдат алынбайды, бірақ мұжықтар секілді қала болам десең, 15 десятина жер беріледі - деді.

Ауыл адамдары:-   15 десятина дегені тулақтай ғана жер емес пе! Қай малымызды жаямыз. Ақ патшаның ата-бабамыздан мирасқа қалған жерімізге кіріптар қылып қойғаны ай!

Бекжан ауылнай: - Егін салыңдар, школ ашыңдар, ұлықтарыңды сыйлап, бұйрықтарын орнына келтіріңдер -деді.

Ауыл адамдары:

- Өй мұндай ұлықтың тап әкесінің аузы ....

- Зорлықшылардың бәрі зорлықшыл. Қара ит, сары ит- бәрі бір ит.

- Ойбай, үндеме үйінді таппай қаласың..

- Итжеккенге айдатып жібермесің сені...

Бекжан начальниктен естігенін тағы айта бастағанда, бір жігіт сүйіншілейді:

- Сүйінші, Сәрсеке! Шолпан жеңге аман-есен босанып, тақия тігер тапты!

Ауыл адамдары: -Сәрсенбай, қуаныш қайырлы болсын, алла ұзағынан сүйіндірсін, әйел бала демеңіз!

Сәрсенбай: -Жоқ, олай демеңіздер, мен қайбір ұл-қыз таңдайын деп жүрген кісі. (Сахнадан шығып кетеді).

2-көрініс.

Шілдехана тойы. Сахнада сәби көтерген Шолпан мен Сәрсенбай.

Шолпан: - Отағасы, кесте тігердің атын кім деп қоясыз?

Сәрсенбай: -Жамал болсын!

Шолпан: -Жамал- әдемі есім. Маған ұнайды!

(Азан шақырып ат қояды)

 

3 -көрініс.

Жаз. Жайлау. Киіз үй. Молда, Сәрсенбай, Шолпан, Қалампыр. Үйдің артында балалар ойнап жүр. Шыбық мінген балалар шапқылайды.

Жамал: - Алақай, менің тұлпарым бірінші келді, Алақай!

(Шыбықтарын тастай салып күреседі. Жамал қарсы келгенін жығады. Енді бірде балалар дауласа кетеді).

- Кім күшті?

- Жамал

- Кім жүйрік?

- Жамал.

- Жамал, Жамал! Кел ендеше «бес асық» ойнайық. Кім епті екенін көрейік.

(Балалар шеңбер құрып отыра қалып «бес асық» ойнай бастайды)

Шолпанның даусы шығады:

-Жамал, әй, Жамал, Жамалжан қайдасың? Тез үйге кел. Қонақ келді. Қолына су құй. Батасын ал!

- Қазір апа, қазір!

Жамал жүгіре басып шығып кетеді. Балалар да шығып кетеді. Төрде молда отыр. Дастарханға бата беріліп, табақ алынады. Сол сәтте қолына құмған, леген көтерген Жамал үйге ентелей кіреді.

- Ассалаумагалейкум!

- Уағалейкумассалам, бар бол шырағым!

Молданың қолына су құяды.

-Үлкеен, дәу жігіт бол балам!-  молда батасын береді.

Сәрсенбай: -Молдеке, осы заманның беталысы қалай болып барады. Баламызды қалай оқытқанымыз дұрыс?

Молда: - Балаңды оқытқанын дұрыс. Бірақ оқытқанда хат жазып кетерліктей де оқытпаңыз, хұсуса жәдид молдалардан оқытпаңыз, не үшін десеңіз, олар әуелі дін, иман білгізіп, намаз оқытпай, «Иман шарт», «бәдуәм», «әптиек», «әйжіктерді» былай қойып, орыстарша «а.б.в» деп орыстың ісін қуаттап, балаңды бұзады.

Сәрсенбай: - АстағфируЛлах! Құдай сақтасын, құдай сақтасын, дүниенің кілті болса да - орысша оқытып баламды кәпір қылатын жайым жоқ, молдеке! – деп шошына түседі.

Молда далаға шықпақ болғанда Сәрсенбай Шолпанға қарап:

- Әлгі Жамалжан қайда ұшып кетті. Шақыр тезірек. Молданың кебісін салсын, дәрет құманын дайындасын. ( Шолпан шығып кетеді)

Молда (елең етіп):  -Бай, осы сіздің мырзаңыздың есімі қалай? Қыздың атын қойғансыз ба?

Сәрсенбай (күлімсіреп): - «Тақсыр, мұның мәнісі бар, біз бастан кем кісіміз. Айымыз да, күніміз де осы Жамал болған соң, ѳзімізді-ѳзіміз алдап жүрген жайымыз бар.

Молда  (біраз ойланып): -Ммм, Сәрсеке! Кѳңілге солай екені дұрыс та ғой, ләкиінде шариғатта балаға тұлым қою дұрыс емес.  Және де бай қызы тоғыз жаста балиғатқа толады. Соның үшін намаз үйретіп, оқытып, шаш қойыңыз. Сіздің мұныңыз Алла тағаланың бұйрығына кѳнбеген секілді болады. Олай болғанда, зор күнә табасыз.

Қалампыр: - Ойбай,молдеке, ол не дегеніңіз. Жамал қарағым тым болмаса он беске келсін, сонда шаш қоярмыз.

Сәрсенбай: - Бәйбішем беталды сөйлеп отыр, молдеке! Қайтесіз. Естімеген болыңыз. Сіздің дегеніңіз болады. Алла қаласа, биыл жаз мұғалім жалдаймын. Жүріңіз, Сізді өзім апарайын! - деп жік- жапар болып, молданы жетектеп сахнадан  шығып кетеді.

4 -көрініс.

Мектеп. Мұғалім мен балалар.

-Балалар, енді бізде есеп сабағы. Өмірдің өзі – есеп. Есеп білмейтін есек-дейді. Егер біз есептей білмесек, өскенде есек сияқты қара жұмысқа жегілеміз. Тіпті нан таба алмай аштан өліп қалуыңда мүмкін. Сондықтан балалар, жақсы өмір сүру үшін есеп сабағын жақсы оқуымыз керек. Ал, қанеки, Нұрмаш пен Дүйсен туралы есепті шығарайық.

“Нұрмаш Дүйсенге айтты - біздің үйге бала бол. Сонда біздің үйдің адамдары сіздікінен екі есе артық болады. Дүйсен ойлап тұрды да: “Жоқ, Нұрмаш! Сен біздің үйге бала бол. Сонда сіздің үйдің де, біздің үйдің де адамдары бірдей болады?” -деді. Ал, балалар, сонда Нұрмаштың үйінде неше, Дүйсеннің үйінде неше адам бар екенін кім айтып бере алады?

Балалар жарыса жауап қатады.  Мектепке Шолпан кіреді.

Мұғалім: - Ал, балалар бүгінше осы алған біліммен үйімізге қайтамыз.

Шәкірт балалар сахнадан шыға бастайды.

Шолпан: -Есенсіз бе, мұғалім. Жамалжанның сабағы қалай болып жатыр?

Мұғалім Шолпанға жақын келіп: -Сәлеметсіз бе, Шолпан ханым! Жамал - айтқанынды лезде қағып алатын зейінді қыз.  Ғұсыл-жәдитше оқыта бастадым күзге дейін хат танып кетер. Әй, бірақ Сәрсекең жалғыз қызының жағдайын білсе мені оңдырмайды -ау...

Шолпан: -  О, не дегеніңіз Мұғалім!. Жамалжан енді жалғыз емес. Сіз келген соң ұлды болдық. Отағасы сізге бек разы. «Аяғы құтты» болды деп еңбек ақыңызды еселеп бермекші. Сондықтан,  еш алаң болмай Жамалжанға оңашада хат жаздырып үйрете беріңіз. Өзіңіз осы күз боқырауға дейін оқытасыз ғой.

  •  - Иә, иә, алдағы күз қалаға қайтамын. Сәрсекеңе Алланың нұры жаусын!

Қабырғада ілулі тұрған домбыраны қолына алады.

- Өнер-білім бәрі де оқуменен табылған. Жалғыз білім үйретуге емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру керек. Жамалға домбыра үйретсем деген де ойым бар.  «Мал жұтайды, өнер жұтамайды». Өзім осы домбыраны Жамалдың жасында үйрендім. Ол кезде Торғайдағы Ыбырай мектебінің шәкірті едім.  Домбыраның  құдіретімен сонааау Петербург қаласында барып күй тарттым. Бертінде өзім де күй шығарған жәйім бар. Шығарған күйім “Әуез” деп аталады. Сізге орындап берейін.

Мұғалім «Әуез» күй тарта бастайды. Жарық сөнеді.

ІІ АКТ

5- көрініс.

Түн іші. Сахнада екі жігіт. Ғали мен досы. Иттің үрген даусы.

  •  - Қапп, мына иттің дауысын-ай, ауылды басына көтеріп.
  •  - Қызды ауылдың иті үреген деген осы ғой Ғали!
  •  - Әлгі жиенің кешікті.. Қараңғы түсіп кетті. Ауылға қайтайық.
  •  - Шыдай түс. Жамалды жақсы көргенін шын болса, қыңқ демей көнесің енді.
  •  - Жамалдың үйі мынау ма? -дүрбі салып қарай бастайды.
  •  - Иә, болашақ қайын атанның үйі осы.
  •  - О,о тал шыбықтай майысып кітап оқыған бір қызды көріп тұрмын.
  •  - Қане, қане! әкел бері! (дүрбіні алып қарай бастайды). Жамалдың өзі мынау. Кітап оқып, өлең жазады деп естуші едім. Рас екен ғой. Пай, пай!
  •  - Қане, дүрбімді берші!
  •  - Тоқтай, тұршы, жақсылап қарап алайын.

Екеуі дүрбіге таласып, дауласып отырғанда сап етіп жиен келеді. Екеуі шошып, шоршып түседі.

  •  - Әп, бәлем түстіңдер ме қолға!
  •  - Әй, жиен амансың ба? Жәй келсең болмай ма. Жүрегімізді ұшырдың ғой.
  •  - Ұрының арты қуыс болған соң, үрейі ұшады ғой нағашы.
  •  - Ешқандай да ұры емеспіз. Апам үйі ақ жайлау деп келіп қалдық. Жалғыз емеспін. Көрмейсің бе?
  •  - Бұл кім? (аулақта Жамал жаққа дүрбі салып тұрған Ғалиды көрсетіп)
  •  - Бұл Ғали деген біздің ауылдың жігіті. Жас күнінде оқу іздеп, қалаға кеткен еді. Таяуда үйленемін деп елге оралды. Бірақ ауылдан өзіңе лайықты бір қыз таппады.
  •  - Бәсе, тұрысы бөлек қой. Қолыңдағысы не?
  •  - Дүрбі. Алысты жақындатып көрсетін құрал.
  •  - Мал іздегенге күшті екен, иә!?
  •  - Қалжыңды қоя тұр. Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды. Қысқасы, біз қыз көруге келдік, жиенжан.
  •  - Кімге ... ?
  •  - Сәрсенбай үйінде бір жақсы бала бар дегенді естіп..
  •  - Жамалға ма?
  •  - Иә,иә, «анасын кѳріп қызын ал, аяғын кѳріп асын іш» деген Жамалдың анасы Шолпан ақылды, кѳркем әйел деп естіп жатырмыз.
  •  - Тағы не білдіңдер?
  •  - Жамал - өзі ақын, өзі жыршы, домбырашы дейді. Келген қонаққа «Сал- сал», «Қыз Жібек» жырларын жатқа айтып береді дейді.
  •  - Е,е, шешесі молданың қызы, әкесі - діндар демеді ме, Ай, осы сендер құр қалдыңдар-ау!
  •  - Не дейт, не дейт! (екеуі ентелеп).
  •  - Апам үйі - ақжайлау дегенің өтірік болды ғой. Бір шындықты айтайын. Құлақтарыңды салыңдар. Биыл Байжан бай Сәрсенбайға құда түскен. Сонымен, Жамал «сырғалым» атанып отыр. Ұзынқұлақтан естігенім  таз Жұман таяуда «ұрын» келемін депті.
  •  - Не дейт, не дейт! (екеуі шошынып).
  •  - Сәрсенбай жалғыз қызын қалай ғана қиды екен?
  •  - Е,е, нағашы кедей бай болсам, бай құдай болсам деген заман ғой! Былтыр би сайлауы болғанда пысықай ағайындары келіп, - Сәрсеке, бұл заманның ѳзі қорыққанды сыйлайтұғын заман болды. Алла тағала сізге біреуден артық, біреуден кем дәулет берді. Бұл заман екі айналып келмес. Сіз мақұл кѳрсеңіз, біз ѳзімізге қараған Құрман болып билікке сайлағымыз келеді. Енді тәуекел деп, атыңызды бір шығарып қалсаңыз қайтер екен? -деген екен. Мұндай тәтті сөзге алданып Сәрсенбай сайлауға түсуге бел буыпты.
  •  - Содан...?
  •  - Содан не болушы еді. Шар саларда Байжан бай халықты үгіттеп Сәрсенбайдың қарсыласына салдырыпты.
  •  - Содан ...?
  •  - Содан Сәрсенбай сайлауда жеңіліп, қып-қызыл шығынға батыпты. Ұл жеп жайына, қыз жеп байына кетті деп – жер тоқпақтап қалған жайы бар.
  •  - Содан...?
  •  - Байжан бай Жамалға құда түскенде «Енді келесі сайлауда би боламын» деп бөркін аспанға атқан көрінеді.
  •  - Е,е Алаштың көсемі Міржақыптың «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт» деген сөзі бар еді. Әй, бірақ оны түсінетін Сәрсенбайда қайдағы данышпандық!.. .
  •  - Шешінген судан тайынбас, Ғали! Әдейі бас тіреп келген соң, Жамалды бір көріп тілдеспей кеткенін дұрыс болмас.
  •  - Дұрыс айтасың! Жамалмен бет-бет кездесіп, тілдесіп көрсем деймін. Соның реті қалай болар екен?
  •  - Жиенжан, сен жағдайды түсініп тұрсын ғой. Өзің осы ауылда айтары бар азаматтың бірісің. Нағашының бір қолқасын көтере гөр. Асабалық өнерінді ортаға салып Ғалиды Жамалмен таныстыршы.
  •  - Ләббай, нағашы! ертең кешке ауыл жастарын жинап «Бастаңғы» жасайын. Досыңды тура Жамалдың жанына жайғастырамын. Арғы жағын өз таланынан көрсін. Бұған қалай қарайсың?
  •  - Міне, табылған ақыл! Әкел қолды.

(Олар қол алысып, уағда қылып шығып кетеді).

6- көрініс.

«Бастаңғы» жасаған жастар. «Алақан соқпақ» ойыны ойналып жатыр. Сол арада сәлем беріп, Ғали  досымен кіріп келеді.

Асаба жігіт  «Лашынға лайық сен бәйтерек, бұтағыңа жүрмесің қарға ұялап» деп Ғалиды қолтықтап әкеліп Жамалдың жанына отырғызады. «Бет біткеннің ажарлысы осы қыз, айрылма енді» деп қояды.  Екеуі танысады.

Ғали: - Сіздің атыңызды көп естідім, бүгін танысқаныма қуаныштымын!

Жамал: - Рахмет, Ғали. Мен де сіз туралы жақсы пікірдемін.

Асаба: - Ал, енді, ѳлең айтамыз, айтпайсыңдар, айтпағандарыңа мінекей!

Асаба жігіт қолындағы есілген тоқпақтай белбеуін кѳрсетіп қорқытып аралап жүре бастайды. Жамал мен Ғали қыз-жігіт болып айтысады.

Жамал:

Ал сѳйле, келді кезек енді, Ғали,

Керілмей ұста қолға домбыраны!

Рух берген мәжіліске, қызмет кѳрсет,

Сайратып тіл мен жақты болса халі

Ѳнерің болса ішіңде шығар сыртқа,

Бұл жерде жасырудың болмас мәні

Жаңғыртып Саумалкөлді жіберсеңші.

Жарайды, міне, жігіт, десін пәлі.

Ғали:

Жігітке абыройдың табылғаны.

Арада махаббат оты жағылғаны

Емес пе екі жүрек бірдей келсе,

Аспанда ай менен күн қосылғаны.

Мінеки, домбыраңыз, қолына алып

Сѳйлесін сұлу Жамал жанымдағы!

Осы жерде Жамал айтысты доғарып, домбыраны қасындағы қызға сырғытып, өзі сыртқа шығып кетеді.

- Жамал жайшылық па, қайда кеттің? (Асаба жігіт соңынан еріп кетеді)

Ғали: - Апырау, мен артық кеттім бе? Жамалға не болды?

Бойжеткен қыз: - Қыз құпиясы тереңде ғой, тереңде жігітім!

Ғали: - Қайдағы құпия?!!!

Қолыңа ақсүйек ұстаған асаба жігіт қайтып келеді. Қолындағы сүйекті жоғары көтеріп;

  •  - Күткен сәт те келіп жетті. Ай жарығымен «Ақсүйек» ойнаймыз. Ал, кеттік. (Бәрі шығып кетеді).

7- көрініс.

Айдың нұры су бетінде жарқырайды. Алыстан Көкшетау қарауытады. Ақсүйек іздеген жастар. Ақсүйек іздеген жастар. Дәрет қысқан бір жігіт безектеп жүр. Дауыс:

  •  - Айға қарап дәрет алуға болмайды.
  •  - Суға да болмайды.
  •  - Тұрып дәрет алуға болмайды.
  •  - Әй, қызталақ! Өлтірдің-ау мені. Мен тоғайға кеттім ендеше (Ышқырын көтерген қалпы шығып кетеді).
  •  - Шап жануарым, шап! (қарқылдай күлген екінші жігіт соңынан кетеді).

Сахнаға екі қыз шығады.

- Жамалдың жігіті кім?

- Байжан байдың ұлы Жұман.

- Таз Жұман ба? Масқара-ай! Аңқау, ақымақ деп естіген едім.

- Ата жолымен атастырылған. Қайтеміз енді. Көнеміз де.

- Байлығыңа мастанған жексұрын Жұман. Жамалды қай қылығымен қатын қылмақшы.

- Қой, олай деме. Жұрт естіп қалмасын. Ұят болар.

- Қонақ жігіттің Жамалда көңілі бар сияқты. Байқадың ба?

- Иә, иә, мен де соңы аңғардым. Орыс сияқты ма қалай өзі..

- иә,иә, өзі бір ұрғашыға сүйкімді жігіт екен.

(Қыздар күліп шығып кетіп, көңілді екі жігіт қайта келеді).

- Жұман өзі «екі қойың бір сом» дейтін, сипыр білмейтін сауатсыз жігіт қой. Ана жылы үйі қант-шай, ғайыры нәрселер әкелуге қалаға жұмсап жібергенде, жолда терілерін алыпсатарға сатып, он теңге алтын орнына алданып, бір тиын жаңа бақыр алып келіпті. Жылтырағаның бәрі алтын емес екенін қайдан білсің!

- Ой несін айтасың. Жұманның жындылығы жетіп артылады. Мен де бірін айтайын. Баяғыда бозбалалық қылмақшы болып бір қызы бар үйге бармай ма? Қызды күтіп отырып үйдің босағасында ұйықтап қалыпты.  Қыздың әкесі таңертең: «Тұр балам, ұйқың қанған шығар»,- деп үйіне қайтарып жіберіпті.

- Жәә, Жұманды да, сүйекті де қоя тұрып, әлгі қалқатайларды тауып алайық.  Өздері қайда жүр екен... (Әндетіп әрі кетеді)

             Сахнада дүрбі салып ақсүйекті іздеген Ғали мен Жамал. Дүрбіге таң қалған Жамалдың сөздері жарқын шығады. Ол дүрбіні сиқыр санайды.

-  Ешқандай сиқыр емес, бұның аты- дүрбі, оқыған адамдар ойлап тапқан.

-  Дүрбі.

- Иә, дүрбі. Дүрбінің атасы - телескоп. Телескоппен аспандағы ай-жұлдыздарды зерттейді.

- Уау, ай жарықтық қандай жап-жарық,  бетіндегі бедері де алақандағыдай көрініп тұр. (Жамал дүрбімен аспанға қарап)

- Қалай, қалай?

- Алақандағыдай!

Жамал аспанды тамашалап тұрады. Ғали «Өнер білім бар -жұрттар» өленің

оқиды. Жамал қиял құшағында.

- Шіркін-ай, айдың аржағын көрсететін дүрбі болса ғой. Сені күн ұзақ қарап отырушы едім.

-  Оқыған адамдар ондай дүрбіні де ойлап табады, Жамал!

- Бірақ, мылқау адамша күн ұзақ қарап отырған  қызықсыз ғой. Бірауыз амандық сұрап тілдеспеген соң.

- Ол заманда келер,  Жамал. Әлі-ақ екеуміз бір-бірімізге дүрбі салып айшылық алыс жерлерден сөйлесетін боламыз.

- Иә, саған айдың ар жағында отырған адамның даусы қалай естіледі.  Тым қиялшыл екенсіз. (Сықылықтап шығып кетеді).

- Жамал, Жамал! Мен шын айтамын. Тоқташы, тоқтай тұршы! Біз екеуміз.  Қаааап..! Менің саған айтарым басқа еді ғооой!

- Уа, дариға, жігіт қайда өнер тапқан! (Айға қарап)

- Сендер де сенбейсіңдер ме? (Сахнаға қарап)

8- көрініс.

Сәрсенбайдың үйі. Жамал өлең оқып мұңайып отыр.

Бір алла, жалғыз ѳзің жәрдемші бол

Кез болды мен сорлыға құрылған тор

Кѳл болып кѳздің жасы ѳткенім ғой,

Болмаса арылмаған маңдайда cop.

Жайлаған аққу едім шалқар кѳлді,

Бұл күні кѳрініп тұр жаман да зор.

Оралдың ілер деуші ем ақиығы.

Шынымен жапалаққа болам ба қор?!

Мен қайран атам малға сатқанына,

Бір тазды жалпақ елден тапқанына.

Аты ѳшіп тумай кеткір Жұман деген!

Мал беріп, мені ѳзімсіп жатқанына.

Атанып бай баласы қара басқыр

- Жұманның не берерсің мақтанына?

Қазақтың күллі ғайып ғадетінде

Түскенім бар қасқырдың қақпанына.

Атама мен не жаздым қор қылғандай,

Болмаса бір мінезбен жақпадым ба?

Жасымнан тәрбиелі хан қызындай,

Қасірет ақырында тартқаным ба?

Әлпештеп ұлдан артық қыз басымды

Ѳсірген атама обал артқаным ба?

Сырттан Қалампырдың дауысы естіледі. Жамал жалма-жан көз жасын сүртіп, қолындағы қағазын кітап салатын сандықшасына сала қояды.

  •  - Ойбай, ойбай, отағасы, енді қайттік. Ел-жұртқа масқара болдық қой.

Кеше күйеу бала «ұрын келді». Жер көкке сыйғызбай мақтаған қызымыз бет жүзін бір көрсетуге жарамапты. Байғұс күйеу бала жердің үстімен келіп, астымен кетіпті.  Ел-жұртқа күлкі болып. Масқара-ай, масқара!

Қалампыр қара аспанды төндіре сөйлеп кіреді. Оған ілесе кірген  Сәрсенбай ашулы кейіппен Жамалға қарайды.

- Әке, мен Жұманды сүймеймін. Ғалимен бақытты болар едім.

- Дәстүрге қарсы шықпа, қызым. Байжанмен уәдем бар.

Жамал жылап сахнадан шығып кетеді.

- Осының бәрі оқығанның кесірі. Бәріне Шолпан кіналы. Байжанның баласын жамандап Жамалжанның басын қатырды.  Ойбай -ау қызды жауға да береді. Жұманға тисе жаман болмайды. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас отырған елміз. Көз алдымызда жүреді ғой. Әрі беріден соң, қыз балаға әкенің ақ батасынан артық не бар... .

Қалампыр айтып болғанша, Шолпан кіреді. Сәрсенбайға қарата;

- Құданың құдіреті, әуелде сен тіл алмай, баланы мұнша қайғы-қасіретке салдың, міне, кѳрмеймісің ақырында Жамалдың кѳз жасына қалып отырмыз. Осы қалпымен қор болып кетсе, екі дүниеде бізге разы болар ма, біздің ата-аналық хақымыз мойнымызда емес пе?

Сәрсенбай екі қолын артына ұстап ерсілі-қарсылы үйді кезіп жүр. Шолпан тоқтамай сөйлеп тұр.

- Жамалды ѳзінің теңіне береміз. Байжанның баласы жаман дейді, атасының байлығы не керек...

- Осы ит не былшылдап отыр? Құдайдың жазғанынан артық не қыламыз, екінші кісіге береміз десең, Байжан болыстармен қосылып, біздің жанымызды қоя ма? Малымыздан  құрық,  басымыздан  сырық  түсіре  ме? «Қатын - дұшпан» деген осы, болмаса бұл сѳзді айтарма едің...

Сәрсенбай ашуланып, үйден шығып кетеді.

9- көрініс.

Сахнаның екі шетінде теріс қараған Сәрсенбай мен Жамал.

Жамал: - Әкем мені жақсы көрмейді. (Мұңайып)

Сәрсенбай:- Мен қызымды жанымнан артық жақсы көремін ғой. Табанына кірген шөгір, маңдайыма қадалсын деп жүрген жоқпын ба?

Жамал:- Әкем мені жақсы көрсе, мен сүймеген жігітке бермеуші еді.

Сәрсенбай:-  Жамалжан Байжанның баласы Жұманға тисе, жаманшылық көрмейді. Не ішем, не кием демейді. Ойбай -ау, ең дүниенің ортасына күмп етіп түспейді ме?!.

Жамал:- Әкеме мал ғұрлы қадірім жоқ. Әкеме керегі мал мен атақ болды.

Сәрсенбай (шіреніп):-  Байжанмен құда болсам болыс атанып, жер иесі де, мал иесі де өзім болмаймын ба? Жайлауын міне, қыстауын әне деп шелпек таратқандай жерді үлестіріп отырсам қане. Бұдан асқан бақ бар ма өзі? Жамалжанды барған жері болыстың қызы деп төбесіне көтермей ме?  Жамал: -   Әке қарғысы -оқ. Әлде, әкемді тыңдап батасын алсам ба екен? Бірақ Жұманды сүймеймін ғой. Ал, Ғалиға ғашықпын. Оқыған, болашағы зор жігіт. Тұрмысқа шықсам қор болмаймын. Е, Жаратқан ием жар болшы!

Сәрсенбай: - Жә, Сәрсенбай жетер енді. Бір шешімге кел. Қатынды тыңдасаң көмусіз қаласың.  Жамалжанды Жұманға қосамын. Осы ойым дұрыс. Болды.

10- көрініс.

Сәрсенбай үйі. Таң бозарып атып келеді. Ұйықтап жатқан адамдар. Қалампыр бәйбіше есінеп, керіліп оянады. Кенет қасында жатқан Жамалдың жоқ екенін байқап қалады. Керегі басына ілінген киімдері де, етігі де жоқ екенін аңғарады да «Ойбайға» басады.

Қалампыр: - Ойбай, Сәрсенбай, сорлы Сәрсенбай тұр, тұр (Жұлқылап). Бізді қара басты Ойебай!

Сәрсенбай: - Не болды, не болды? (көзі - басын уқалап)

Қалампыр: - Әй не болғанын не сенің, қызын қашып кетіпті. Қарасайшы кереге басына.  Бір киімі де жоқ. Енді қайттің сорлы ау! Байжанға адам шаптыр.

Сахнада дабыл қағылып, қым-қуыт басталады. Ашулы Жұман, даурыққан адамдар, ауылнай,  Ғалидың досын тұтқынға алған әскерилер  т.б.

ІІІ АКТ

11- көрініс.

Қаладағы Фатихолла байдың үйі.  Жамал үйде отыр.

Ноғайша киінген Ғали жол дорбасын асынып, күркілдеп жөтеліп кіреді.

- Біз жеңдік, теңдікке жеттің Жамал, Сүйінші.. !

- О,о,о! қане оқышы дауыстап, бұл не қағаз?

-Бұл қаладағы крестянский начальниктің бұйрығы Жамал, тыңдашы!

«Жамал Сәрсенбайқызына ешкім қиянат, жәбір қылмасын! Сүйген күйеуіне баруға ѳзіне ерік берілді. Қалыңмал хақында дау болса, волостной съезд жауапты».

Ғали қолындағы қағазды зорға оқып шығады. Екеуі қатты қуанады.

Кенет Жамалдың түсі бұзылып мұңайып қалады.

- Не ойлап кеттің Жамалжан! не болды?

- Бәрі де жақсы ғой, Ғали, бірақ..!

- Не бірақ…?

- Біз ата-анамыздың ақ батасын алмадық. Ат атандырып, сүйек сындырдық. Сол ағаттық көңілімнен кетпей жүр.

- О, тәйірі-ай! Жамал, оқыған адамдар ешқашан ырым-сенімге сенбейді. Болашаққа сенеді.  Міне, мен саған қандай керемет сыйлық әкелдім. Көзіңді жұм. Қазір кереметтін куәсі боласың!

Ғали қалтасынан калейдоскоп алып шығады. Жамалдың көзіне тосады.

- Ал, енді көзіңді аша ғой.

- О,о ғажап! Гүл жайнаған әлем. Далада қыс, мұнда жаз. Бұл не сиқыр ?

- Бұл сиқыр емес. Бұл - калейдоскоп. Кәдімгі шыныдан жасалады екен. Мен бәрін біліп алдым. Саған өз қолыммен жасап беремін, Жамал. Менің аспанға ғашық адам екенімді білесің ғой. Шіркін-ай, айдың ар жағынан сөйлесетін сымсыз телефонды ойлап шығарсам ғой.

Ғали дорбасынан шынылардың  сынығын шығара бастайды.

  •  - Бұл шыныларды қайдан таптың? Қандай әдемі шынылар!
  •  - Қаланың сыртындағы шыны зауытына барып, шашылған сынықтарын

теріп алдым. Бүгінгі күннің суығын-ай! Жинап біткенше тіс-тісіме тимей, сүйектерім сырқырап кетті. Дәрінің күшін сезбей тұрмын.

Шолпан дастарханға шәй әкеліп, Ғалиға қызметін жасайды.

  •  - Ғалижан, күннің суығын біле тұра, жеңіл киініп шыққаның қалай, бас

киімде кимепсің! Анам аяғынды жылы ұста, аурудың бәрі табаннан өткен суықтан басталады - деуші еді.

  •  - Адам суықтан өлмейді. Ұлы жазушы Лев Толстойдың бір кейіпкері

бақшасында борбайына жапырақ байлап, жалаңаяқ жүреді екен. Қара жер адамға күш қуат береді. Біз құдайға емес ғылымға, табиғатқа жақын болуымыз керек.

Дастарханда Ғали шайына шашалып, күркілдеп жөтеледі.

  •  - Жаратушы бір Алла. Алланың қалауы болады. Оқудың түбіне жете

алмассың. Бір сәт өзіңді ойлап, денсаулығынды дұрысташы Ғали.

  •  - Ғылым үшін жаным садаға! Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды

сақтасақ та, дүниеде сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Егер мен олай-бұлай боп кетсем, осы қалада оқу оқы, жұмыс істе.

  • Қайдағыны айтпашы, жамандықты шақырмашы Ғалижан! Өлсек бірге өлеміз ....

Сахнаны қараңғы түнек басады. Азалы музыка ойнайды.

12- көрініс.

Сахнада қара жамылған Жамал мен Шолпан.

Жамал:- Дүниеде бірге рақат ғұмыр ѳткеремін, Ғали тұрғанда еш жаманға қор болмаймын дегенім тәкаппарлық екен. Алла қабыл етпеді, үмітім кесілді, Апа!

Шолпан:- Он сегіз мың ғаламды Жаратушы Алланың  өзі адамды пұлсыз беріп,

құнсыз алады құлыным Міне, қырық күн өтті. Күндіз -түні жылауда, көзің бұлауда жүр жаным. Енді жасынды сүрт, басыңды көтер қызым. Өлмек артынан өлмек жоқ.

Жамал:- Мен сорлы опасыз дүниеде қонақтай алмай адасып қалдым. Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным, апаааа!

Шолпан:- Жаныңда мен бармын ғой. Өмірің алда, басың жас. Келешегіңді ойла енді қызым. Мен сені үйге алып қайтамын. Ішке сыйған балам, сыртқа да сыяды.

Жамал:- Әкем қайтер екен,бұл қорлыққа көнбейтін шығар. Қалампыр шешем ше?

Шолпан:- Әкеңді өзім көндіремін. Қорықпа қызым. Әкең ескіліктің адамы болса да, орыстан өлердей қорқады. Сенің әлгі қағазың бар ғой.. кім әлгі нашандік берген ..

Жамал:- Крестянский начальниктің бұйрығы ма?

Шолпан:- Иә, сол қағазың тұрғанда ешкімнен де қорықпа қызым..

Жамал:- Жооқ апа, мен қалада қаламын. Біреудің ауласын сыпырсамда тамағымды тауып жермін. Елге баруға бет жоқ...

Шолпан:- Қой қызым, Қаланың салты да басқа ғой. Маңдайыннан сипайтын жанашыр жан жоқ. Оның үстіне оқып тауысқан білімін де, меңгерген кәсібің де жоқ. Қайтіп күн көрмексің!

Жамал оңаша шығып ойланады.

-Иә, рас айтасың апа. Теңдік, Азаттық, Бостандық- бәрі өз басымда.

Бірақ, бақыттымын деп айта алмаймын. Дүниенің кеңдігінен не пайда? Тұрмыстың кілтін таба алмасам .....  Қаланың тілі де бөлек.. Параход, паравоз, пойыз, вагон, телефон, театр, телескоп, калейдоскоп, телеграф, пошта  не  ол?  Бірін де білмеймін ғой. Шынымен де қалада аштан өлермін...

Енді қайттім? Апамның айтқан ақылыңа көнейін бе?.. Иә, сөйтейін.... Әке-шеше перзентіне бұл фәниде-пана, бақида - шырақ емес пе?  «Ата-ананың ақылы - қазулы қара жолмен тең» деген. Ата-ананың разылығы-Алланың разылығы. Алланың разылығы үшін анама еріп кетейін....

13- көрініс.

Сахнада Сәрсенбай мен ашулы Қалампыр.

Қалампыр:- Шолпан Жамалды алып келемін деп қалаға кетті. Қызымнан келінім сорақы деген осы отағасы! Қай бетімен келеді екен а. Қайтып келген қыз жаман емес пе...?

Сәрсенбай:- Өййй, сенде бір... екі күн бойы зарлап шақшадай басымды шарадай қылдың ғой. Неғыл дейсің маған?

Қалампыр:- «Неғыл дейсің» дегеніне жол болсын отағасы. Олар сенің абыройынды титімдей де ойлап отырған жоқ, ойлаған да емес. Келтірме үйге. Жібер Жұманға...

Сәрсенбай:- Бәйбіше, сен мені сотталсын деп тұрғаннан саумысың! Жамалдың өз ықтияры болмаса қалай үстінен билік айтамын. Крестянский начальниктің бұйрығы Жамалдың қолында емес пе..?

Қалампыр:- Отағасы ау, қайдағы қағазды қайдан айтып тұрсың... абыройын

айрандай төгіліп жатқанда.. ел-жұрт сенің қағазыңды қайтсін. Екі бетін шымшып, артын ашып күлгелі тұрған жоқ па?

Сәрсенбай:- Жәәә, жетер енді. Сен жеңдің, мен көндім. Жалғыз қыздың жағдайын ойлаймын деп ел-жұртқа «Әй, кәпір!» болар жайым жоқ. Мен Байжанға адам жіберемін. Жұман келіп Жамалды алып кетсін! ...

14- көрініс.

Сахнада ашулы Жұман қамшысын білеп Жамалға кіжініп тұр.

Жұман: - Оқығанның етегін ұстап кетіп едің, шыққан мүйізін қане? Әке -шешең өз қолымен босағама әкеп тастады. Көк тиын қадірің қалмады.  Көзіңе көк шыбын үймелетемін әлі саған!

Жамал: - Мені әкем де,  шешем де қуған жоқ. Ата жолы деп өзім келдім. Бір қатемді бетіме баса бермеші Жұман құдай үшін!.

Жұман: - Біріншіден сен мені бұдан бұлай Жұман деп айтушы болма. Екіншіден, ата жолын ойласаң қара бет боп  қашар ма едің қалаға. Біле білсең, орысша оқыған адам дәстүр түгiлі, өзiнiң кiм екенiн бiлмейді. Сен сондай кәпірмен қосылып, еркектік ар-намысымды таптадың салдақы неме!

Жамал: - Мен саған келгелі көзімнен жас, төбемнен тоқпақ кетпеді. Отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым. Жүрегің тас болмаса жібитін кезі болды ғой. Осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығамын деп келдім ғой ... .!

Жұман : - Қап, мынаның арсыздығын-ай! Кімді ақымақ қылмақсың сен -ей. Бері қара. Сен, иә сен! Қолыңнан түк келмей, қалада күніңді көре алмайтын болған соң амалсыз келіп отырсың. Әйтпесе, құйрығын ұстатпай кететіннің бірі сенсің. Сені, мына сені аттың құйрығыңа байласам да обал жоқ!

Жамал: - Мені ѳлтіретін болсаң біржола ѳлтір, әйтпесе ѳзі күйіп жүрген жанымды күйдірме?

Жұман: - Я, сенің сүйіп болған байыңның күйігі басылмай жүр екен ғой, мен сенің күйігіңді басайын – деп  Жамалды қуалап соға бастайды.

Жамал сахнадан қашып кетіп, жалғыз  қайта оралады. Киімі жыртылған.

Жамал (сандырақтап): - Бұл өмірден еш мән қалмады. Ғалисыз өмір сүре алмаймын. Қайдасың жаным Ғали!? Шамшырақ, Ғали жаққан ғылымның шамшырағы мені шақырып тұр. (Қараңғы түн. Долы боран дауысы).

15- көрініс.

Мұғалім сахнаға шығады.

  • Жамал айдалада адасып, үсіп өлді. Өмірі алда еді. Ол - Жұманнан қорлық

көретінін жақсы білсе де, тұрмысқа шықты. Бармаймын десе де өз еркі еді. Қаладағы крестянский начальниктің “Жамалдың басыңа еркіндік берілсін!” деген бұйрығы қолында болатын. Бірақ, Жамал өзіңе берілген теңдікті тәрк етті.

Неге? Себебі, Жамал жаңа өмірге дайын емес еді. Қала тұрмысынан қатты қорықты. Егер Жамал жаңарған заманның сырын ұғып, техниканың тілін білгенде Жұманға құдай күнін қаратпаушы еді ғой. Бір кісінің тізгіні біреуде болып, еркі болмау қандай кемшілік болса, бір тайпа жұрттың өз еркі өзінде болмауы өзіңде болмауы  онан мың есе жаман.

Сонымен, Жамал ескіліктің де, теңсіздіктің де құрбаны емес. Жамал - фунционалдық сауатсыздықтың құрбаны болды. Ел болам десең балаңды оқыт қазақ. Аянба! («Оян қазақ» өлеңін оқиды).

Пьесаның соңы.

Болат Байқас

Abai.kz

0 пікір