Елімізге 87 елдің азаматы визасыз кіре алады

Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз, тағы 107 елдің тұрғындары электронды визамен кіре алады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
"Жазғы маусым қарсаңында туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығы ең маңызды мәселе болып отыр. Туристің жолы әуежайдан басталып, қонақ үй, мейрамхана мен туристік нысандарға дейін жалғасады. Осы аралықта әрбір кезеңде қолайлы жағдай жасалу қажет. Соңғы жылдары Қазақстан шетелдік туристер үшін анағұрлым ашық елге айналды. Бүгінде 87 елдің азаматы Қазақстанға визасыз, тағы 107 елдің азаматы электронды визамен кіре алады", - деді министр.
Ербол Мырзабосынов әуе қатынасы кеңейіп жатқанын айтты.
"Ашық аспан" саясатының арқасында өткен жылы 22 жаңа маршрут іске қосылды. Биыл тағы 32 маршрут жоспарланып отыр. 2024 жылы елге 15,3 миллион шетелден келген. Сондай-ақ, 10 миллионнан астам ішкі турист ел ішінде саяхаттаған", - деді ведомство басшысы.
Abai.kz