Жұма, 13 Маусым 2025
Күбіртке 732 0 пікір 12 Маусым, 2025 сағат 12:55

Ераға, бұл – жаңа узурпация!

Коллаж: Abai.kz

Депутат Ермұрат Бапиға хат

Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әйтсе де БҰҰ-ның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі мүлдем өзгерген жоқ. 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасалуға тиіс...»,-деді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзді жай жиналыста айтқан жоқ,  Астанада өткен AIF-2025 халықаралық форумында, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Муннің алдында айтты.

Бұл туралы сәл кейінірек.

Естеріңізде болса, өткен жылдың наузыз айында менің «Қазақстан – узурпацияланған мемлекет!» атты мақалам жарық көрді.

Аталған мақаланы Еліміздің үш бірдей үлкен газеті және Abai.kz сайты қатарынан жариялады.

Жасыратыны жоқ, мен бұл мақала журналистер қауымы мен депутаттардың назарын аударады, сөйтіп ондағы айтылған мәселе Парламенттің кезекті бір күн тәртібіндегі тақырыбына айналады деген зор сенімде болдым.

Өкінішке орай, бұл мақалаға ешкім назар аударған жоқ!

Бірақ, Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин осыдан тура үш жыл бұрын Өзі бас болып жобасын жасаған «Саяси реформа» туралы: «Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың аралас жүйесі енгізілді, әйелдер мен жастарға 30% квота белгіленді, партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Президент өкілеттігінің жеті жылдық бір ғана мерзіммен шектелуі маңызды жаңалықтың бірі болды. Конституциялық Сот құрылып, адам құқықтарын қорғау тәсілдері күшейтілді. Ата заңға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген норма енгізілді. «Ұлттық қор – балаларға»  жобасы осы ереженің іс жүзіндегі нақты көрінісіне айналды. Оған сәйкес Қазақстандағы барлық баланың есепшотына Ұлттық қор табысынан қаржы аударыла бастады. Конституциялық реформа Қазақстанда мүлде жаңа саяси жағдай қалыптастырумен қатар, бүкіл аймағымыз үшін жаңа үрдіске жол ашты...» деп, тынбай дәріптесе, мен Қазақстанның узурпацияланған мемлекет екенін одан екі, тіпті үш есе артық дәлелдеумен келемін.

Уикипедияда  узурпацияға «заңсыз үкімет билігін басып алу немесе басқаның құқын иемдену» деген анықтама беріліпті.

Ал, жақында, әлеуметтік желідегі жеке парақшамда осы тақырыпта жазған кезекті бір жазбама, құрметті Ермұрат аға, «комментарий» қалдырып, «Ауыт, «узурпация», «узурпациялау» (узурпирование) деген сөз мемлекеттік саяси билікті, басқаруды басып алу, тартып алу дегенді білдіреді. Шамасы, сен осы терминді дұрыс қолданып жүрген жоқсың. Себебі, бұл сөздің қолданыстағы классикалық түсінігі бойынша, тек саяси биліктің басшысы, яғни біздің жағдайда президент қана билікті узурпация жасай алады...», -деген пікір пікір айтыпсыз.

Сіздің осы сөзіңіз менің осы мақаланы жазуыма, Қазақстанның узурпацияланған мемлекет екеніне тағы бір мәрте айналып соғуыма түрткі болды.

Бұл жерде басын ашып айтайын, біріншіден, құрметті Ермұрат  Сейітқазыұлы, дәл қазір Сіз сол Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов жағынан «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңы арқылы узурпациялап алған мемлекеттің Парламентінің Мәжілісінің төрінде отырсыз.

Екіншіден, Ермұрат аға, сіздің айтып отырған уәжіңіз өте дұрыс!

Қос қолымды кеудеме қойып келісемін, «...тек саяси биліктің басшысы, яғни біздің жағдайда президент қана билікті узурпация жасай алады...» деген бұл –узрупацияның, Ераға, Өзіңіз айтқандай, ескі классикалық түрі екені рас. Бірақ, әбден тізесі шығып ескірген формасы.

Дүние бір қалыпта тұрмайды. Үнемі өзгеріп, түрленіп отырады.

Мен мақаламды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі туралы айтқан сөзімен текке бастаған жоқпын.

«80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп...», -депті, Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Демек, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің құрлымы да ескірген. Ол бүгінгі күннің талабына жауап бере алмай отыр.

Сол секілді, узрупацияның, Ераға, Өзіңіз айтып отырған классикалық үлгісінің де баяғыда тозығы жеткен. Тіпті, қолданыстан шығып қалған. Анау «мемлекеттік саяси билікті, басқаруды басып алу, тартып алу» дегендеріңізәбден «модыдан» қалған және аса қауіпті тәсіл. Қазіргі таңда ондай қатерлі жолмен ешкім де жүрмейді...

Сондықтан, ана екі қу – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов біздің «Жаңа Қазақстан» дегеніміз секілді, узурпацияның да жаңа моделін – «жаңа узрупацияны» ойлап тапқан.

Ол – арнаулы заң арқылы ерекше құқықтар мен құзыреттер берілген қоғамдық бірлестік немесе коммерциялық емес ұйым арқылы мемлекетті «көмескі» жолмен басқару.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – Қазақстандағы көжедей көп қоғамдық бірлестіктердің немесе коммерциялық емес ұйымдардың тек біреуі ғана.

Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге қарағанда, мұндай мемлекеттік емес ұйымнан елімізде 23 000-нан астамы тіркелген.

Олардың қызметін реттеп отыратын «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» арнай қабылданған заң бар.

Бірақ, соның ішінде тек Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғана «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» арнайы заңы арқылы ерекше құзыреттерге ие болып, оның міндеттері мен функциялары сол заңмен арнаулы бекітіліп берілген.

Ал, енді бұл палатаның араласпайтын саласы жоқ!

Аталған Заң арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметімен, мемлекеттік органдармен, қауымдастықтармен (одақтармен), ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайтын етіп, міндеттері мен функцияларын тастай қып бекітіп алған.

Оның филлиалдары облыстардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аудандарында ғана емес, шет мемлекеттердің аумағында да жұмыс істейді.

2014 жылғы бірінші қаңтардан бастап, манағы 23 000-нан астам қоғамдық бірлестіктің немесе коммерциялық емес ұйымның ішінен жалғыз «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғана осы заң арқылы өз үстемдігін жүргізіп келеді.

Ал, оны кімнің басқарып келгенін жұрттың бәрі біледі...

Мен барлық заңдардағы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қатысты нормаларды тізбелеп, сөзді ұзартпай-ақ, тек екі-үш заңға ғана тоқталайын.

Өзіңіз жақсы білесіз, Қазақстандағы заң атаулыны әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және оларды жариялау тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін – ол – «Құқықтық актілер туралы» заң.

Ендеше, сол «Құқықтық актілер туралы» заңға сай, Орталық мемлекеттік орган, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, заң жобасын дайындауды өзіне ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе оны дайындауға шарттық негізде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне, ғылыми мекемелерге, өзге де ұйымдарға, жекелеген ғалымдар мен ұжымдарға, оның ішінде шетелдіктерге, тиісті салалардағы сарапшыларға бөлінген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, тапсырыс бере алады екен (17-1-бап).

Байқадыңыз ба, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аталған заңның қайсы жерінде қандай орында, қандай функция атқаратынын?! Бұны – «1» деп қойыңыз!

Ең сұмдығы мынау – аталған «Құқықтық актілер туралы» заңға сай, кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын консультативтік құжат Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес құрылған жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша сараптама кеңестерімен (бұдан әрі – сараптама кеңестері) міндетті түрде талқылауға жатады екен.

Осыдан кейін Сіз Ұлттық кәсіпкерлер палатасынсыз заң қабылдатып көріңіз!

Көрдіңіз бе, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты құқықтық актілер, нақтылап айтсақ, заңдар түгелімен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының талқылауынсыз өтпейді!

Кезінде әріптесіңіз Қазыбек Иса Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бапты қайта енгізе алмай, «Мемлекеттік тілдің обалы - ҚР Үкіметінде (премьер-министр Асқар Мамин), Ұлттық экономика министрлігі (министр Әсет Ерғалиев) және «Атамекен» ұлттық палатасында (төраға Тимур Құлыбаев)» деп, зарлап қалып еді ғой.

О, сол Қазыбек көкемнің керемет ұсынысын жалпасынан түсірген – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Құқықтық актілер туралы» заңымен бекітілген тұп-тура осы құзыреті болатын!

Демек, сол Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сараптама орталығының «сараптауынан» өткен Заң жобаларын осыған дейін екі палатаның депутаттары бір ауыздан қолдап, оны Парламент ноториус ретінде бекітіп отырды ғой!

Бәрін реттеп, жөнге салып отыратын Конституция – мемлекеттің МИЫ болса, жоғарыда аталған «Кәсіпкерлік Кодекс» – ЖҮРЕГІ болып есептеледі.

Мемлекеттің қолқа-жүрегі болып табылатын сол «Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне» сол 23 000-нан астам қоғамдық бірлестіктің немесе коммерциялық емес ұйымның ішінен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғана жалғыз өзі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің норма шығарушылыққа қатысатын құзыретін иемденіп алған (19-бап).

Сөйтіп, аталған Кәсіпкерлік Кодекстің 19-бабы арқылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері (бұдан әрі – сараптама кеңестері) арқылы, кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды әзірлеуге және оларға сараптама жасауға жалғыз өзі ғана қатысады.

Нақтылап айтсақ, кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік және халқаралық жобалардың бәрі басыбүтін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жасалады.

Ол аз десеңіз, кәсіпкерлік субъектілерінің, нақтырағы - Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қармағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерінің өз қызметіне әлеуметтік жауапкершілікті ендіруіне мемлекет кепілдік береді және оны көтермелейді (20-бап).

Қысқасы, қаржысын шығарып, кепілдік беретін – мемлекет, ал оның қызығын көретін – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Ол аз десеңіз, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңына сай, Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісім шарттарының орындалуын мониторингтеуді, сондай-ақ оның қорытындыларын интернет-ресурстарда жариялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көмірсутектер, уран өндіру және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, электрондық сатып алу жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың ұсынатын мәліметтері негізінде жүзеге асырады (28-1-бап).

Ал, Тимур Құлыбаевтың «Ұлттық олимпиада комитеті» секілді тағы бір қоғамдық бірлестік құрып алып, «Дене шынықтыру және спорт туралы» туралы заңына сай, оған «Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырмалар алуға құқылы» деген ерекше ҚҰҚЫҚ алып алғаны, сөйтіп бүтін бір немесе жарты министрлікті қуыршаққа айналдырып қойғаны секілді «ұсақ-түйектерді» тізбелеп, жұрттың басын қатырмай-ақ қояйын...

Ардақты Ераға – Ермұрат Сейітқазыұлы!

Айтыңызшы, шағын ғана топ жай ғана қатардағы қоғамдық бірлестік немесе коммерциялық емес ұйым арқылы кәсіпкерліктен бастап, Қазыбек көкем көтерген көрнекі ақпарат мәселелеріне дейінгі бүкіл саланың құқықтық актілерін өз мүддесіне қызмет ететін етіп қабылдатуға және мемлекеттік бүкіл жобалар мен келісімдеріді өз мүддесіне тиімді етіп жасатуға ықпал ететін заңдық негізді қалыптастырып алса, сөйтіп аз ғана жылдың ішінде мемлекет байлығының елу пайызы 162-адамның қолына өтіп кетсе, бұдан артық қандай узурпация болмақ?!

Ескі билік бұл кесепатты жасырып, «Назарбаев моделі» деген әдемі атпен үгіттеп келді.

Іс жүзінде, бұл – Тұңғыш Президент басында тұрып, жобасын Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов жасаған, және солардың тікелей ықпалымен Парламент бекіткен нағыз жаңа узурпациялау жүйесі болатын.

Көрдіңіз бе, Ераға, узурпацияның осындай да моделі болады екен!

Тағы қайталап айтам, Ераға, бұл – узурпацияның жаңа түрі!

Біз «Жаңа Қазақстан» құруды кеше – 2022 жылы ғана бастадық қой.

Ал, анау екеуі – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов «жаңа узурпацияны» сонау 2013-2014 жылдары бастап кеткен.

Депутат Ерлан Саиров айтқандай, алты жылдың ішінде бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы азаматтар өзінің саяси тетігінен айырылды. Қазір Тимур Құлыбаев биліктен кетіп, Кәрім Мәсімов түрмеге қамалып, олардың ықпалының айтарлықтай әлсірегені рас.

Соның арқасында, депутаттардың да бұрынғыдай емес, тебіні артып, үні шығып, алдына келген Заң жобаларына елеулі өзгертулер мен толықтырулар енгізіп жібермегенімен, өздері діттеген бірді-екілі нормаларды заңдастыра алатын деңгейге жеткенін жоққа шығаруға болмайды.

Депутаттар шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтарамыз деп жүргенде, жоғарыда айтылған заңдарға сүйеніп жасалған жобалар мен келісімдер арқылы сол активтерге барабар байлық мен ақшаның қолды болып жатқаны да өтірік емес...

Менше, лауазымнан босату – саяси тетігінен толық айырылғандық бола қоймасы анық.

Керісінше, олардың САЯСИ ТЕТІГІ өте мықты.

Себебі, олар құрып кеткен ЖҮЙЕ мұрты бұзылмаған күйі – сол беті тұр!

Ол – «Атамекен» ҚР ҰКП және «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң!

Өзіңіз айтып келе жатқандай, Құдай оның бетін ары қылсын, ескі билік өкілдері таққа қайта оралып жатса, осы заң арқылы сорымызды тағы қайнатары ап-анық!

Тіпті, ескі-жаңа билікке қатысы жоқ, үшінші біреу билікке келсе, ол да өз айналасындағы бір алпауыт арқылы осы заңмен мемлекетті тырп еткізбей ұстап, атқарушы билікті, заң шығарушы және құқық қорғау органдарын және қуыршаққа айналдырып қоймасына кім кепіл?!

Құрметті Ермұрат Сейітқазыұлы!

Сондықтан, мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жойып, қолданыстағы барлық заңды Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан залалсыздандыру керек деп есептеймін.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң мен анау мен атаған нормалар тұрғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясындағы «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норма өз деңгейінде орындалады дегенге өз басым ешқашан сенбеймін!

Бұл заң мен нормалар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен жасаған есіл еңбекті селге кетіруде...

Қадірлі Ераға, бұл тек Сіздің ғана атыңызға жазылған хат емес, жалпы депутат атаулының бәріне арналған жанайқай!

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Нұртай Сабильянов, Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев, Марат Башимов, Ерболат Сатыбалдин, Қазыбек Иса, Мұрат Әбенов, Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан, Ерлан Саиров, Әділ Жұбанов, Елнұр Бейсембаев, Аманжол Әлтай, Асхат Аймағамбетов, Ринат Зайыт, Болат Керімбек, Анас Баққожаев, Жанарбек Әшімжанов, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбай  секілді табанының бүрі бар әріптестеріңізбен кеңесе отырып, бұл бастаманы Өзіңіздің бастауыңызды сұраймын!

Әйпесе, Өзіңіз депутат болғалы тынбай айтып келе жатқан қауіп пен қатердің ерте ме, кеш пе, жүзеге асып кетуі ғажап емес!

Тіпті, мұның арты, Құдай бетін ары қылсын, тағы да қантөгіске апарып соқтыруы әбден мүмкін!

Біз узурпация туралы ескі көзқараспен жүре берсек, қатты кешігеміз және ертең үлкен опық жейміз!

«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жоюға ықпал ете алсаңыз, бұл – ескі билікпен отыз жылға жуық күрескен Сіздің ғана емес, бүкіл «Жаңа Қазақстанның» Ұлы жеңісі болып, тарихқа алтын әріппен жазылып қалары хақ!

Құрметпен, Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

0 пікір