Енді ірі көлемдегі несие онлайн форматта берілмеуі мүмкін

Жақында сенаторлар қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заңға түзетулер енгізді.
Ұсынылған өзгерістер:
Осы заң арқылы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін банктер, микроқаржы және сақтандыру ұйымдары әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға қызмет көрсету стандарттарын енгізуге міндеттелмек.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге және халықтың әлеуметтік осал топтарына қарыздар бойынша кейінге қалдыруды ұсынуға тиіс.
Сондай-ақ қарыздарын мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбы жойылады.
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қарыз ала алмайды. Мұндай алдын алу шарасы армиядағы жарғылық емес қатынастарды одан әрі жоюды көздейді.
Енді ірі көлемде кепілсіз несиелер алуға жүгінген азаматтар бөлімшеге келіп, жеке қатысуы қажет. Кей жағдайда eGov порталы арқылы растау талап етіледі.
Банктер күдікті операцияларды тоқтату үшін көбірек өкілеттіктерге ие болады. Телефон алаяқтығымен күресуге де ерекше мән беріліп отыр. Бір адамға 10-нан аспайтын ұялы нөмірді тіркеуге рұқсат беру, сондай-ақ, арнайы жабдықты, мысалы, SIM-бокстарды лицензиясыз әкелуге және пайдалануға тыйым салу ұсынылды.
Осылайша, сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдап, оған бірқатар түзетулер енгізді:
Мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролар мерзімді әскери қызметке шақыруға қатысты ақпарат алмасуы тиіс.
Банк құпиясы мен микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізудің салдарын жою жөнінде шаралар қабылдау мерзімі нақтыланады.
Ұлттық банктің Антифрод-орталығының дерекқорларын ұялы байланыс операторларының базаларымен интеграциялау регламенттеледі: алмасуға жататын мәліметтердің тізбесі нақтыланады және алаяқтық белгілері бар қоңырау анықталған жағдайда ұялы байланыс операторларының іс-әрекеттері айқындалады.
Дереккөзі: Мың теңге телеграм арнасы
Abai.kz