«ОА – Қытай» саммиті: Қазақстанға Қытай төрағасы келді

Қазақ үшін география бұл – тағдыр. Қазақстан тарихта өзінің орналасқан географиялық орнының ерекшелігімен маңызды болса, Тәуелсіздіктен кейін аймақтағы ірі мемлекет ретінде халықаралық қатынастар жүйесінен ойып алған орнымен танымал мемлекетке айналды.
Қазақстан Республикасының кең байтақ аумағының Азия мен Еуропаны тұтастандырып жатуы, ондағы жер асты және жер үстіндегі ресурстардың молдығы дамыған мемлекеттерді қатты қызықтыратыны сөзсіз. Өйткені дамыған мемлекеттер тұрақты түрде дами түсу үшін мол энергетикалық ресурстарды қажет етеді.
Ал Қазақстан сияқты дамушы елдерге ең қажетті нәрсе, ол – инвестиция мен жаңа технология. Міне осындай өзара мұқтаждық Қазақстан мен алыс-жақын дамыған елдер арасын тез жақындастырды.
Бүгін Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин келді.
Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланады.
17 маусымда Астанада аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді.
Осы ретте біз бірқатар сандеректерді назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік:
* 2024 жылы екіжақты сауда көлемі 30 млрд долларға жеткен;
* Қазақстанның ҚХР-ға экспорты 15,8 млрд долларды құраған. Бұл қазақстандық тауарларға деген жоғары сұранысты және елдің Азия бағытындағы позициясын нығайтуды көрсетеді.
* 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда көлемі1,4 млрд долларға жетіп, 10,5%-ға ұлғайған. Оның 1,1 млрд доллары қазақстандық экспортқа тиесілі.
* Қазақстан жыл сайын 15-20 млн тонна астық өндіреді, ал қытайлық компаниялар қосылған құны жоғары өнім жасау үшін оны қайта өңдеуге белсенді инвестиция салады.
* Қытай Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді, жинақталған капитал салымдарының көлемі 26 млрд долларды құрайды.
* Бүгінгі күні 9,6 млрд доллар сомасына 12,8 мыңға жуық жұмыс орнын құрумен 63 бірлескен жоба іске асырылған. 14,6 млрд-қа тағы 59 жоба іске асырылу сатысында және 14,7 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Тақырыпқа тұздық: «Қытайдан Еуропаға құрлық тасымалының 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді», - дейді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Ал «Bloomberg» басылымы: «Си екі жыл бұрын Қытайдың Сиань қаласында бірінші «Қытай-Орталық Азия» саммитін өткізді. Си Цзиньпиннің он жылдан астам уақыт бұрын кең ауқымды инфрақұрылымдық бастамасын көтерген Қазақстандағы басты мақсаты - Қытай экономикасын АҚШ-пен ықтимал үзіліске дайындау», - деп жазады.
Abai.kz