Сейсенбі, 17 Маусым 2025
Жаңалықтар 157 0 пікір 17 Маусым, 2025 сағат 15:49

Орталық Азия елдері мен Қытай 17 млрд долларлық келісімге қол қойды

Сурет: Baq.kz тен алынды

 Бүгін Астанада өтіп жатқан «Қытай — Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысы аясында жалпы құны 17 миллиард АҚШ долларынан асатын 35-тен астам меморандумға қол қойылды.

Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басшысы Мұрат Қарымсақов мәлім етті. Оның айтуынша, келісімдер жасыл энергетика мен инфрақұрылымнан бастап логистика, сауда және жаңа хаб құру сияқты негізгі салаларды қамтиды.

— Бұл формат 2023 жылы Сиань қаласында бастау алды және оны Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасының көшбасшылары қолдады. Бірінші отырыс Сианьда өтті. Түстен кейін Мемлекет басшыларының қатысуымен саммит өтеді, біз іскерлік кеңестің екінші отырысын өткізіп жатырмыз. Іскерлік кеңеске Орталық Азия елдері мен Қытайдан 1000-нан астам қатысушы, яғни 6 мемлекеттің өкілдері келді. Отырыстың бағдарламасы өте мазмұнды, оның ішінде пленарлық отырыс, панельдік сессиялар, іскерлік кездесулер, кең көлемдегі көрмелер ұйымдастырылды. Аталған шаралардың қорытындысында келісімдер мен меморандумдарға қол қоюмен аяқталды, — деді М. Қарымсақов елордада өткен «Қытай — Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Айта кетсек, 2024 жылы Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда қарқыны 95 млрд АҚШ долларына жеткен және оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі болды. Осылайша, екіжақты сауда айналымы рекордтық 44 млрд долларға жеткен.

Abai.kz

 

 

0 пікір