«Қолөнер – халық руханиятының қайнар көзі»

Қазақтың «Өнер таусылмас қазына, жұтамас байлық» деген сөзі бар. Сол байлықтың бір тармағы – қолөнер. Бұл – ұлттың рухани болмысын, тарихи зердесін, танымын бойына сіңірген ерекше өнер түрі. Қолөнер – көзбен көріп, қолмен ұстайтын, жүрекпен сезілетін құндылық.
Сол құндылықты бүгінгі заманда да көздің қарашығындай сақтап келе жатқан азаматтар бар. Солардың бірі – Құмкөл ауылының төл перзенті, шебер, ұлттық мұраны ұлықтаушы – Кітатов Тоқтабек.

Сурет: Автор мұрағатынан алынды.
Тоқтабек аға – жай ғана шебер емес, бір әулеттің ғана емес, бүтін бір ауылдың рухани жүгін арқалап жүрген азамат. Ол ағашты өрнектеп, темірді көріктеп, атадан қалған өнерді бүгінгі ұрпаққа лайықтап жаңғыртып келеді. Шеберханасы шағын болғанымен, ішінен шыққан әрбір бұйым – үлкен еңбек пен жүрек жылуының жемісі.
Қазіргі таңда, Тоқтабек жасаған сандықтар, төсектер, орындықтар, басқа да жай жихаз бен тұтыну бұйымдары мен ұлттық нақыштағы сәндік заттар аудан көлемінде үлкен сұранысқа ие. Жергілікті тұрғындар оны «қолөнердің соңғы сардары» деп бағалайды. Әкеден мирас болған өнерді жалғап, оны кәсіпке айналдырған Тоқтабек – бүгінгі күннің үлгісі болуға әбден лайық тұлға.
Ол қолөнермен қатар, мал шаруашылығын да дөңгелетіп отыр. Екі саланы қатар алып жүріп, ауылдың экономикалық - мәдени дамуына шынайы үлес қосқан азамат.
Тоқтабек шебердің сөзінен үзінді:
– Қолөнер – ұлттың жаны. Әр жасаған дүнием – ата-бабадан қалған аманатқа деген адалдық. Бұл тек ағаш жону немесе ою-өрнек салу емес. Бұл – тарихпен тілдесу. Кейде бір сандықты жасауға нешеме күндер мен түндер кетеді, бірақ, соның әрбір шегесі – жүректен шыққан бір тамшы еңбек. ...Шәкірт тәрбиелеу – ендігі арманым.
«Ауыл» партиясы қолөнерді қолдауды ұлттық саясаттың маңызды бағыттарының бірі деп біледі.
Ұлттық дәстүр – рухани тірек
Біз ата-бабадан қалған дәстүрлердің ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызын жақсы түсінеміз. Қолөнер – сол дәстүрдің көрінісі. Ұлттық сананы сақтауда дәстүр мен мәдениетті үйлестіріп, ұрпаққа жеткізу – біздің басты ұстанымымыз.
Мәдени мұра – келешекке аманат
Қазақтың мәдениетіне тән әрбір элемент – баға жетпес байлық. Оны сақтау, насихаттау және жаңа форматта ұсыну – уақыт талабы. Қолөнерді тек мұра емес, қазіргі нарыққа бейімделген кәсіп көзіне айналдыру – мақсатымыз.
Ауыл кәсіпкері – ауыл тірегі
Біз ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – ауылдың әлеуметтік тұрақтылығы мен мәдени серпілісінің негізі деп білеміз. Бұл тұрғыда, Тоқтабек «шебер» сынды азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың еңбегін елдік деңгейде таныту – «Ауыл» партиясының басты міндеттерінің бірі.
«Бір ауыл – бір өнім» қағидатын нақты жүзеге асыру – әр өңірдің өзіндік брендіне айналатын өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Құмкөлдегі Тоқтабек шебердің бұйымдары – соның дәлелі. Ол ауыл брендіне, рухани нышанға айналып отыр.
Қорытынды:
Қолөнер – тозбайтын өнер. Оны ұлықтаған адам – ұлтқа қызмет еткенмен тең. Тоқтабек қатарлы азаматтар ауыл рухын сақтап отырған ең негізгі тірек тұлғалар себінде... Біз оларды қолдап, олардың еңбегін кеңінен насихаттап, ұлттық брендке айналдыруымыз қажет. Өйткені ұлттың күші – руханиятта, ал, руханияттың бастауы – халықтың төл өнері – Қолөнерде!
Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы,
«Ауыл» партиясының өкілі
Abai.kz