Сейсенбі, 24 Маусым 2025
Ақмылтық 171 0 пікір 24 Маусым, 2025 сағат 13:41

Ардебильден жеткен хат

Сурет: Талғат Теменовтың Facebook парақшасынан алынды.

Бүгін таңертең Ирандағы Ардебиль қаласынан актриса Сая Аббаспур жазыпты, суреттерін де жіберген екен... 2018 жылы Ақтаудағы Халықаралық фестивальде танысқанбыз. "Сен менің қолымнан ұстағансың..." спектаклін көрсеткен. Басты рөлде Сая Аббаспур ойнады. Оның сахнадағы ойыны, пластикасы, үні, қозғалысы, көзқарасы әлі есімде... Талантты да көрікті актриса.

С.Есенин жырлайтын нағыз "Шаганэ, ты моя Шаганэ".

Мен Иранның фильмдерін білгенмен, театр өнерінен хабарым жоқ-ты... Баяғыда кинофестивальге барғанымда Тегеран, Исфахан сияқты үлкен тарихи қалаларын көргенмен, Ардебильге барған емеспіз. Иранның солтүстігінде орналасқан бұл қала — Саблан, Талеш, Бозғұш тауларының етегінде. Қала шейх Сефи ад- Дин Ардебильдің атымен аталған. Севефид мемлекетінің іргесін қалаған шах 1334 жылы осы жерде қайтыс болған соң қала осылай аталған. ЮНЕСКО-ға кіретін оның мавзолейі әлі күнге сақталған. Ардебильде қазір 600 мыңға жуық халық тұрады. Басым көпшілігі шииттер. Театрлар мемлекет қарауында.

Бүгін сол Иранда тұратын актриса Сая Аббаспурдың маған жазған хатын бөлісуді жөн көрдім.

Саяның хатын сол қалпында салып отырмын:

— Талғат аға! Қалайсыз?..

...Қазір Иранда соғыс жүріп жатыр, елдің жағдайы өте ауыр. Біз бәріміз

қорқыныш пен белгісіздікте өмір сүріп отырмыз. Бүгін тіріміз, өмір сүріп жатырмыз, бірақ ертең не болатыны белгісіз — аман қаламыз ба, жоқ па, ешкім білмейді. Енді біздің жанымызға ештеңе қуаныш әкелмейді, тіпті театр да мәнсіз болып қалды. Интернет жиі өшіріледі. Халық бір қаладан екінші қалаға үдере көшуде. Бағалар күн санап шарықтап барады. Иран халқының өмірі қауіпке толы. Біз үшін, Иран үшін дұға етіңіздер...

Мені ұмытпағандарыңыз үшін көп рахмет! Соғыс біткен соң сіздерге жақсы театрмен келеміз деп үміттенемін. Мен сіздерді жиі ойлаймын... Мен Қазақстанмен және сіздермен болған естеліктерімді ешқашан ұмытпаймын. Олар менің өмірімдегі ең жақсы күндер...

Көрерменді өнерімен, көркімен, көркем мінезімен, ақыл-парасатымен баураған Сая сұлу қып-қызыл өрттің ішінде жүріп маған хат жолдағанына әрі қуандым, әрі қобалжыдым. Соғыс деген зұлмат аяқасты екен-ау... Бейбіт күннің қадірін осындайда ойлайсың... Ертеңге алаңдайсың... Оның бетін ары қылсын!..

Сая, аман болыңдар! Менің білетінім, соғыс тоқтайды. Бейбіт өмір қайта келеді. Күн мен Түндей Жақсылық пен Жамандық қатар жүреді. Және әлемді Мейірім мен Махаббат, өнер мен өлең құтқаратынына сенем. Өйткені, өнердің миссиясы — өмірді Жақсылық пен Суйіспеншілікті, арайлап атқан ақ таң мен жұлдызды аспанды жырлау... Сен сондай қызсың!..

Сая, біз сендерге Алладан тек, сабырлылық пен амандық тілейміз! Өзің айтқандай, дұғада боламыз...

Талғат Теменов

Abai.kz

0 пікір