Америкалық ата-аналар балаларын қалай ойнатады?

Бір күні кешкі аста қызым екі күннен кейін Клаудия есімді досымен бірге ойнағысы келетінін,бірақ ол үшін ата-аналар алдын ала хабарласып,келісуі керек екенін айтты.
Бірнеше сағаттан кейін Клаудияның әкесі телефон шалды. Есімі Жәк екен. Телефонның ар жағындағы дауыс өте сыпайы естіліп жатты. «Сізді мазалағаныма кешірім өтінемін. Ләйлә мен Клаудия бірге ойнауға келісіпті. Қызымыз үнемі өтініш айта берген соң,оның досының ата-анасы кім екен деп сізге хабарласып тұрмын. Біз қызымызды шешесі екеуіміз бірге ертіп шығып,бірге алып қайтамыз. Балаларымызды ойнату үшін арнайы уақыт жоспарлап,бірге боламыз» демесі бар ма?
Сөйтіп екі отбасы Арлиңтон қаласындағы Ashlawn мектебінің алдындағы саябақта кездестік. Балаларымызды жап-жасыл саябақтағы ойнау алаңына емін-еркін жібердік. Ал ата-аналар бір-бірімізбен танысып,әңгіме тиегін ағыттық. Жәктің өзі Италиядан екен,әйелі Мария Чехия тумасы болып шықты. Балаларының көп уақыты кітап оқумен және табиғат аясында сейілдеумен өтетінін айтты.
Олармен сөйлесе келе мен америкалық ата-аналардың балаларын қорғау үшін барын салатынын түсіндім.
Ол елде әр ата-ана баланың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға заң жүзінде міндетті. Егер ата-ана:
- Баласын қараусыз қалдырса,
- Зорлық-зомбылық көрсетсе немесе
- Негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етпесе онда бұл мемлекет тарапынан тексеріліп, кей жағдайда ата-аналық құқықтан айыруға дейін барады. Бұл – АҚШ-та баланың құқығы ата-анадан да жоғары саналады деген ұстанымның бір көрінісі екен.
Жәк пен Мария бізбен сөйлескен 1 жарым сағат ішінде Кешіріңіз деген сөзді шамамен 40 рет айтты. Сөйтсек,бұл олардың өміріне,тағдырына еніп кеткен сөз екен.
Журналист болған соң ба әйтеу тыныш тұрмай оларға сұрақ қоя бастадым. Әуелгі сұрағым ата-аналардың белсенділігі хақында болды. Жауабы мынадай:"Америкалық ата-аналар баланың мектебіндегі іс-шараларға (ата-аналар жиналысы, ерікті көмек, спорттық жарыстар) белсенді қатысады. Үй тапсырмасын орындауға, оқу процесіне көңіл бөлуге көмектеседі. Баланың хоббиін дамытуға (ән, музыка, спорт, өнер) жағдай жасауға тырысады.
Сонымен бірге,америкалықтар үшін балаға «Сен жақсысың», «Сен істей аласың» деп жиі қолдау көрсету — тәрбиенің маңызды бөлігі. Бұл олардың эмоциялық интеллектіні дамытуға бағытталғанын көрсетеді.
Жоспарлаған 2 сағат лезде өте шықты. Жәк пен Мария бізбен,Клаудия Ләйлә қызымызбен қоштасты. Сол екі сағат ішінде біз ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін сезінгендей болдық.
Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz