Дрондар дәуірі тудыратын қатерлерден қорғана білейік!

ҚР Премьер-министріне
ҚР Қорғаныс министріне!
Бүгінде ұшқышсыз ұшу аппараттары, яғни дрондар азаматтық секторда белсенді қолданылып, қарқынды кеңейіп келеді. Тауарлар тасымалдау мен әуе таксиі ретінде дамыту әлеуеті де жоғары. Сондықтан оның дамуын қолдау – заман талабы.
Бұл заманауи технология – нанотехнология, жасанды интеллект және инклюзивті қоғамды дамыту үдерісінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Алайда бұл құрылғының бейбіт мақсаттан тыс, қылмыстық бағытта қолданылу қаупі де жоқ емес.
Елестетіп көрейік, стадионда мыңдаған адам футбол ойынын не концерт тамашалап отыр. Сол сәтте шағын ғана «ойыншық» дрон әуеде қалықтап жүреді. Оның ішінде не барын ешкім білмейді. Қауіп сол – ол жай ғана ойыншық емес, қылмыскердің құралы болуы мүмкін.
Мұндай жағдайда адамдарды жедел эвакуациялау мүмкін емес, ал оның салдары орны толмас қайғыға әкелуі ықтимал. Осыған байланысты дрондар өндірісін, сақтау мен қолдануды қатаң түрде реттеу, оларды есепке алу және лицензиялау жүйесін жолға қою қажеттігі әбден пісіп жетілді.
Бүгінде көптеген елдер дронды басқа мақсатта қолданудың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, АҚШ-та Remote ID жүйесі жұмыс істейді. Онда салмағы 250 грамнан асатын кез келген дрон өзінің сериялық нөмірін, ұшу координатын және оператордың мәліметін жолдайды.
Сондай-ақ АҚШ билігі заңсыз дрондарды анықтауға және сертификатталған өндірісті ынталандыру бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттігін кеңейтуге күш салып отыр. Осындай шаралар, яғни дрондарға «қара жәшік» орнату, құрылғылардың бөлшектерін цифрлық таңбалау, өндірушілерді лицензиялау сияқты міндеттер Еуропалық одақ елдерінде, Ұлыбритания, Канада мен Австралияда да қабылдануда.
Қазақстанда да салмағы 250 грамнан асатын, камерасы немесе сенсоры бар дрондар міндетті түрде тіркелуі тиіс. Дрондарды қолдану бойынша да шектеулер бар. Бірақ бұл талаптар іс жүзінде толық орындалып жатқан жоқ. Кез келген ойыншық сататын, жаңа технологиялар дүкендерінен салмағы 15 келіге дейінгі дронды еш кедергісіз сатып алуға болады.
Ашығын айту керек, осы саладағы реттеу шаралары өзгермелі заман сұранысына толық көлемде сай келіп отырмағанын мойындаған жөн. Remote ID жүйесінің болмауы, шағын дрондардың бақылауға алынбауы, өндірушілер үшін лицензиялау талабының қойылмауы заңсыз өндіріс пен дрондарды қауіпті мақсатқа пайдалануға саңылау қалдырып отыр.
Жасанды интеллекті қолданудың кеңеюіне орай кез келген дронды адамның қатысуынсыз заңсыз әрекеттер жасауға, қылмыстық істерді жүзеге асыруға бағдарламалауға болады.
Қылмыстың алдын алу және ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дрондарды лицензиялау талабын күшейтіп, шағын ұшу аппаратын тіркеу аясын кеңейту маңызды. Сонымен қатар барлық дрондар үшін онлайн режимде жұмыс істейтін электрондық сәйкестендіру жүйесін енгізу мәселесін қарастыру керек.
Осыған орай тез арада мынадай нақты шараларды қабылдауды сұраймыз:
1. Салмағы 250 граммнан асатын барлық құрылғылар үшін Remote ID енгізу.
2. «Қара жәшіктерді» міндетті түрде енгізу арқылы ұшу тарихын есепке алу жүйесін кеңейту, сондай-ақ жасанды интеллект арқылы жасалған деректі беру және өңдеу.
3. Негізгі тораптарды міндетті түрде таңбалау талабымен дрон өндірушілерді лицензиялауды енгізу.
4. Дрондарды заңсыз құрастыру және бұқаралық шараларды құрал ретінде қолдану үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту керек.
Бұл уақытылы және жан-жақты шаралар туындауы мүмкін қайғылы оқиғалардың алдын алуға және азаматтарымыздың қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаттары атынан
Елнұр Бейсенбаев
Abai.kz