Дүйсенбі, 30 Маусым 2025
Білгенге маржан 263 0 пікір 30 Маусым, 2025 сағат 11:54

Қазіргі Қырғызстан – Ұлы жүздің жері ме?

Сурет: tazabek.kg сайтынан алынды.

Қырғыздар Алатауға қалай келді, қашан келді?

Мен, біраз жылдар ағайын қырғыз халқының, сонау Енисей аумағынан Алатау бөктеріне қалай келгендігін, сонымен қатар қандай жағдайда, көштің қанша уақытқа созылғандығын әртүрлі ғылыми әдебиеттерден, газет-журналдардан оқып жүріп, жинаған мағлұматтарымды сіздерге біліп жүрсін деп ұсынып отырмын.   

Қырғыз халқының тарихы – түркі әлеміндегі терең де күрделі тақырыптардың бірі. Қазіргі Қырғызстан аумағы – ежелден түркі тайпаларының, соның ішінде Ұлы жүзге енген қазақ руларымен тығыз байланыста болған тарихи мекен.

Қырғыздардың Енисейден Алатауға көшуі

Қырғыз халқының түп-тамыры Енисей бойында, қазіргі Хакасия аумағында жатыр. Б.з. І мыңжылдығында қырғыздар Енисей Қырғыздары деген атпен белгілі екен. Олар өз заманында қуатты этнос ретінде танылды.

Қырғыздардың Енисейден Тянь-Шань тауларына (Алатау өңіріне) қарай жаппай көшуі шамамен IX-X ғасырларда басталды. 840 жылы Енисей қырғыздары Ұйғыр қағанатын жеңіп, біраз уақыт бойы аймақта үстемдік жүргізді. Алайда кейіннен олардың билігі әлсіреп, қыпшақ және ойрат тайпаларының қысымымен оңтүстікке қарай ығысуға мәжбүр болды.

Қырғыздардың негізгі бөлігі қазіргі Қырғызстан аумағына XIII-XIV ғасырлар аралығында біртіндеп көшіп келді. Бұл кезең – Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының жорықтарымен тұспа-тұс келеді. Қырғыздардың оңтүстікке жылжуына, қыпшақ тайпаларының шапқыншылығы, климаттық өзгерістер, саяси тұрақсыздық себеп болды. Кейбір тарихшылар қырғыздардың Алатауға келуін Тимур дәуірімен де байланыстырады, өйткені ол Жетісу мен Ферғана алқабында этникалық топтардың орнын ауыстыру үдерісін күшейтті.

Қырғыздардың Алатауға көшуі бір мезетте болған жаппай көш дей алмаймыз, бірнеше ғасыр бойы созылған этномиграциялық үдеріс болды. Бұл көші-қон процесін нақты бір тұлға басқарды деу қиын, бірақ олардың ел ішіндегі аңыздары мен шежірелерінде кейбір көсемдердің аты сақталған. Мысалы, Алай қырғыздарының ішінде Ормон ханның, Жаңғарач бидің және басқа да ру басыларының есімдері айтылады.

Қырғыздар Алатауға мал шаруашылығына ыңғайлы жайылым іздеп, біртіндеп қоныс аударды. Олар Жетісу мен Ферғана аймағындағы қазақ, өзбек, қарақалпақ және басқа түркі халықтарымен араласып, тілдік және мәдени жақындыққа ие болды.

Қазіргі Қырғызстан – Ұлы жүздің жері ме?

Қазіргі Қырғызстан аумағы – тарихи тұрғыдан Жетісу өңіріне, дәлірек айтқанда, Ұлы жүздің мекені болған. Қазақ халқының үш жүзі ішінде Ұлы жүз – оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғызстанның солтүстік бөлігін мекендеген. Ұлы жүзге кіретін дулат, албан, суан, шапырашты, жалайыр, сіргелі сияқты рулар қазіргі Қырғызстан тұрған өлкеде қоныстанған. Тіпті кейбір қазақ рулары қазіргі Қырғызстан аумағында әлі күнге дейін өмір сүреді және олардың ұрпақтары әлі де сол жерде тұрады.

Осы себепті, тарихи шекара тұрғысынан қарағанда, қазіргі Қырғызстан аумағы, кезінде – Ұлы жүздің дәстүрлі жайылымдық жерлері болған. Алайда этникалық және саяси тұрғыдан бұл аймақ қырғыз халқының ұлттық территориясы ретінде ХХ ғасырдың басында ғана ресми түрде қалыптасты. 1924 жылы Кеңестік ұлттық-аумақтық межелеу кезінде Қырғыз автономиясы құрылып, қазіргі шекаралар бекітілді.

Қырғыздардың Енисейден Тянь-Шань тауына көшуі – біртіндеп, тарихи жағдайларға байланысты жүзеге асқан үлкен көші-қон үдерісі. Бұл қозғалыс IX ғасырдан басталып, XIII-XIV ғасырларда аяқталды. Қоныс аударудың басты себептері – саяси тұрақсыздық, табиғи жағдайлар мен сыртқы қысым болды деуге сияды. Ал қазіргі Қырғызстан аумағы тарихи тұрғыдан Ұлы жүздің жері саналғанымен, бүгінде ол – қырғыз халқының тарихи-мәдени отаны. Бұл екі халықтың тағдыры мен тарихы өзара тығыз байланыста алдағы уақытта да жалғаса береді – деп айталамыз.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір