Жаңа Салық кодексі: Не өзгерді?

Мәжіліс пен Сенат қарауынан өткен жаңа Салық кодексіне жақында Президент қол қоймақ. Ал жаңа Салық кодексінде не өзгерді?
ҚҚС (қосылған құн салығы) төлеушілер саны артады
Шулы болған қосылған құн салығы (ҚҚС) ақыры енгізілді. Енді бұл салықты төлеушілер қатары артады деп күтілуде. Бұрын жылдық айналымы 20 мың АЕК-тен (78,6 млн теңге) асатын кәсіпкерлер ғана ҚҚС төлесе, енді 10 мың АЕК-ке (39,3 млн теңге) жететін табысы барлар да осы санатқа енеді. Үкімет бұл өзгеріс арқылы бюджет тапшылығын жабуды көздеп отыр.
Қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 12-ден 16%-ға көтеріледі.
Жеке табыс салығы (ЖТС) прогрессивті болады: Көп табыс - көп салық форматы енгізіледі.
Жеке табыс салығы (ЖТС) енді прогрессивті жүйе бойынша есептеледі. Яғни табысы артқан сайын салық көлемі де өседі. Жылына 33 млн теңгеге дейін табыс табатындар үшін ставка 10% күйінде қалады. Ал бұл межеден асқандар үшін салық жоғарылайды.
Банктер мен ойын бизнесіне салық көбейеді, ауыл шаруашылығына азаяды.
Корпоративті табыс салығының (КТС) жалпы мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады. Алайда кейбір салалар үшін өзгереді:
- Казино, ойын автоматтары залы, тотализаторлар, букмекерлік кеңселер мен банктер үшін ставка 25% болады.
- Ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін КТС 10%-дан 3%-ға дейін төмендейді.
- Ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін ставка 6% мөлшерінде белгіленеді.
«Упрощенка» шектеулі болады: Салық режимдері қысқарады.
Қазіргі таңда елде 7 түрлі салық режимі бар. Жаңа Салық кодексі қабылданса, олардың саны 3-еуге дейін қысқарады:
- Өзін-өзі жұмыспен қамтитындар айына 1,17 млн теңгеге (300 АЕК) дейін табыс табатын болса, арнайы салық режимін (АСР) пайдалана алады. Бұл ретте ЖТС ставкасы – 0%, ал арнайы төлемдер бойынша – 4%.
- Жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР-ды жылдық табысы 600 мың АЕК (2,36 млрд теңге) болатын компаниялар қолдана алады.
-Жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР-ды жылдық табысы 600 мың АЕК (2,36 млрд теңге) болатын компаниялар қолданады.
Ал мына салық режимдері жойылады:
• Бөлшек салық;
• Патент негізіндегі АСР;
• Арнайы мобилді қосымша арқылы АСР;
• Тұрақты шегерімді қолдану арқылы АСР;
• Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кооперативтерге арналған АСР.
Сән-салтанат салығы енгізіледі.
Енді азаматтар қымбат көлік, ұшақ немесе кеме сатып алғаны үшін ғана емес, ел ішінде сатқан жағдайда да салық төлейді.
Құны 75 млн теңгеден асатын көлік үшін 10%-ға дейін салық салынады. Бағасы 100 млн теңгеден жоғары яхта мен жеке ұшақтарға да акциз салығы енгізіледі. 450 млн теңгеден жоғары бағаланатын жылжымайтын мүлікке 2% мөлшерінде мүлік салығы төленеді.
Айым Алмасқызы
Abai.kz