Дүйсенбі, 14 Шілде 2025
Әдебиет 480 0 пікір 14 Шілде, 2025 сағат 14:45

Баланың тілін, ойын ұстартар жаңылтпаш

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Бір ғана әріптен тұратын жаңылтпаштың көркемдік табиғаты

Өтепберген Ақыпбекұлы – қазақ балалар әдебиетінде ерекше із қалдырған үлкен ақын. Оның балаларға арналған тақпақтары, жұмбақтары мен жаңылтпаштары тәрбиелік мәнімен де, көркемдік қуатымен де құнды. Ақын поэзиясының поэтикалық табиғаты, әсіресе тіл ұстартудағы жаңылтпаштарынан айқын көрінеді. Солардың бірі – «Ешкімнің сүтін ешкім елемеді» жаңылтпашы.

Ең алдымен  «Ешкімнің сүтін ешкім елемеді» деген жаңылтпашына назар аударайық:

Ешкімнің сүтін –

Ешкім елемеді.

Ешкімнің сүті –

Ерекше бөлек еді.

 

Ешкімнің сүтін –

Ешкім елемесе,

Елемесін.

Ешкімнің сүтін –

Егіз лағы еме берсін.

Жаңылтпаштың негізгі көркемдік қуаты – дыбыстық қайталаулар мен үндестік заңдылығында. Бұл жаңылтпаш –  педагог ақын Өтепберген Ақыпбекұлы шығармашылығындағы ерекше лингвистикалық ойын үлгісі. Ол балалардың тілін жаттықтырумен қатар, ойлау қабілетін арттыруға бағытталған.

Енді осы шағын туындыны көркемдік және функционалдық тұрғыдан талдайық: бұл жаңылтпаштың басты ерекшелігі – бір ғана әріп («Е» әрпі) пен дыбыстық құрылымға негізделген ойын (Лингвистикалық ерекшелігі деуге де болады). Жаңылтпаш мәтініндегі қайталама дыбыстар (аллитерация): «Ешкім», «сүтін», «елемеді», «еме берсін» сөздеріндегі «Е», «С», «К» дыбыстары жиі қайталанып, баланың есте сақтау қабілетін арттырады. Сонымен қатар, балалардың сөйлеу артикуляциясын дамытатын дыбыс екпінін жаттықтыруға көмектеседі. Дыбыстардың үндестігі балалардың жаттау әрі тез есту қабілетін жетілдіріп, дұрыс айтуға машықтандырады.

Шығармадағы «Сүтін», «сүті», «елемеді», «елемесе», «елемесін», «еме берсін» сөздері морфологиялық тұрғыда әртүрлі жалғау түрлендіру арқылы тілдің икемділігін арттырып тұр (мұны грамматикалық ойын деп қабылдауға болады). Аллитерация (бір дыбыстың қайталануы) жаңылтпашқа әуезділік беріп, балалардың сөйлеу дағдыларын жетілдіретіні анық. Ал ассонанс (дауысты дыбыстар үндестігі) баланың дыбыстарды дұрыс есту қабілетін дамытады.

Шағын шығарманың үш әдістемелік жаңалығы барын көрсетейік:  1. лингвистикалық жаттығу (дыбысты анық айтуға үйретеді), 2. тәрбиелік мағына (табиғатпен байланыс, ауыл көрінісі), 3. күлкілі ойын (балалар үшін жеңіл және қызықты). Бұл тәсіл – балаларды ұлттық дүниетанымға жетелеудің нәзік көрінісі. Ауызекі ойынды құрайтын бұл жаңылтпашта балаларға төрт түлік ұғымы астыртын берілген. Лақтың енесін еме беруі – ауыл тұрмысынан алынған көрініс. Балалар ауыл өмірімен, жануарлар әлемімен танысып, табиғи тұрмыс көріністерін елестетеді.

«Ешкімнің сүтін ешкім елемеді» деген жолда сүттің бағаланбай жатқаны айтылады. Бұл балаға «Неге?» деген ой тастайтыны заңдылық.  «Ешкімнің сүтін ешкім елемеді» – табиғи құбылысты бейнелеу әрі баланың мінезін (бұртиуын) дөп басу.  «Егіз лағы еме берсін» – тіршіліктің заңдылығы, балаға табиғат пен тұрмыс сабақтастығын түсіндіру тәсілі.

Небәрі 2 шумақ,  4 жолдан тұратын осы жаңылтпаш формасындағы тақпақтың ырғақтық өрнегі жеңіл, музыкалық және көркемдік қуаты жоғары. Мысалы, ақын антитеза (қарсы қою) көркемдік құралын сәтті қолданған: «Ешкім елемеді» ↔ «Егіз лағы еме берсін» – бұл ойдағы қозғалыс (ешкімнің немқұрайлығы мен табиғи тіршілік) жаңылтпашқа динамика береді.  «Ешкімнің сүті ерекше бөлек еді» –  «ерекше бөлек» тіркесі асыра айтылған, бұл балаларға күлкілі әсер қалдырады (Гипербола).

Жалпы жаңылтпаштың балаларға әсері қандай? Біріншіден, дыбысты дұрыс айтуға үйретеді (Жаңылтпашты жылдам айту арқылы «Е», «С» дыбыстарының таза айтылуы қалыптасады), екіншіден, баланың зейінін дамытады (Бірдей дыбыстарды шатастырмай айту үшін баланың назары күшейеді), үшіншіден, тақпақ көңілді ойын ойнайды (Балалар үшін бұл ауызекі тілдік жарысқа айналады).

«Ешкімнің сүтін ешкім елемеді»  жаңылтпашы – тіл ұстартуға арналған әдістемелік-шығармашылық туынды. Ауыл тұрмысынан алынған фольклорлық бояуы бар тақпақ. Көркемдік, тәрбиелік және ой сергітуші ойынның үйлесімді үлгісі.

Баланың ойын, мінезін, болмысын жіті зерттеген Өтепберген Ақыпбекұлы құдды бір балабақшада я болмаса бастауыш мектепте қызмет атқарған тәжірибелі маманға ұқсайды. Оның балалар әдебиеті жанрларына арнап жазған қай шығармасы да ерекше оқылады. Бір сөзбен айтқанда, «Ешкімнің сүтін ешкім елемеді» жаңылтпашы – Өтепберген Ақыпбекұлы шығармашылығындағы көркемдік пен дидактикалық мүмкіндіктің үйлескен үлгісі. Ақын балаларға арналған әдебиеттің табиғатын терең меңгеріп, сөз арқылы тіл ұстартуды ғана емес, ұлттық рухты, табиғат заңдылықтарын көркем жеткізуді мақсат тұтқан. Бұл жаңылтпаш – ойын мен тәрбиені, тіл дамытуды бір арнаға тоғыстырған көркем поэзия үлгісі.

Елдос Тоқтарбай

Abai.kz

0 пікір