Үкімет есебі: Қазақстан экономикасы өсті ме?

Бүгін Қазақстан Үкіметі 2025 жылғы қаңтар-маусым айларындағы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу туралы есеп-қисап айтылды.
Сонымен Қазақстан Үкіметі не дейді? Үкімет есебіне көз жүгіртіңіздер:
Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 6,2%-ға өсті
Қазақстан экономикасы осы жылғы қаңтар-маусым айларының қорытындылары бойынша 6,2%-ға жетіп, оң өсімді көрсетуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.
Бұл қарқын алғашқы бес айға қарағанда 0,2%-ға жоғары және соңғы 14 жылдағы ЖІӨ өсуінің ең жоғары көрсеткіші болып саналады. Салыстыру үшін, өткен жылдың ұқсас кезеңінде өсім 3,2%-ды құрады.
Экономиканың нақты секторы +8% және қызмет көрсету саласы болды, ол 5,2%-ға өсті. Көлік (+22,7%) және құрылыс (+18,4%) салалары айтарлықтай үлес қосты. Сондай-ақ саудада жандану және тау-кен өнеркәсібінде тұрақты өсу байқалады (+8,4%).Өңдеу секторы 5,5%-ға, ал ауыл шаруашылығы 3,7%-ға өсті.
Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,3%-ға өсті. Өсім болашақ экономикасын қалыптастыратын салаларда байқалады: білім беру 3,5 есеге, қаржы және сақтандыру қызметі – 86,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі - 48,9%-ға, Денсаулық сақтау - 32,8%-ға және көлік - 16,2%-ға өсті.
Сонымен қатар, осы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша сыртқы сауда тауар айналымы $53,5 млрд-ты құрады. Экспорт $29,8 млрд-қа жетті, бұл ретте өңделген тауарларды шетелге сату $10,2 млрд-ты құрады. Импорт 2,2%-ға артып, $23,8 млрд-ты құрады.
Сонымен қатар көлік және сауда қызметтерін дамытуға астық тасымалдау көлемін ұлғайту енгізілді. Экспорт 35,2%-ға өсіп, 11,8 млн тонна астық пен ұнға жетті, ал 9 млн тонна астық – бұл соңғы 13 жылда тіркелген ең жоғары көлем. Негізгі бағыттары – Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Әзербайжан.
«Сыртқы сауданың жалпы төмендеуіне қарамастан, Қазақстан $6 млрд көлемінде оң сауда балансын сақтап отыр», — деді Серік Жұманғарин.
Қазақстанда қайта өңдеу, құрылыс және өндіру көлемі артты
Серік Жұманғариннің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 5,5%-ға өскен. Аталған өсімге машина жасаудағы өндірісті 11,1%-ға, тамақ өнімдерін – 10%-ға, мұнай өңдеу өнімдерін – 9,6%-ға, металл бұйымдарын – 14,6%-ға, құрылыс материалдарын – 8,6%-ға және химия өнеркәсібі өнімдерін – 7%-ға арттыру есебінен қол жеткізілді.
Жоғары өсу қарқынын тау-кен өнеркәсібі сақтап отыр (+8,4%). Бұл мұнай өндірудің 11,6%-ға және көмір өндірудің 11,7%-ға артуына байланысты. Сонымен қатар құрылыстың өсу қарқыны 18,4%-ға дейін жеделдеді. 7,9 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға артық.
Бюджет кірісі жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті
«Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджеттің кірісі 11,4 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118,8%. Бұл салық тәртібі мен Қазақстан экономикасының өсуінің нәтижесі», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бірінші жартыжылдықта «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша басым салаларды қаржыландыру көлемі 2,9 трлн теңгені құрады. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметінше, жыл соңына дейін оны 8 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«Бұл экономикаға қосымша өсім береді – шамамен 1,3 пайыз. Холдингті бюджеттен капиталдандыру екінші жартыжылдықта жалғасатын болады. Бұл біздің нақты сектордың мүмкіндіктерін кеңейтуге қосқан тікелей үлесіміз», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.
5 трлн теңгеге жуық қосымша түсімдерді жаңа салық жүйесі қамтамасыз етеді. Жаңа салық тетіктері бюджетке шамамен 3-5 трлн теңге қосымша түсім береді. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға және экономиканың өсуін ынталандыруда мемлекеттің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
2025 жылы шамамен $25 млрд тікелей инвестиция тарту жоспарлануда
Биыл шамамен $25 млрд тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарлануда. Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл үшін белсенді тәсіл қолданылады.
«Бизнес қажеттіліктеріне бағдарланған өңірлік инвестициялық бағдарламалар қалыптастырылды. Олар шетелде инвесторларды нысанаға алу үшін негіз болады. Fast Track немесе «жасыл дәліз» жүйесі бойынша экономиканың басым салаларында 134 инвестор мемлекеттік қызметтерді жедел алудан өтті», — деп атап өтті вице-премьер.
Тарифтердің жоспарлы өсуі төмендеу жағына қарай қайта қаралды
«Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты шеңберінде 2025 жылы реттелетін қызметтерге тарифтердің өсуі орта есеппен 14%-ды құрады. Бұл коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту үшін ресурс берді: жыл басынан бері ТКШ саласына 150 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталды, ал жыл соңына дейін салымдар көлемі 1 трлн теңгеден асады. Сонымен қатар халыққа жүктемені тежеу бойынша шаралар қабылдануда. Тарифтердің болжамды өсуі бұрын жоспарланған өсімдерді қайта қарау есебінен шектелген.
Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексі 50,6 тармақты құрады
Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында еліміздегі іскерлік белсенділік деңгейі туралы баяндады. Ол іскерлік белсенділік индексі маусым айының қорытындысы бойынша 50,6 тармақты құрағанын атап өтті.
«Бұл көрсеткіш он жетінші ай қатарынан оң аймақта қалыптасуда. Бизнес-климат индексі 11,6 тармақты құрады. Бизнес жүргізудің қазіргі және болашақтағы шарттары оң бағаланып отыр», — деді Тимур Сүлейменов.
Жыл басынан бері теңгенің бағамы 1%-ға нығайды
ҚР ҰБ Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында теңгенің айырбастау бағамының динамикасы туралы баяндады. Ол жыл басынан бері теңгенің бағамы бір доллар үшін 519,73 теңгеге дейін, яғни 1%-ға нығайғанын хабарлады.
Сыртқы факторлар бойынша әлемдік сауда соғыстарына байланысты нарықтағы құбылмалылық және Ресей рублінің нығаюы байқалады. Сонымен қатар, мұнай бағасы шамамен бір баррель үшін $70 доллар деңгейінде қалыптасты.
Ішкі факторлар бойынша жылдың алғашқы айларында ұлттық валютаны қолдауға импорттық сатып алудың қысқаруы мен экспорттаушылардың салық төлемдері есебінен валюта ұсынысының ұлғаюы әсер етті. Сонымен бірге, өткен айдың екінші жартысынан бері валюта нарығында сұраныстың артуына байланысты теңгенің айырбастау бағамының маусымдық өзгерісі байқалады. Оған халық арасында демалыс кезеңінің басталуы, бюджеттік бағдарламалар мен мемлекеттік сатып алуды белсенді іске асыруға байланысты заңды тұлғалар жағынан долларға деген сұранысының өсуі негізгі факторы болды. Десе де, бұл өзгерістер қысқа мерзімді және бірқалыпты сипатқа ие.
«Жалпы сыртқы орта қалыпты. Ал ішкі факторлар маусымдық сипатқа ие. Бұл жағдайда айырбастау бағамының айтарлықтай өзгеруі үшін негіз жоқ. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады», — деді Тимур Сүлейменов.
Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 7,4%-ға өсті
ҚР ҰБ Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 7,4%-ке өсіп, маусым айынгың соңында 112,3 млрд доллар болды. Тимур Сүлейменов Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бері 52 млрд долларға дейін яғни 13,5%-ке ұлғайғанын атап өтті. Ұлттық қордың активтері жыл басынан 2,6%-ке ұлғайып, 60,3 млрд долларды құрады.
«Ұлттық қорға түсетін түсімдер жыл басынан 1,8 трлн теңге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі 3,1 трлн теңге болды. Ұлттық қордың 6 айдағы инвестициялық табысы 7,8% немесе 4,7 млрд доллар құрағанын атап өту қажет», — деді Тимур Сүлейменов.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бюджет кірісі жоспардан асып түсті
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы кірістердің орындалу қорытындыларын ұсынды.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің кірісі шамамен 11 трлн теңгені немесе жоспарға 106,4% құрады.Республикалық бюджет 31 млрд теңгеден аса артығымен орындалып, 100,5% атқарылды. Бұл импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кедендік баж және корпоративтік табыс салығы түсімдерінің есебінен қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджеттер де сенімді өсім көрсетті: кірістер 117% немесе 656,6 млрд теңгеге атқарылды. Жоспардың артығымен орындалуы жеке табыс салығы, корпоративтік табыс салығы және әлеуметтік салық есебінен қалыптасты.
Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда кірістердің өсу қарқыны мемлекеттік бюджет бойынша 118,8%, оның ішінде республикалық бюджет бойынша 122% және жергілікті бюджет бойынша 114,3% құрады. Сонымен қатар, салықтық, кедендік әкімшілендірудің арқасында 492 млрд. теңге қосымша түсімдер қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері қосылған құн салығын қайтару көлемі, өткен жылдың деңгейінен 12% артық орындалып, 768 млрд теңгені құрады.
«Бұл жай ғана цифрлардың өсуі емес – бұл экономикаға өтімділіктің нақты ағыны, экспорттаушыларды, өндірушілерді және аграрийлерді қолдау болып саналады. Мұндай серпінге, қосымша құн салығын қайтарудың жеңілдетілуімен және экспорттаушылардың өтінімдерін басымдық бере отырып қараумен қол жеткізілді. 2025 жылы өтемақылар/дың жалпы көлемі, шамамен 2 трлн теңге деңгейінде болжануда», – деді Мәди Тәкиев.
Бюджеттің негізгі шығыстары әлеуметтік блокқа бағытталған
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы шығыстардың орындалу қорытындыларын ұсынды. Министр атап өткендей, мемлекеттік бюджет шығыстары 92%-ға, республикалық бюджет шығыстары 91,5%-ға, жергілікті бюджет шығыстары 96,3%-ға орындалды. Республикалық бюджеттің негізгі шығыстары келесі салаларға бағытталды:
*әлеуметтік блокқа – 4,3 трлн теңге;
*өңірлерді қолдауға – 3,6 трлн теңге;
*нақты секторға – 800 млрд теңге бөлінді.
Барлық негізгі әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалды, соның ішінде:
*зейнетақы мен жәрдемақы – 3,2 трлн. теңге;
*өңірлерге субвенциялар – 2,9 трлн. теңге;
*міндетті медициналық сақтандыру қорына бағытталған нысаналы жарна сомасы – 794 млрд. теңгені құрады.
Жергілікті бюджеттер әлеуметтік сала мен негізгі қызметтердің басымдық бере отырып қаржыландырылды. Жалпы сома 8 трлн. теңгені құрады.
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев елге заңсыз шығарылған активтерді қайтару және осы қаражат есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыс туралы баяндады. Оның деректері бойынша мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен Арнаулы мемлекеттік қорға 434,3 млрд теңге түсті. Бүгінгі таңда осы қаражаттың ішінен 318,1 млрд теңге сомасына 406 әлеуметтік маңызы бар жоба қаржыландырылды, оның ішінде:
*Сумен жабдықтау және су бұру желісінің 230 жобасы;
*162 денсаулық сақтау жобасы;
*Білім беру саласындағы 10 жоба;
*Спорт саласындағы 4 жоба.
Қазақстанның мемлекеттік қарызы белгіленген лимит шегінде қалады
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің деректері бойынша, 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 31,9 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге 21,1%-ды құрап, жыл басынан бері 40 млрд теңгеге ұлғайды. Негізгі өсу факторы – республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру және бұдан бұрын тартылған қарыздарды игеру болып табылады. Бұл ретте, жалпы ішкі өнімнің өсімі қарқынының арқасында, мемлекеттік борыштың жалпы ішкі өнімге қатынасы төмендеуі жалғасуда:
*2020 жылғы 29,2%-дан,
*2024 жылы 23,5%-ға дейін.
Осылайша, 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасында белгіленген жалпы ішкі өнімге 32% көлеміндегі мемлекеттік борыш лимиті сақталып отыр. Бұдан басқа, осы жылдың 24 маусымында Қаржы министрлігі $2,5 млрд сомасына евробондтар орналастырды.
Бұл жиынтық борышты ұлғайтпай, 2015 жылғы сыртқы міндеттемелер бойынша алдағы төлемдерді толығымен қайта қаржыландыруға мүмкіндік берді. Осылайша, сыртқы нарықта квазимемлекеттік сектор субъектілері/нің болашақта қарыз алуы үшін кірістілік бағдары айқындалды.
Қазақстандағы нысандардың 70%-дан астамы бәсекелестік ортаға берілген
Министрдің айтуынша, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор нысандарын бәсекелестік ортаға беру жұмыстары жалғасуда. Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары 638 нысанды қамтыды. Бүгінгі таңда 396 нысан немесе 73% бәсекелес ортаға беріліп, түсімдер 922 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда:
*153 нысан – сатылым алдындағы дайындықта;
*20 нысан – сатылымда;
*69 нысан - тарату үстінде. Сонымен қатар Ұлттық жекешелендіру офисімен бірлесе отырып, Кешенді жоспарға қосу үшін 475 нысан әзірленді.
Қазақстанда 7,9 миллион м2 тұрғын үй пайдалануға берілді
2025 жылдың І жартыжылдықтағы қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 3,3 триллион теңгені құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Оң динамика еліміздің 20 өңірінің 19-ында тіркелген. Басты назар тұрғын үй құрылысына салынып отыр. Биылға жоспар – 19,2 миллион м2 тұрғын үй, оның 7,9 миллионы алғашқы жарты жылдықта пайдалануға беріліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда мұндағы көрсеткіш 6,6%-ға артты. Ең көп өсім Түркістан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында тіркеліп отыр. Министр атап өткендей, жалпы құрылыс саласы 2010 жылдан бері 7% шамасында өсім көрсетіп келеді. Ал соңғы екі жылда нақты көлем индексі тұрақты түрде 115%-дан жоғары болып отыр.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВТІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
«Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тарапынан жүйелі шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. Негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар. Инвестицияларды белсенді түрде тарту түрлі салаларда аса маңызды бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды бастауға ықпал етті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Орталық Азия өңіріндегі тұңғыш суперкомпьютер кластерін іске қосқаны атап өтілді. Оны қолдану кең ауқымды цифрландыру мен ашықтықты арттырып, көптеген экономикалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
Үкімет отырысында Премьер-министр экономика өсімінің оң динамикасын сақтау және оны одан әрі тұрақты дамыту үшін бірқатар тапсырмалар берді. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар мен тікелей шетелдік инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету керектігі атап өтілді. Осыған байланысты өңірлік инвестициялық штабтардың алаңын белсенді пайдалану міндеті қойылды. Жоғары технологиялық өнім шығару саласында экспортқа бағдарланған жобаларға баса назар аудару тапсырылды. Салалық ведомстволарға өңдеуші өнеркәсіп секторын дамуын қамтамасыз ету бойынша міндеттер жүктелді.
«Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуі үшін ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ете отырып, отандық кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттыру керек. Мүдделі мемлекеттік органдар өңдеуге арналған шикізатты әкелу мәселелерін жан-жақты пысықтауға тиіс. Сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда тиісті инженерлік, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын құру жұмыстарын жеделдету қажет. Осы бағытта халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын неғұрлым белсенді тарту керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының жолдарды қайта реконструкциялау және өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру 2028 жылға қарай жүк тасымалын екі есеге арттырады. Үкіметте еліміздің 2025 жылғы қаңтар-маусымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылау кезінде ондағы транзиттік-көлік саласының зор үлесі аталып өтті.
«Еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай резервтер бар. Осы ретте көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру шараларын жеделдетуді тапсырамын. Оның ішінде алдағы жылдары 3 мың шақырымнан астам автокөлік жолын күрделі жөндеу, өткізу бекеттерін жаңғырту, Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізі аясында жаңа жобаларды іске асыру, халықаралық авиахабтар құру жұмыстары басты назарда болуға тиіс. Бұл шаралар 2028 жылға қарай әуе көлігімен жүктерді тасымалдау көлемін, сондай-ақ 2027 жылға қарай теміржол транзитін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса егін орағы мен жылыту маусымына дер кезінде дайындалу үшін ішкі тасымал көлемін ұлғайту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысы кезінде.
Олжас Бектенов газ өңдеу зауыттарының құрылысын жеделдетуді және Теңіз кен орнындағы негізгі мұнай-газ жобаларын аяқтауды тапсырды.
«Мұнай-газ саласында Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасын және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын толық іске қосуды аяқтау қажет. Сонымен қатар газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын іске асыруды жеделдетуді тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет отырысы барысында Премьер-министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен әкімдіктер жұмысының маңызды басымдығы болып саналады. Өңірлер ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету және делдалдық схемаларды анықтау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Бұл орайда тұрақтандыру қорлары, форвардтық келісімдер, субсидиялау және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты тиімді құралдар бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту керек. Барлық бағыттар мен салалар бойынша кең ауқымды шараларды жүзеге асыру тұрақты экономикалық өсімнің берік негізі болып саналады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Abai.kz